Облыстық штабтың мәліметінше, бір тәулікте Қобда ауданының Қобда ауылында 51 үй, Дене-шынықтыру сауықтыру орталығы, кафе және техникалық қызмет көрсету орталығын су басты. Зардап шеккендер жоқ. 91 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Апаттық-құтқару жұмыстарына 128 адам, 37 бірлік техника, 9 бірлік су сорғылау құралдары жұмылдырылды. Материалдық құндылықтарды эвакуациялау, инертті материалдарды тасымалдау, үйлердің маңына инертті материал және қапшықтарды төсеу бойынша шаралар қабылданды. Жергілікті уақытпен сағат 20:45-те Қобда ауданының әкімі Б.Құловтың 14.03.2023 жылғы №1 шешімімен жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
Жарық ауылына кірер жолдағы үлкен Қобда өзеніндегі көпірдің толып кетуі, Өтек ауылының қасындағы Өтексай өзеніндегі көпірдің және Қанай ауылындағы ауылдық жолдың, Егіндібұлақ ауылының ішінде орналасқан Баптақты өзеніндегі көпірдің шайылуына байланысты 6 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды (Ақшатау ауылы - Ойыл ауданы; Сарыбұлақ, Жарық, Өтек, Қанай, Егіндібұлақ ауылдары - Қобда ауданы). Темір ауданының Бабатай кентінде еріген қар суы деңгейінің көтерілуіне байланысты Бабатай ауылындағы тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады, су басудың алдын алу бойынша жедел шаралар қабылданды, жағдай тұрақты.
Жалпы өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға 138 ассенизатор, 415 бірлік арнайы техника, 20 мобильді бригада, 474 адам жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша су басқан көшелер жоқ. Ерекше бақылаудағы 4 учаскеде еріген қар суының жиналуына қарай мерзімді сорғылау жүзеге асырылады.