
Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Белизбен байланыс
Белиз мемлекетімен Қазақстан 2013 жылы 7 қарашада дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Екіжақты байланыстың бірлескен ресми құжатына Қазақстанның Вашингтон қаласындағы елшілігінде қол қойылды. Осыдан бастап екі ел арасында саяси, экономикалық және мәдени өзара ынтымақтастық орнады. Жалпы, Белиз Қазақстанмен энергетика мен экотуризм саласында ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Алайда осы байланыс орнаған он жыл ішінде екі ел арасында экономикалық салада айтарлықтай алыс-беріс жоқ. Белиз мемлекеті негізінен сыртқа қант құрағын, банан, цитрус тектестерін, киім, теңіз өнімдері мен ағашты экспорттайды. Бұл өнімдерді Қазақстан өзге елдерден алады. Жалпы, елдің бacты 10 caудa cepiктeci бap. Oлap – Peceй, Қытaй, Итaлия, Oңтүcтiк Кopeя, Фpaнция, Нидepлaнд, Түpкия, Өзбeкcтaн, Иcпaния, Швeйцapия. Соңғы жылдары қазақстандық тауарларды өткізудің негізгі нарықтары Қытай, Италия және Ресей болып келеді. Сондай-ақ БЭЖ, ЕО және Орталық Азия елдеріне жеткізу көлемі артып келеді.
Жалпы, Белиз экономикасының негізін ауыл шаруашылығы, туризм мен қызмет көрсету саласы құрайды. Осы орайда, екі ел арасында мәдени және туризм саласы дамып келеді. Белиздің басты табыс көзі – туризм. Жер-жерден келген туристер елге көрікті жерлерді көруге, суға түсуге және балық аулауға, Белиздің әдемі курорттарында демалуға келеді. Оның ең танымал Атолл Тернеффе, Сан-Педро, Сан-Игнасио, Кей Колтер және Плаценция секілді танымал курорттық жерлері отандастарымыздың демалуға баратын жерлерінің біріне айналып келеді.
Осы орайда өткен жылдың аяғында Қазақстан мен Белиз Сыртқы істер министрліктері визасыз режім орнатуға байланысты келіссөз жүргізді. Бұл келісім негізінде екі мемлекеттің азаматтары бірінші келген күннен бастап әрбір 180 күндік кезең ішінде екінші тарап мемлекетінің аумағына 30 күнге дейін визасыз кіруге, шығуға, транзитпен өтуге және елде болуға мүмкіндігі бар. Мәселен, екінші тараптың мемлекеті аумағында 30 күннен астам болуға ниет білдірген азаматтар оның аумағында еңбек немесе коммерциялық қызметті жүзеге асыруға не осы елдің дипломатиялық өкілдігінен немесе консулдық мекемесінен тиісті виза алуға міндетті. Сонымен қатар негіздемеде құжатқа қол қою елдер арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға және дипломатиялық, қызметтік төлқұжат иелері үшін жеңілдетілген визасыз тәртіп орнатуға мүмкіндік береді.
Белиз – Орталық Американың солтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Елдің негізгі тілі ағылшын, алайда бұл тілді халықтың 4 пайызы ғана қолданады. Елдің 75-80 пайызы белиздік креоль тілінде сөйлейді. Бұл тіл жергілікті халық тілі. Ондағы халықтың 49,6%-ы католиктер, 27%-ы протестанттар, 9,4%-ы атеистер және 14%-ы өзге дінді ұстанады. Мемлекет ағылшын колониясынан 1981 жылы 21 қыркүйекте тәуелсіздікке қол жеткізді. Осыған қарамастан елде 1500 ағылшын әскері қалып қойды. Ол 1992 жылы Гватемаланың өз талаптарынан бас тартқаннан кейін ғана шығарылды. 1981 жылдан бастап БҰҰ мүшесі және 1991 жылдан Америка елдерінің құрамына кіреді.
1970 жылға дейін астанасы Белиз қаласы болып келді. Бұл қала бірнеше рет дауылдан және су тасқындарынан жапа шекті. 1961 жылы болған жойқын дауылдан кейін Белиз қаласынан оңтүстік-батысындағы 80 шақырым жерде Бельмопан қаласын сала бастады. 1970 жылы бұл қала ұлттық резиденцияға айналды. Белиздің елді басқару жүйесі парламенттік-демократиялық Вестминстер жүйесімен жасалған. Елге Ұлыбритания монархы басшылық жасайды, ол генерал-губернатор атағын ие. Ал атқарушы билік жүйесіне үкімет ие, үкіметті премьер-министр лауазымына тағайындалатын адам басқарады.
Бутан патшалығы
Бутан патшалығы – Бангладеш, Үндістан, Жапония, Непал, Пәкістан және Оңтүстік Кореяны қоспағанда, Азияның өзге 18 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан ел. Бұл қатарда Қазақстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Бахрейн, Бирма, Индонезия, Кувейт, Моңғолия, Оман, Сингапур, Шри-Ланка, Тәжікстан, Таиланд, Мальдив аралдары, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам бар.
