Ғылым • 15 Ақпан, 2023

Леонардо да Винчи тартылыс заңын Ньютоннан бұрын болжаған

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Калифорния технологиялық институтының инженерлері Леонардо да Винчи ауырлық күші туралы тұжырымды ғылыми жаңалық ашылмай тұрып болжағанын айтты. Бұл жөніндегі зерттеу мақала Леонардо журналында жарық көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Леонардо да Винчи тартылыс заңын Ньютоннан бұрын болжаған

Жақында жүргізілген зерттеу бойынша ғалымдар Да Винчидің дәптеріндегі жазбаны анықтап, оның ауырлық күшінің үдеудің бір түрі екенін дәлелдейтін эксперименттер жасағанын көрсетті. Оның болжамы 97 пайыз дәлдікпен жасалған. Да Винчидің эксперименттері алғаш рет арундель кодексінде, ғылым, өнер және басқа тақырыптарды қамтыған  шығармалар жинағынан табылды. Леонардо да Винчидің ауырлық күші туралы түсінігі дәл болмаса да, ол осы заңдылықты ашу үшін озық тәжірбие жасаған.

Да Винчидің эксперименттерін Арундель кодексінен Аэроғарыш және медициналық инженерия профессоры Мори Гариб байқаған.

«Менің назарымды аударған нәрсе – ол өзі салған үшбұрыштардың бірінің гипотенузасына «Equation di Moti» деп жазып қойған. Мен Леонардоның бұл сөз тіркесі нені білдіретінін білгім келді», дейді ол.

Жазбаларды талдау үшін Гариб Калифорния технологиялық институтының зерттеушісі болған, қазір Корнелл университетінің доценті Крис Ромен және Женевадағы Батыс Швейцария қолданбалы ғылымдар және өнер университетінің қызметкері Флавио Нокамен бірге жұмыс істеген.

«Зерттеу барысында Да Винчидің теңдеуі қате деп ойлаған едік. Алайда ол дұрыс болып шықты», дейді зерттеушілер.

Да Винчи үшін басты кедергі қолындағы құралдардың жеткіліксіздігі болған. Мәселен, ол заттардың құлау уақытын дәл өлшей алмаған. Тек 1604 жылы Галилео Галилей құлаған объектінің жүріп өткен қашықтығы уақыттың квадратына пропорционал деген теорияны алға тартқан болатын. XVII ғасырдың аяғында Исаак Ньютон оны кеңейтіп, объектілердің бір-біріне қалай тартылатынын сипаттайтын бүкіләлемдік тартылыс заңын ашты.

Зерттеу мақаласының жетекші авторы Гариб: «Да Винчи қосымша эксперименттер жүргізді ме, әрі қарай тереңірек зерттеді ме, білмейміз. Бірақ оның бұл мәселені зерттеуі 1500 жылдардың өзінде оның ғылыми ойлай алуының қаншалықты дамығанын көрсетеді», дейді.