Аймақтар • 05 Сәуір, 2023

Мәслихат депутаты Әли Думанайұлы: «Әнұран әр мектепте шырқалса деймін»

346 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлан ауданының мәслихат депутаты Әли Думанайұлы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен жүрген кезде Р. Мәрсеков мектебінің ұстаздары музыкалық аппаратураның қажет екенін айтқан еді.

Мәслихат депутаты Әли Думанайұлы: «Әнұран әр мектепте шырқалса деймін»

Мерекелік шаралардың музыкалық аппаратурасыз әрі кірмейтінін түсінген жас кәсіпкер, сол тұстағы депутаттыққа үміткер мәселені жуық арада шешіп беретінін уәде еткен. «Уәде – құдай аты». Алайда Әли Думанайұлы мектеп басшылығына әр күні сабақ басталар алдында Әнұран шырқалса деген ұсыныс айтқан. Айтылғандай, екі жақты келісім орындалды. Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентіндегі Р. Мәрсеков атындағы орта мектепке музыкалық аппаратура тарту етіліп, оқушылар сабақ басталар алдында Әнұранды шырқады.

– Адам баласы күнін қалай бастаса, солай өтетін сияқты көрінеді. Мәселен, таңертең бір әнді естіп қалсаңыз, күні бойы сөздері санаңызда жүреді. Сол секілді Әнұрандағы рухты сөздер баланың ойында жүреді. Бұл да патриоттық тәрбиенің бір тетігі. Менің ойымша, әр мектепте күнделікті таңертең, екінші ауысымда оқитындар түсте Әнұранды шырқаса, Отанға деген сүйіспеншілік нығая түседі. Осыны білім министрлігі тарапынан мектеп тәртібіне бекітіп қойса дұрыс болар еді, – дейді Ұлан аудандық мәслихатының депутаты Әли Думанайұлы.

Айта кетерлігі, бұл күні Р. Мәрсеков мектебінің оқушылары Әнұранды жанды дауыста, өздері шырқады. Рухты, айбарлы естілді.