
Құтқарушылар тобына жетекшілік еткен Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстары жоғары психоэмоционалды жүктеме жағдайында жүргізілгенін айтты.
– Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізудің қиындығы мынада: төрт қабатты плиталардың бірінші қабат пен тұрақ арасындағы қашықтығы 25-30 см-ден аспайды. Жұмыс жүргізуге күннің суықтығы, афтершоктар да кедергі болды. Бүкіл кезең бойы іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Сонымен қатар жұмыс қаза тапқандардың көптігінен және төтенше жағдай аймағында олардың туыстары мен жақындарының болуымен байланысты жоғары психоэмоционалды жүктеме жағдайында жүргізілді, – деді Ибрагим Күлшімбаев.
Қазақстан ТЖМ тобына Газиантеп қаласының Ибрахимили ауданындағы екі нысан (толығымен қираған екі тоғыз қабатты үй, жеті қабатты үй, жартылай қираған алты қабатты үй), Нұрдағы қаласындағы (толығымен қираған алты қабатты үй), Хатай қаласында (толығымен қираған алты қабатты үй) бекітілген. Құтқарушыларға Түркия Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттері көмектескен. Олар волонтер-аудармашы ретінде қызмет атқарған. Ал Қазақстаннан барған дәрігерлер зардап шеккен тұрғындарға тәулік бойы білікті медициналық және психологиялық көмек көрсеткен.
– Жұмыс кезеңінде 200-ден астам жергілікті тұрғын мен құтқарушыға, оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсетілді. Түркияда жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жұмыс істеген 10 дәрігердің үшеуі – әйел, – деді вице-министр.
Құтқару жұмыстары кезіндегі кинологиялық топтың жөні бір бөлек. Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, олар өздерінің жоғары біліктілігін көрсеткен. Орталық коммуникациялар қызметі алаңына кинолог-нұсқаушымен бірге Мирта атты неміс овчаркасы келді. Мирта Түркияда үйінділер астында қалған 3 адамды тапқан. Сондай-ақ бельгиялық малинуа овчаркалары Джейкоб, Лига М Сириус және Аксель, лабрадор Чарли Кинг, Гринпис есімді бордер колли, кинолог-нұсқаушылармен және құтқарушы жасақтармен бірге бірнеше күн бойы қираған нысандарда жұмыс істеп, әр адамның өмірі үшін күрескен. Осылайша, ТЖМ-нің Түркияда жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында алға қойылған міндеттері толық көлемде орындалған.
Президент тапсырмасымен Түркияда болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесу үшін ТЖМ Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облыстарының құтқарушылары тартылған. Сондай-ақ табиғи апат аймағына 55 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жеткізілді. ТЖМ атынан ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 10 киізүй жіберілген.
– Түркия Республикасының AFAD жер сілкінісі салдарын жою дағдарыс орталығы және Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігімен келісім бойынша 17 ақпанда барлық нысандарда ТЖМ күштерімен іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, – деп мәлімдеді Ибрагим Күлшімбаев.
Бауырлас елге көмек көрсетіп, ерлік танытқан құтқарушылар марапатталып, ТЖМ атынан қаржылай сыйақы беріледі.