Спорт • 30 Сәуір, 2023

Парадзюдодан Қазақстан құрамасы Азия чемпионы атанды

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парадзюдодан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының командалық жарысында топ жарды, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан парадзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парадзюдодан Қазақстан құрамасы Азия чемпионы атанды

Әйелдер құрамасында Әлфия Тілекқабыл (J1 -57 кг), Даяна Федосова (J2-70 кг), Зәуре Айтек (J1 +70 кг), Ақмарал Науатбек (J2 -70 кг) және Динара Құжұлова (J2+70 кг) татамиге шықты.

Қазақстан әйелдер құрамасы финалда Өзбекстан командасын 2:3 есебімен жеңді. Әлфия Тілекқабыл, Ақмарал Науатбек және Динара Құжұлова құрамаға жеңіс әкелді.

Өзбекстан құрамасы екінші орынға ие болса, Үндістан спортшылары үздік үштікті қорытындылады.

Командалық сында Қазақстан ерлер құрамасында Ерғали Шамей (J1-73 кг), Жанбота Аманжол (J2-90 кг), Ерлан Өтепов (J1+90 кг), Олжас Оразалыұлы (J2-73 кг), Абылай Әділбеков (J1-90 кг), және Ерлан Конкиев (J2 +90 кг) ел намысын қорғады.

Қазақстан үшін командалық жарыстағы шешуші белдесу Өзбекстан құрамасына қарсы өтті. Парадзюдо бойынша әлемде мықты ел болып саналатын Өзбекстанды қазақстандық спортшылар 4:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Осы кездесуде ең тартысты белдесу Олжас Оразалы мен Токио Паралимпиадасының чемпионы Феруз Саидов арасында өтті.

Белдесу басында Феруз Саидов бірінші вазари ұпайын еншілеген. Десе де, негізгі уақытта отандасымыз Олжас тиімді әдіс қолданып, есепті теңестіріп үлгерді. Қос балуанның күресі қосымша уақытқа (голден скор) дейін жалғасты. Қосымша уақытта Олжас Оразалыұлының Феруз Саидовқа қолданған әдісі нәтижелі шығып, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.

Феруз Саидов Токиода өткен Паралимпиада ойындарының финалында отандасымыз Дәулет Теміржанды ұтқан болатын. Бүгін Азия чемпионатында Олжас командаласы Дәулеттің есесін қайтарып үлгерді.

Осы кездесуде Ерғали Шамей, Жанбота Аманжол, Ерлан Өтепов те өз кезегінде қарсыластарынан басым түсті. Жарыс айналмалы жүйеде өткендіктен ел құрамасы Өзбекстаннан кейін Моңғолия командасымен кездесіп, Азия чемпионатының командалық жарысында жеңімпаз атанды.

Азия чемпионатының командалық жарысына ерлер арасында бес құрама қатысты. Айналмалы жүйе бойынша барлық команда бір-бірімен өзара күресіп шығады. Жеңімпаз командалардың жеңіс санына қарай анықталады. Өз кезегінде, Қазақстан Тайланд, Тайпей және Индонезия спортшыларынан құралған IBSA, Үндістан, Өзбекстан және Моңғолия құрамаларын ұтты.

Өзбекстан құрамасы екінші орынға ие болса, Моңғолия мен Үндістан спортшылары үздік үштікті қорытындылады.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының жекелей жарысында төрт алтын, төрт күміс және алты қола жүлде жеңіп алған болатын.

Азия чемпионаты Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Құрлықтық біріншілікке барлығы 11 ел қатысты.