Үміт • 07 Сәуір, 2023

Тал шыбықтан – ну орманға

153 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орман – елдің байлығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бес жыл ішінде орман қорын еселеп ­молайту туралы тапсырмасы бар. Өңір 2021-2022 жылдары 2 млрд-тан аса ағаш көшетін отырғызуға тиісті. Қазіргі күні «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында толымды жұмыс атқарылып жатыр.

Тал шыбықтан – ну орманға

Әуелі күні бүгінге дейін қолға алынған қыруар шаруаны тілге тиек ететін болсақ, бұл тараптағы ілкімді істің жайы оқырманға біршама белгілі болмақ. 2021 жыл­дың көктемінде өңірдегі табиғи ресурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасына қатысты орман шаруашылығы ме­ке­мелері жоспарлаған 970 гектар алқапты еселей кеңейтіп, 1 370 гектар жерге көшет отырғызды. 2022 жылы орман шаруашылығы мекемелері 1 280 гектарға көшет отырғызуды межелесе, бұл жос­пар 222,3 пайызға асыра орындалды. Сәл таратып айтатын бол­сақ, Көкшенің жері көк орманға сыңсып тұруы үшін 17,2 млн дана көшет отырғызылыпты. Сулы-нулы Көкшетау мен кең көсіл­ген Қорғалжынның арасындағы са­йын дала ит тұмсығы өтпейтін қалың орманымен әйгілі. Көкше сілемдерінен басталатын орман-тоғай Бұландының бауырынан киізше тұтасып, Астанаға дейін көз сүйсіндіреді. Өтпелі кезеңде әлденеше мәрте өрт шалды. Тегін байлыққа қызыққандар да аз болмады. Осы бір уақытта орман қо­рының ойсырай зиян шеккені де жасырын емес. Бүгінгі таңда ел игілігін әуел бастағы қалпына келтіру, орман қорын мейлін­ше молайту бағытында ілкімді істер сәтімен сабақталып жатыр. Алдағы жоспар да ауқымды. Мәселен, 2023 жылы 1 950 гек­тар алқапқа 11,5 млн дана кө­шет отырғызу жоспарланып отыр. Жыл сайын мемлекеттік ор­ман қоры аумағында орман ша­руашылықтары болашақ үшін атқарылатын байыпты жұмысты үдете түсуде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерек келтіре кетелік. 2009 жылдан бері өңірде 20 мың гектардан аса алқапқа көшет отыр­ғызылыпты. Жап-жақсы қа­дам емес пе? Нәтижесі де көзге көрі­ніп тұр. Бүгінде Щучье – ­Астана тасжолының қос қапталында жа­­сыл желек көз қуантып, кө­ңіл жа­дыратып, жайқалып өсіп ке­леді. Көңіл таразысына сал­са­ңыз, оңтайлы шаруаның оңы­нан са­бақталуы да оңай-оспақ іс бол­маған. Алғашқы бетте көшет­тер­дің кейбір түрлерінің таулы-тас­ты өңірдің топырағын жерсінбей қурап қалғандары да болды. Осы орайда ғалымдардың тынымсыз зерттеуі өз септігін тигізді. Қазіргі күні тасжолдың бойындағы 2,6 мың гектар алқапта саналуан ағаш күнді бойлай өсіп, жайқалып тұр.

Бар шаруаны ой елегінен өт­кізіп сараптасаңыз, орман ша­руа­­шылығының оңды ісі өріс­теуі 2021 жылдан бастап молая түс­кен екен. Осы уақыттан бе­рі шаруа­шылықтар 7 тұқым кеп­тіргіште жиналған 442 тонна тұ­қымды өңдеп, 4 220 кг қарағай тұ­қымы алынды. Орманның жағ­дайын көп-көрім жақсарту мақ­сатында 748 дана құс ұяларын орнатты. Бұл жұмыс жасыл желек­тің арасында құстардың күрт кө­беюіне септігін тигізді. Қазір жадыраған жаз айларында жол бойындағы әсірелеп айтқанда, ит тұмсығы өтпейтін сыңсыған орман сілемдерін ара­лаған адамдар жанға жайлы құс базарының ішіне еніп кеткендей болады. Жіліктің майындай таза ауа, дала оркестрінің мың сан үні­мен әрленген күйін тыңдаған халықтың игілігіне айналуда.

