Үкімет • 01 Мамыр, 2023

Мемлекеттік басқару: Жаңа мәдениет қалыптасты ма?

379 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттік басқару академиясының базасында «Ашық Үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосу барысында отандық және шетелдік сарапшылар мемлекеттік басқару саласындағы жаңа тәсілдерді сөз қылып, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы диалогті нығайту мәселелерін талқылады.

Мемлекеттік басқару:  Жаңа мәдениет қалыптасты ма?

Екі күнге созылған конференцияда спикерлер өз елдерінің тәжірибелерін ортаға салды. Пле­нарлық мәжілісте сөз ал­ған Сенат төрағасы Мәулен Әшім­баев орталық пен өңірлер арасында басталған мемлекеттік қы­зметшілерді жүйелі ротациялау сөз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асырылуға тиіс екенін айтты.

– Бүгінде көптеген жас азамат жауапты қызметтерге тағайын­далып жатыр. Бұл – дұрыс. Мұндай саясатты толығымен қолдаймын. Алайда қазіргі таңда орталық мем­лекеттік органдарда негізгі пози­цияларда жұмыс істейтін ма­мандардың көбінде аймақтарда жинаған тәжірибесі жоқ екені де жасырын емес. Сондықтан орталық пен өңірлер арасында мемлекеттік қызметшілерді жүйелі ротациялауды қамтамасыз етудің маңызы зор. Биыл наурыз айында Парламент «Мемлекеттік қызмет туралы» заң аясында қызметкерлерді ротациялау туралы норманы қабылдады. Бұл аталған үде­рісті күшейтудің құқықтық және басқа да экономикалық негі­зін қалыптастырды. Енді ротация сөз жүзінде қалып қоймай, нақ­ты іске асырылуға тиіс. Мұн­дай қадам қызметкерлерді негізгі пози­цияларға жылжыту кезінде нор­маға айналуы керек. Қажет болған жағдайда Сенат осы бағыттағы тиіс­ті заңнамаға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін бірлесіп талқылауға дайын, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы мемлекеттік қызметшілердің құ­қық­тық тұрғыда әлсіз қорғал­ға­нын айтты. Осының салдарынан олар жауапкершілікті өз мойнына алудан және шешім қа­был­­даудан қорқады. Ал Пре­зи­­денттің бастамасымен қолға алын­ған әлеуметтік-экономикалық рефор­маларды тиімді іске асыру үшін жауапкершілікке дайын бастамашыл басқарушылар қа­жет. Сондықтан Палата спикері қа­зіргі заманғы технологияларды белсенді пайдалана отырып, жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерді даярлауға баса мән беріліп жатқанын айтты.

– Елімізге білімді, білікті, бойына дұрыс құндылықтарды сіңірген басқарушылардың жаңа буыны қажет. Қазір мемлекеттік органдар үшін аналитиктер даярлау ісі де маңызды міндет болып саналады. Көптеген құрылымда сапалы талдау жасай алатын білікті мамандар жеткіліксіз. Былтыр біз Сенат жанынан «Талдау мектебін» құрдық. Мектеп аясында мамандардың екі тобын даярлап шығардық. Әр кезеңде екі ай бойы тәжірибелі қазақстандық және шетелдік аналитиктер, сарапшылар дәріс оқыды. Іріктеуден өткен жас тыңдаушыларға арнап тәжірибелік сабақтар ұйымдастырды. Осы жобаны іске асыру кезінде аналитиктерге сұраныстың жоғары екенін көріп, таңғалдық. Сол себепті, мемлекеттік басқару жүйесі үшін талдау дағдыларын меңгерген білікті мамандар даярлау жұмысын жүйелеудің маңызы зор. Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, басқа да құрылымдармен, шетелдік мамандармен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жа­зықбаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар ашық­тық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетін қалып­тастыруды көздейтінін атап өтті.

