
Суретті түсірген Юрий Ким
Жалпы, еңбек өтілі екі ғасырдан асатын дәрігерлер әулеті Умаровтар, азаматтық қорғау органының өкілдері Ақсақаловтар және ұстаздар отбасы Аришевтер де мерекелік іс-шарада белсенділік танытты.
«Әкеміз салған жолды біз де таңдағанбыз. Бүгінде денсаулық сақтау саласында әлі күнге жемісті еңбек атқарып жүрміз. Інілерім, сіңілілерім де ақхалатты абзал жандар. Саладағы тәжірибем отыз жылдан асты. Әрине кез келген отбасы бақытты болуы үшін ең алдымен денсаулық мықты болуы қажет. Сондықтан Отанымыздағы әрбір отбасына денсаулық тілеймін», дейді жоғары санатты дәрігер, кардиолог Гаухар Умарова.
Бұл күні «Отбасы ағашы» республикалық акциясы аясында орталық саябаққа тал-дарақ отырғызылды.
Іс-шараға белсене қатысқан «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы, жетімдер үйінен 16 ұл-қызды асырап алып, бауырына басқан Сапура Ержанқызы жас отбасыларға ізгі тілегін арнады.
Мерекелік іс-шара спорттық жарыспен жалғасын тапты. Сондай-ақ бүлдіршіндер өз отбасыларының суретін салып, топқа түсті. Оларға 500-ден аса тегін балмұздақ үлестірілді. Салтанатты іс-шара соңы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
«Отбасы – біз үшін қай кезде де ең қастерлі ұғым. Бүгін жарым Мадина Шакирова екеуміз айтулы датаны алғаш рет мерекелеп отырмыз. Жас отбасылар үшін ұйымдастырылған интеллектуалды ойындарға белсенді түрде қатыстық. Ойын барысында отбасы құндылықтарына қатысты қызықты сауалдар мен тапсырмалар берілді. Үлкендердің батасын алып, марқайып қалдық. Құдай бізді солардың жасына жеткізсін», дейді жас шаңырақтың иесі Нұрмұхаммед Сейітов.
Жамбыл облысы