
Өткен жылы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде бірқатар депутат БАҚ-қа пікір білдіріп, екі ел байланысының маңызын атап өткен еді. Экс-сенатор Нұржан Нұрсипатов «Түркия – түркі елдерінің ішіндегі тұрғындар саны жағынан ең үлкен мемлекет. Қазақстанның егемендігін ең алғаш мойындаған ел. Оның үстіне Түркияда бірнеше мың қазақ қоныс тепкен. Сондықтан бұл елмен байланысымызды арттыруымыз аса қажет. Түріктерден үйренетін дүние көп», деді.
Сондай-ақ медиа-волонтер, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Әлия Әбсеметова «Түбі бір түркі халықтары ретінде екі ел бір-бірін жақын тартуы түсінікті. Осы жағынан алғанда Түркия билігі де Қазақстанды қолдап, үнемі қамқорлық танытып, кез келген жағдайда көмек қолын созуға даяр екенін көрсетіп жүр. Тіліміз де, дініміз де, сенім-нанымымыз да бір-бірінен ажырамайтын деңгейдегі мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қазақстан үшін Түркиямен қарым-қатынасты нығайта түсудің мәні зор», деп ойын ортаға салды.
Түркияда табиғи апат болған кезден бастап ел белсенділері халықты қамқорлыққа шақырып, көмекке ұмтылды. Жиған-терген көмегін Газиантеп, Қахарманмараш қалаларына жөнелтті. Мұның барлығы саяси, экономикалық қарым-қатынасты ысырып тастап, алдымен адамгершілік, қамқорлық танытуға ұмтылыс емес пе?
Қазір елімізден аттанған ерікті топ Түркияның оңтүстік-шығысындағы Адана, Хатай, Қахарманмараш, Газиантеп қалаларында жүр.
– Қахарманмараш қаласындағы ғимараттардың 70 пайызы құлаған. Барлығы жермен-жексен болған. Кейбір аман қалған үйлер бар. Бірақ оларға адамдар кірмейді. Себебі құлап кете ме деп қорқады. Өйткені әлсін-әлсін жер сілкінісі қайталанып тұр. Мысалы, кеше түнде тағы жер сілкінді. Аздап сезілді. Кішігірім жер қозғалысының өзі қабырғалары сөгіліп, құлауға шақ тұрған ғимараттарға өте қауіпті болып тұр. Хатай қаласы да түгелге жуық қирады. Ал Газиантепте аман қалған үйлер, ғимараттар бар, – дейді түрік бауырлардың жағдайынан күн сайын хабар таратып жүрген журналист Нұрбек Бекбау.
Сондай-ақ қазір 3 провинцияда құтқару-іздеу жұмыстары аяқталды. Мәселен, Адана қаласында 10-ға жуық ғимарат құлап, 34 адам қиранды арасынан шығарылып, 438 адамның денесі табылған. Жер-жерден барған құтқарушылар қираған ғимараттарды аршып үлгермей жатыр, аршылмаған үйінділер әлі де көп. Тіпті кейбір елді мекендерге құтқарушылар әлі барып үлгермеген. Ғалымдар қиранды астында 80 мың адам жатыр деп болжап отыр.
– Қазақстаннан киіз үй тіге алатын 10 шақты жігіт келдік. Сондай-ақ 70-ке жуық ерікті бар, олар – осы елде оқитын және жұмыс істейтін жастар. Бір киіз үйге шамамен 20 адам сияды. Осылайша, 1 мыңдай адамды қамти аламыз. Азық-түлік жеткілікті. Себебі әлемнің көптеген елінен гуманитарлық көмек келіп жатыр. Біз киіз үй тігіп, ас-ауқат дайындап, көмектесуге келген топпыз. Түркия – адам ресурсы көп мемлекет. Сондықтан шетелден ешқандай ерікті топты кіргізіп жатқан жоқ. Киіз үй құрып беретін болғандықтан ғана шекарадан өткізді, – деді еріктілер қызметін сөз еткен журналист.
Елімізден барған құтқарушылар болса зардап шеккен қалалардың барлығында іздестіру-құтқару жұмыстары толық аяқталғанша ат салысады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияға тағы 55 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Бұдан бөлек облыстар да өз беттерінше қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірден Түркия жеріне 11 тоннаға жуық алғашқы гуманитарлық көмек жіберілген. Жүктің жалпы құны 30 миллион теңгені құрайды. Жүк Ақтөбе халықаралық әуежайынан тікелей Түркияның «MNG» әуе компаниясының ұшағымен Ыстанбұлға жеткізілген. Онда аса қажетті жылы киім-кешектер, азық-түлік, балаларға арналған тағамдар, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық және жеке гигиеналық заттар бар. Қайырымдылық іс-шарасына Ақтөбе облысының тұрғындары мен волонтерлері, бірнеше ірі кәсіпкерлік мекеме үлес қосқан. Алдағы аптада Түркияға Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласынан гуманитарлық көмек көрсетілмек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел өңірлері бауырлас елге қолдау көрсетуді жалғастырады.
Осылайша, Қазақ елі түрік ағайындарға қамқорлық көрсетіп, алдымен адамгершілік ниеттерін танытып жатыр. Жалпы, Түркия барлық түркі елдеріне қамқор болатын ел десек, артық болмас. Өйткені әлемдік аренада орны ерекше. Дәстүр, мәдениетіміз ұқсас, дініміз бір. Жоғарыда айтып өткен сарапшылар пікірі де Түрік елімен бір болып, онсыз да бауырлас елге жақындай түсуімізді айғақтайды.