Инфрақұрылым • 13 Мамыр, 2023

Қала құрылысы кодексі әзірленеді

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Арнайы комиссия отырысында құрылыс кодексіне қатысты құжаттар қаралды. Жаңа заң жобасы құрылыс саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала құрылысы кодексі әзірленеді

Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Қала құрылысы кодексі әзірленіп жатқаны белгілі. Осы ретте құрылыс саласы ұлттық экономиканың жүйе құраушы секторы саналатынын атап өткен жөн. Қазір Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметі 2,5 мыңнан астам құжатпен реттеліп келеді.

«Бүгінде сәулет, қала құрылысы және тұтастай құрылыс саласы көптеген заңнамалық және заңға тәуелді актімен жұмыс істеп жатқаны мәлім. Бұл орайда жоғарыда аталған кодексті қабылдау арқылы құрылыс бағытындағы көкейкесті мәселелер шешіліп, орнықты заңның күшімен саланы тұрақты дамытуға жол ашылады», деді А.Идырысов.

Сонымен қатар жекелеген мәселелер азаматтық, экологиялық, орман, су және жер қатынастары туралы заң нормаларымен реттелетінін айта кетейік.

«Жерді оңтайлы пайдаланудан бөлек қала құрылысы қызметін құқықтық тұрғыда реттеудің маңызды аспектісі кешенді және тиімді аумақтық жоспарлау, түрлі шектеулер мен әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал ету саналады. Неге десеңіз, ол тұрғын үй құрылысының бағасына да әсер етеді. Осыған байланысты қалалық құрылыстың процесін құқықтық реттеудің тың тәсілдері мен тетіктері қажет», деді вице-министр.

Сондай-ақ осы кодексті қабылдау арқылы сәулет, қала құрылысы және тұтастай құрылыс саласын үдемелі дамытып, оны сапалы жаңа деңгейге шығару үшін түйінді маңызды мәселелердің шешімін тауып, аталған саланы жолға қою көзделіп отыр.