Орманшылар көктемгі дала жұмыстары үшін бүршік дайын­дау жұмыстарын да ширата түсуде. Жасыл орманның көлемі артып, көбеюіне тұқымбақтардың тигі­зер септігі аз емес. Осы жылы орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты 11 тұқымбақ жұмыс істеп тұр. Оның үшеуі – материал­­дық-техникалық базасы жетілді­ріл­ген, барша шаруасы талапқа сай тұқымбақтар. Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды тұқымбақтары­на қоса, уақытша жұмыс істейтін 8 тұқымбақтың игілігі орман кө­лемін көбейтуге бағытталып жатыр. Бұл тұқымбақтарда жыл са­йын қылқан жапырақты және жа­пырақты ағаштардың көшеттері бапталады. Жұмыс ауқымы да айта қаларлықтай. Тұтастай алғанда 10 млн данадан аса екі жылдық және бір жылдық көшеттер өсіріле­ді екен. Алдағы уақытта көшет­пен қамтамасыз ету тарапында алға ұмтылудың алғышартта­ры айқын байқалады. Мәселен, уақытша тұқымбақтардың кө­шет отырғызатын жалпы ауқымын ­20 гектарға көбейту көзделіп отыр. Осы шаруаға қоса Барап және Ерейментау орман шаруашылығы мекемелерінде тағы да қосымша екі тұқымбақ ұйымдастыру қолға алынып жатыр. Бұл мекемелердің жалпы аумағы 2,2 гектар болады деген топшылау бар.

Көрікті Көкше топырағын кө­герте жайқалтып, орман көле­мін кеңейту бағытында оңтайлы шаруа атқарып жатқан орман ша­руашылықтары қат-қабат қыруар жұмыс барысында үнемдеу, күш­ті есеппен жұмсау бағытында да тиімділікті ұтымды пайдала­нып жатыр. Мәселен, 2015 жылы Ақкөл орман шаруашылығы меке­ме­сінде көшеттерді тамшылатып суару жүйесі қолға алынды. Міне, осы тосын тәжірибе жүзеге асқан кезде бұрынғы жұмсалған судың көлемін 70 пайызға үнем­деуге болатыны белгілі болды. Жақсы әдіс жалғасын тауып, өзге шаруашылықтарға да та­ратылуда. Мәселен, Кіші Түк­ті орман шаруашылығы меке­ме­­сінде көшеттерді суару желі­сіне үнемдеу әдісі енгізіліп, жел сорғысы орнатылды. Марал­ды орман шаруашылығы меке­месін­дегі тұқымбақтың жұмысы қай­­та жаңғыртылды. Өзге де тұқым­бақ­тарда егіс көлемін мейлінше кеңейтіп, көшеттерді көбірек өсіру үшін қыс мезгілінде де жылы­жайларда тамшылата суару және жылыту арқылы кө­шеттерді кө­бей­те түспек. Ор­ман­шылар қауы­мы 2024-2025 жылдарға арнал­ған жоспарды екшей келе, алға қой­­ған асқа­ралы міндет үдесінен шығу үшін бүгінгі таңдағы тұқым­­бақ­тардың мүмкіндігі жеткілік­сіз деп есептейді. Өндірістік қажет­тілікке орай, жалпы ауданы 86 гек­тарды құрайтын екі жаңа тұ­рақ­ты тұқымбақ салудың жоба­лық-сметалық құжаттамасын әзір­леген, оның 61 гектары Зеренді ауданындағы Бұқпа, 25 гектары Атбасар ауданындағы Марал­ды орман шаруашылықтарында орналаспақ. Жобаның жалпы құны 60 млн теңге шамасында.

Көшет түрлерін көбейту де назарда. 2013 жылдан бастап Ресейдің Түмен облысындағы «Ахмечет» тұқымбағынан тез өсетін әрі сәндік сипаты басым тұқым түрлері алына бастады. Бұл тұқым одан әрі жетілдіріп көбейтілмек. Жалпы, Көкше ор­манының санатына кіріп, санын ғана көбейту емес, сапасын арттыру бағытында да маңызды мә­селелер бар. Осындай мақсатты жүзеге асыру үшін қазіргі күні өрік, бөрі қарақаты, тікенді көк шырша, сібір шыршасы, арша, гибридті шие тәрізді жүзге жуық көшет отырғызу қолға алынып жатыр.

Биыл 120 мың данадан аса ағаш-бұта көшеттері отыр­ғы­­зылды. Сән­дік және жеміс ағаш­­тары сатылып алынып жатыр. Бірақ қол жеткен биікке тоқ­мейілсуге болмас. Ел игілігін мо­лайту үшін алға ұмтылу – па­рыз. Егер облыс аумағында ор­ман­ның небәрі 4,6 пайыз ғана екенін ескерсек, бұл тарапта әлі де кезегін күтіп тұрған жұмыс бар. Жыл сайын тұқым жинайтын алаңдарды кеңейтіп, қоқыстан тазартып, елді мекендердің айналасын жасыл аймаққа айналдыру – қолдан келетін іс. Өрттен қорғау, тегін байлыққа қызығатындар­дың жолын кесу, әрқилы аурулар­дың алдын алу – міндет. Осы шараларды толайым іске асыру мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген ғажайып өлкенің көрген жанның көзін сүйсінтер сұлу кейпі өзгеше өңімен сарабдал салтанатқа бөле­ніп тұруға мүмкіндік берер еді.

 

Ақмола облысы