
«Кездесу орны белгілі себептермен бейтарап аумақ болып белгіленді», деді Қырғызстан Президентінің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев. Алдымен Садыр Жапаров өзінің Facebook парақшасында үндеу жариялап, онда жаһандану дәуірінде ішкі тұрақтылық пен ұлттық бірлікке ұмтылған елдер ғана дамып, қуатты мемлекетке айналатыны жөнінде, жазба қалдырды.
«Еуразия жерінде ұлы державалар құрған ежелгі қырғыздардың бүгінгі қалы қандай? Бірліктің жоқтығынан, билік үшін күрестің кесірінен біз ежелгі империямыздан айырылып, Орталықтың бір бұрышында қалып бара жатқан сияқтымыз. Тәуелсiздiгiмiздi жарияласақ та, дамуымыз неге бәсеңдеп барады? Бізде қазір солтүстік-оңтүстік деп, жеті облысқа бөлініп отырған жайы бар. Осылайша өкінішке орай, қазір Қырғызстан халқы өз өңірлерінен шыққан президенттерді жақтап, сол арқылы тағы жетіге бөлініп отыр. Қырғызстанның болашағы біз үшін маңызды болса, «Ақаев», «Бакиев», «Атамбаев», «Отунбаева», «Жээнбеков», «өмірдің аяқталуы» секілді ұғымдарды жоюымыз керек. Баршаның басын біріктіре отырып, халықтың болашағын ойлауға тиіспіз. Бастапқыда халық сайлаған, соңы қайғылы болған барлық президенттерді жинасақ, бәлкім, бір жұдырықтай жұмылған біртұтас ел болармыз деген ой мені көптен бері қинап жүрді», деп жазды С.Жапаров.
Сонымен қатар Қырғыз мемлекетінің басшысы ел есінде қалған келеңсіз дәуірлерді еске алды.
«Бұрынғы президенттер реніштерін айтып, кемшіліктерін мойындады. Ең бастысы, олар бір-бірін кешіре білді. Менің де көздеген мақсатым сол еді. Менің ойымша тек әр президенттің жақтастары, жеті облыстың халқы саясатты тастап, бір бағытқа шоғырланып, ұлттың, экономиканың дамуын ойлауы керек. Халқымыздың көзқарасы бойынша қарасаңыз, қателік әркімде кездеседі. Қайғылы оқиғалар, тіпті қантөгіс болды. Ақаевтың кезінде – Ақсый оқиғасы, Бакиевтің кезінде – сәуір оқиғасы, Уақытша үкімет кезінде – маусым трагедиясы, Жээнбековтің кезінде – қазан оқиғасы. Өкінішке қарай, Қырғызстан тарихында бұл оқиғалардың бәрі қара таңбамен жазылған. Осылайша, қырғыз жастарынан – ұлдарымыздан айырылдық. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарының наразылығын түсінемін. Әр қырғызстандық бірігуі керек! 5-10 жылдық мүддені ойламай, Қырғызстанның мүддесін ойлайық. Маған дейін келген мемлекет басшыларының әрқайсысына жеке мүддем де, жеке қызғанышым да жоқ. Осыны баса айтуым керек», деп аяқтады жазбасын Қырғызстан президенті.
Өз үндеуін Садыр Жапаров біздің заманымыздың IX ғасырындағы Қырғыз қағанатының картасымен үйлестіріп, суретін жариялады. Ал сарапшылар Садыр Жапаровтың бастамасын «батыл қадам» деп бағалап, Қырғызстанның бұрынғы президенттерінің бұл басқосуының түп мақсатын «Жер-жерге бөлінбей, тұтас қырғыз елінің мүддесі үшін бірігіп жатыр» деп түсіндірген.