Қоғам • 08 Мамыр, 2023

Майданнан келген хаттар

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқырман назарына майданнан келген хаттар легін ұсынамыз.

Майданнан келген хаттар

Амандық хат

Құрметті жақсы көретін бапа! Дәуіттен сағынышты сәлем! Қалай, аман-сау жүрсіз бе? Үй іші тегіс аман ба? Сақып, Клара, Күлшира, Рахметолла аман ба? Тәтеме хат жазғанмын, алған шығар. Үй іші аман ба? Тәтем ауру-сырқаудан аман ба? Апам аман ба? Зейке, Ғалия, Мара, Бақыт аман ба? Бекқожа, Дүйсен, Марғуаш, Қабыкен, Мажи үйлері аман ба? Ал, бапа, мені сұраған үлкен-кішіге тегіс сәлем айт. Ал менен амандық сұрасаңыз: Қамзе, Әліппен біргеміз. Тура «тойға» аттандық. Үйге әдейі хат жазғанмын Қорғаннан. Мына хатты 19 мамырда Свердловтан жазып отырмын. Жауды жермен-жексен етіп қайтамыз деген талаппен келеміз. Ал, бапатайым, Еркін, Кәмәш далада қалмасын. Реті келсе Зұлқизаны көшіріп алыңдар. Еркінге хат жазғам жоқ. Амандықты Зейкеге толық түсіндіріп жазармын. Сұраған жанға менен сәлем айт. Аман көрісуге жазсын! Зейке, тәтем мен апамды ренжітпе, тәтемді ая. Мені ойлап жүрмесін. Көппен, халықпен көрген «ұлы тойға» кеттім, тегіс сәлем айт. Қош бол!

Жазған – Дәуіт. 19 мамыр, 1942 жыл. Свердловск қаласынан. Орныққан жерде тағы жазамын...

...Анажан, мені ойлап болма алаң,
Жан тірі, ден сау боп жүрсем егер аман,
Амандық жайды айтып хатқа салам.
Ел-жұртым, жазған хатым сағынған соң,
Мойынға қару-жарақ тағынған соң,
Ұшарға қанатым жоқ, не қылайын?
Армия темір тәртіп бағынған соң.
...Риза боп, ақ сүтіңе апатайым,
Қиын іс, жұмыс емес, қарапайым.
Ел-жұртым осы халде, дуада бол,
Сүрініп аяқ кетсе, жазатайым...

Мүсіркеп Жүнісов. 1943 жыл.

Майданнан хат

Мария!
Бүгінгі айлы жарық түн, жымың қағып, әсерін аймаққа шашып тұр. Мұндай түндер майдан өмірінде сирек кездесетін түн. Бұндай әсемді, қоңыр желді түнде дүниенің бәрі де өзінің қалпынан анағұрлым әсем көрінеді. Ал өзіңді күндегіден өзгеріп кеткендей сезінесің, ұйқың келмейді. Я жеңіс күндерінің біртіндеп таянып келе жатқаны ма, болмаса ойыңа өмірдің қызығына қолым қашан жетеді деген ызың-ызың ойлардың түйдектеліп келіп жатқаны ма, әйтеуір ұйқым келетін емес.

Міне, мен осы жағдайдың үстінде отырмын, ұйқының келуін осы кішкене хатты саған жазумен тоспақшымын.

Әрине, бұл өмір сүрудің хаты, жастарды өз мақсаттарына жеткізудің хаты. Біздер сияқтылардың ой-ұйқысын бөлетін хат.

Ал, Марияш! Мен ұйықтадым. Бұл ұйқы мен үшін өте тәтті және бағалы, өйткені оның алдында осы хатты саған жаздым. Қазір де мен өзіңмен бірге отырғандаймын. Осының бейнесін тіршілік болса өзіңмен бір күні толық суреттермін.

Үй-ішіңе сәлем жолда! Хат жазып тұр.

Біз әлі өмірден алатын еншімізді алған жоқпыз. Оны алатын күн алда жатыр. Осыны есіңе сақта.

Сыздықбеков А.
5 шілде 1944 жыл