– Жаңа басқару мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсат – мемлекет пен қоғам қатынасын үйлестіруде бюрократияға жол бермейтін бас­қарудың проактивті, сервистік және азаматтардың сұраныстарына ден қоя алатын үлгісіне көшу. Сонда ғана біз шын мәніндегі жаңа басқару мәдениетіне көшіп, ашық Үкіметті қалыптастырамыз, – деді МҚІА басшысы.

Дархан Жазықбаевтың айтуынша, жаңа басқару мәдениетіне сай, еліміздегі реформалар, бағ­дар­ла­малық құжаттар мен ұлттық жо­балардың тиімділігі олардың ха­лық­тың әл-ауқаты мен өмір сүру са­па­сына тигізген оң әсерімен өл­шенуі керек.

Мемлекеттік бас­қару академия­сының ректоры Ер­лан Әбіл басқа елдің тәжі­ри­бесін толықтай өзімізге қол­дану – қате түсінік деген пікір­де. «Қазақстанның жинаған өз тәжі­рибесі бар. Өзіміз­дің мәдение­т­імізге, құндылық­тарымызға сай бас­қару моделін бейімдеу – күн тәртібіндегі мәселе», деді ака­демия ректоры.

Дегенмен елдегі мемлекеттік басқару саласында жемқорлықтың жолын кесу мәселесі өзекті болып тұрғаны белгілі, осы орайда мамандар Қазақстанға Словения елінің қолға алған ісі бізге көмегін тигізетініне сенімді.

– Біз жемқорлықты алдын алу үшін Словенияда енгізілген платформаны Қазақстанда іс жүзінде қолданып көруді ұсынып отырмыз. 17 мамырда Словения елінің жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің төрағасы елімізге келеді. Ол бізге бұл жүйенің қыр-сырын айтып, жүйесімен бөліспек. Менің білуімше бұл бірегей плат­фор­ма, оған кіріп қандай мем­лекеттік органның қандай мекеме, тұлғаларды қаржыландырып жатқанын білуге болады, – деді Мемлекеттік қызметтің Астаналық хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов.

Ал Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг экономика тұрғысынан экология мәселесін қалай шешуге болатынын айтты. Оның айтуын­ша, Қазақстан да әлем елдері се­кілді климаттың өзгеруінен зар­дап шегіп отырған елдердің қата­рында. Бұл мәселені шешу үшін нарықтық экономикадан тұрақты экономикаға ауысу қажет дейді шетел ғалымы.

Қолданыстағы қосымшалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қаржы шығармай-ақ мемлекеттік қызмет сапасын, мемлекеттік бас­қарудың тиімділігін арттыруға болады. Осы орайда «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов бірнеше ұсыныс жасады.

– Мемлекеттік қызмет көр­сету саласындағы мәселелерді ше­шу үшін бюджеттен қыруар қар­жы бөлмей, нарықта бар қосым­шаларды қолдауды ұсынамын. Яғни, қолданыстағы дүниелерді мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу және мемлекеттің тиім­ділігін арттыру үшін пайдалану керек еке­нін айттым. Мысалы, 2gis қосымшасын 9 млн адам қол­данады, пікірлерін сонда жазады. Бірақ  мемлекеттік мекемелер онда жазылған пікірлерге жауап бермейді, ал жекеменшік компаниялар оны тиімді пайдаланып, қызмет көрсету сапасын арттырып отыр. Осы орайда мемлекеттік сатып алудың сапасын бақылау үшін бюджет қаржысына салынған мемлекеттік үйлерге, мектептерге, ауруханаларға қанша ақша бөлінді, жол сапасы қандай, оған қанша ақша бөлінді деген ақпаратты сол қосымша арқылы көрсетуге болады. Осылайша, ха­лықтан кері байланыс алуға болады. Мемлекет нарыққа жаңаша көзқараспен қарауға тиіс, – деді Дидар Смағұлов.

Айта кетейік, іс-шараға Сенат төрағасымен бірге Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұ­рақ­ты үйлестірушісі Микаэла Фри­берг-Стори, экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг және басқа да отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, мемле­кет­тік орган­дардың, бизнес-құры­лым­дар мен азаматтық қоғам инс­титуттарының өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024