
Рухани іс-шара Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қаһармандар есімін насихаттау, жас ұрпаққа бейбітшіліктің қадірін түсіндіру, оларды адамгершілікке, Отанын сүюге, патриотизмге тәрбиелеуді мақсат тұтты. Зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқырмандары қатысқан патриоттар кеші «Қаламгердің шоқтығы биік шығармалары» кітап көрмесімен басталды. Көрме соғыс ардагері, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына арналды.
Кітап көрмесінде оқырман назарына көрнекті қаламгердің кітаптары және кітапхана қорына биыл түскен 5 томдық және 2 томдық шығармалар жинағы ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері жиналғандарға Кемел Тоқаевтың еңбек жолына, соның ішінде Жамбыл облысында атқарған қызметіне, сұрапыл соғыс жылдарындағы өміріне, қазақ баспасөз саласындағы жемісті жұмысына, әдебиет көкжиегін кеңейткен шығармашылық шартарабына кеңінен тоқталып, көрменің бір ай бойы оқырман назарына ұсынылатынын айтты. Сонымен қатар мұндай кітап көрмелері көрнекті жазушы қызмет еткен Шымкенттегі Әл-Фараби кітапханасында, Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада және Жетісу облысындағы С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында өтіп жатқандығын жеткізді.
Патриоттар кешінде сөз алған зиялы қауым өкілдері ғасырлар қойнауынан бастау алатын ұлттық болмыс, қанға сіңген батылдық пен батырлық, тылдағы жанқиярлық қажыр-қайрат Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жеңіс туын желбіретуге септігін тигізгендігін атап өтсе, жас өрендер бейбітшіліктің ақ таңын, тәуелсіздіктің тәу етер қадірін жырға қосты.
Кітапханада өткен патриоттар кеші әр оқырманға ой тастаған игілікті іс-шара ретінде ұзақ есте қалатыны анық.
Жамбыл облысы