Қазақстан мен Бутан патшалығы арасындағы қарым-қатынас 2012 жылы орнады. Екі ел осы уақытқа дейін мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы көпжақты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытып келеді. Негізі бұл патшалықтың өкілдері елге ат басын жиі бұратындардың қатарында. Мәселен, 2017 жылы Астанада өткен «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Бутан басшылығы мен компаниялары арнайы шақырылды. Сондай-ақ Бутан – Қазақстандағы жасыл экономиканы құруға байланысты кеңес беріп, осы бағытта ұйымдастырылған іс-шараларға белсенді қатысқан елдердің бірі. 2019 жылы елордада екінші рет өткізілген жасыл өсім форумында Бутан патшалығының бұрынғы премьер-министрі Тшеринг Тобгай уақыт өткен сайын жаһандық климат мәселесі ушығып бара жатыр деп дабыл қағып, «жасыл» экономикаға көшу қажеттігін атып, бірқатар елге ұсыныс жасады.
– Уақыт создырмай барлық мемлекет «жасыл» экономикаға көшкені жөн. Дүние жүзіндегі климаттың күрт өзгеруі туралы дәлел келтірудің өзі артық. Оны баршамыз сезіп келеміз. Бүгінде сынап бағанасы әлем бойынша 1 градусқа жоғарылады. Даусыз, бұл алаңдатарлық жағдай. Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдерде ауа райы 1,5 градусқа дейін көтеріліп жатыр. Бұл мамандардың айтқаны. Мұздықтардың еруі теңіз деңгейінің көтерілуіне алып келеді. Бұған Гренландиядағы мұздықтардың еруі нақты дәлел. Осыған байланысты болашақ ұрпақтың мәселесін қазірден бастап ойланғанымыз дұрыс, – деген еді Т.Тобгай.
Ал өткен жылдың соңында Қазақстанның Бутан корольдігіндегі елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде Нұрлан Жалғасбаев Бутан Королі Джигме Кхесар Намгьял Вангчукке сенім грамотасын тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан елшісі екіжақты Бутан үкіметімен кездесулер өткізіп, екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы көпжақты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде тиісті келісімдер жасасу арқылы арттырудың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасты.
Бутан патшалығын Азиядағы ең жабық елдердің бірі деуге болады. Бұл мемлекетке кіру үшін елдің туризм министрлігінде аккредиттелген белгілі бір туристік агенттік арқылы рұқсат алу керек. Саяхатқа тек гидтің сүйемелдеуімен немесе ұйымдасқан топтардың құрамында рұқсат етіледі.
Бутан корольдігі – Азияның оңтүстігінде, Шығыс Гималайда орналасқан мемлекет. Друкюл немесе «айдар елі» деп те аталынады. Астанасы Тхимпху қаласы. Тибеттен шыққан монғол расасына жатады. Мемлекеттік тілі дзонг-кэ (бхотия) тілі. Халқының көпшілігі будда дініндегі ламашылдық сенімді ұстанады. Заң қабылдаушы органы Ұлттық Ассамблея (Цонгду). Атқарушы билік Министрлер кеңесінің қолында. Бутан Шығыс Гималайдың биік тау аңғарларында, Брахмапутра өзенінің бойында орналасқан. Климаты муссонды, төмен белдеулері тропиктік. Жерінің 64 пайызын мәңгі жасыл орман алып жатыр.
Ғалымдардың айтуынша, Бутанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы толық зерттелмеген. VI-VII ғасырларда Бутан территориясы қазіргі Үндістанның Ассам штатын қамтыған Брахмапутра өңіріндегі Камарупа мемлекетінің құрамында болған деген жанама деректер кездеседі. Камарупа құлағаннан кейін Бутанға бірнеше рет тибеттіктер басып кіріп, олардың едәуір бөлігі осында тұрақтап қалған. Тибеттіктер Бутанда өз мәдениеті мен ламашылдықты ұстанды. Біртұтас діни ұйымға біріктірілген Бутан XVII ғасырдың ортасында тәуелсіз теократиялық мемлекет болып қалыптасты. XIX ғасырдан 1947 жылға дейін Британия протектораты болды. 1907 жылы ағылшындардың көмегімен мұрагерлік монархия Вангчуктер әулетінің билігі орнады. Ағылшын отарлық үкіметі Бутанның сыртқы саясатын қадағалағанымен, ішкі өміріне араласқан жоқ. 1949 жылы Бутан тәуелсіздік алды, бірақ шет мемлекеттермен байланысы Үндістанның бақылауымен жүргізіледі. 1954 жылы заң қабылдаушы органы Цонгду құрылды. Қорыта айтқанда, Қазақстанның шағын мемлекеттермен байланысы мәдени қарым-қатынасқа құрылған.