
Бірер күн бұрын пайдалануға берілген ойын алаңқайы орталықтағы көше балаларының игілігіне айналды. Мұндай нысандар облыс орталығында алдағы уақытта да толассыз салына бермек. Өйткені игі іске жанашыр демеушілер жеткілікті.
«Балалардың қуанышын көргеннен асқан бақыт жоқ шығар. «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балаларымызға арнап, спорттық және ойын алаңқайын тарту етіп отыр. Бұл біздің сүйікті қаламыздың кішкентай тұрғындары үшін үлкен сый болды. Қала әкімдігінің ұсынысына қолдау білдіріп, алғаш болып іске кіріскен «Таразстрой-2004» ЖШС басшыларына мың алғыс. Осы орайда қаламыздағы ірі кәсіпкерлер, атымтай жомарт азаматтар «Таразстрой-2004» серіктестігінен үлгі алып, шаһар тұрғындарының игілігіне жарайтын нысандар салса деген тілек бар», дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Жаңадан пайдалануға берілген алаңқайда шағын атракциондар, әткеншектер бар. Сондай-ақ балалардың жарақат алмауы үшін арнайы жұмсақ материал төселген. Қысқасы бүлдіршіндердің алаңсыз ойнауы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған.
«Қазақ халқы «Уәде – Құдай сөзі» дегенді текке айтпаған ғой. Біз өз міндетімізге алған балаларға арналған ойын алаңқайын межеленген уақытта тапсырып отырмыз. Ең бастысы сөзімізде тұрдық», дейді «Таразстрой-2004» ЖШС басшысының орынбасары Мәди Изенбаев.
Тараз