Сенат • 16 Наурыз, 2023

Ұлттық қордың қаржысы азайып жатыр

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы 5 жылда бюджет кірісі трансферттерді есептемегенде шамамен 66 пайызға өскен. Алайда, осы уақыт аралығында шығындар 120 пайызға ұлғайған. Сенат Төрағасы республикалық бюджетті қарау кезінде осы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық қордың қаржысы азайып жатыр

Мәулен Әшімбаев аталған проблеманы шешу үшін министрлерді қаржы тәртібін сақтауға және қаражатты үнемдеуге шақырды.

«Бізде кірістерге қарағанда шығыстардың екі есе ұлғайғаны байқалып отыр. Бұл ретте Үкімет ол ақшаны Ұлттық қордан немесе бюджет тапшылығын арттыру арқылы алатыны түсінікті. Әлде салық базасын ұлғайту керек пе? Осыған байланысты бәріміз қаржы тәртібін сақтап, Ұлттық қор қаржысын тек стратегиялық мақсаттарға жұмсауымыз қажет. Сондай-ақ бізге Ұлттық қордың активтерін ұлғайтудың нақты стратегиясы керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Ұлттық қордың базалық инфрақұрылымдық және басқа да стратегиялық шығыстарды қаржыландыруын қолдайтынын, сонымен бірге Мемлекет басшысының Ұлттық қорды 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау қажеттігін атап өтті.

«Ұлттық қордың қаржысы азайып келеді. Соңғы 8 жылда Қордың қаражаты 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеген. Ал біздің алдымызда оны 100 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Сондықтан Ұлттық қордың активтерін ұлғайту қажет. Соған байланысты одан түсетін табыс балаларға көбірек бағытталады», деді Мәулен Әшімбаев.