
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жер сілкінісі болған аудандардағы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер және басқа да тұрмысқа ең қажетті заттар жіберіледі.
Түркиядағы зілзала болғаннан бері еліміздегі еріктілер, белсенділер гуманитарлық көмек ұйымдастырып, қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Түркияның Қазақстандағы Елшілігі жиналған қаржы бойынша мәлімдеме жасап, қазақ жұртына алғыс айтты.
«Қазақстанда соңғы 3 күнде жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету шотына жиналған 1 млн 28 мың 706 доллар көлеміндегі қаражат AFAD-тың ресми шотына аударылды. Осылайша қайырымдылықтың жалпы сомасы 2 млн 849 мың 836 долларды құрады», делінген Елшіліктің ресми хабарламасында.
Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі еріктілер тарапынан жиналған көмектің есебін жариялады.
– Ұлттық волонтерлер желісі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің үйлестіруімен азаматтардан 80 млн теңге жинады. Біршама керек-жарақ Қазақстандағы Түркия Елшілігіне тапсырылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Қиналғанға қол ұшын созған барлық волонтерге алғыс айтамыз, – деді министр.
Ал Түркияға киіз үй жеткізуді алғашқы болып қолға алған, бастама көтерген журналист, белсенді Нұрбек Бекбау халық қаражатына сатып алынған жүзден астам киіз үйдің басым бөлігі Түрік еліне енді жеткізілгенін айтты. Отандастарымыз қазір Қахарманмараш қаласында зардап шеккен халыққа көмек көрсетіп жүр.
– 90-ға жуық киіз үйді тиеп ап, көп күткен ұшағымыз келе жатыр. Картаға қарап, бағып отырмыз. Сағат 13:00-де Аданаға қонғаннан кейін жүктерді Қахарманмарашқа алып келеміз. Қырғыз бауырлар бізден бұрын боз үйлерін әкеп, тігіп қойды. Неге олар бірінші болды? Өйткені біздер киіз үй сатып алуға жылу жинай бастағанда қырғыз депутаттары президенттеріне «Біз де 100 киіз үй апарайық» деген ұсынысын айтты. Президенттері бірден тапсырма беріп, арнайы ауыр ұшақ дайындатып, оған киіз үйлерді тиеп, Түркияға әкеле қойды. Ал біз ше? «100 киіз үй» науқанының басы-қасында жүрген топ – қарапайым азаматтар. Бірақ басқалар мемлекеттік деңгейде қолға алған шаруаны біз 3-4 адам болып-ақ атқардық, – деді Нұрбек Бекбау.
Журналистің айтуынша, киіз үйлер сатып алуға қажетті қаржы тез жиналғанымен, оларды жеткізу оңай болмапты.
– Ұшақ мәселесі кәдімгідей қиындық тудырды. Алғашында Air Astana әуе компаниясына хабарласқанымызда обалы не керек, «үлкен жүк ұшағымыз жоқ» деп жағдайды айтып түсіндірді. ТЖМ «Киіз үйлерді тек ақпанның 20-ларында әкете аламыз. Сол кезде, министрліктің сарбаздарын әкетуге барамыз. Ұшағымыз бос кетпес үшін, тиеп алып кетейік», деді. Бұл тым кеш болар еді. Содан «Turkish Airlines»-қа Карго ұшақ берсеңіздер» деген өтінішпен шықтық. Келісім бойынша олар жұма немесе сенбі күні киіз үйлерді тиеп, әкелуі керек болған. Бірақ біз қатардағы азаматтармыз. Мемлекеттік деңгейдегі шенеунік емеспіз. Сондықтан «Turkish Airlines» Түркияға шұғыл зат әкелу керек болып, әлемнің әр бұрышына Каргосын айдап кетіп жатты. Бізге «қолы тимей кетті». Егер біздің жүкті Түркияға жеткізу мәселесі мемлекеттік деңгейде қолға алынса, сенбі күні ақшаңқан қазақ үйлері осы жақта жайнап тұрар еді. Бар себеп осы ғана, – деп жағдайды түсіндірді белсенді.
Al Jazeera ақпарат агенттігінің соңғы ақпараты бойынша, Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 36 мыңнан асқан. Түркияда 31 643 адамның мәйіті табылса, Сирияда 4 614 адамның қаза болғаны расталды.
Сирия президенті Башар Асад БҰҰ-ның Сирияның солтүстік-батысындағы көтерілісшілер бақылауындағы аймақтарға Түркиядан тағы екі шекара өткелі арқылы көмек жеткізуге рұқсат беруге келісті. БҰҰ мәліметінше, жер сілкінісінен кейін Сирияда 5,3 млн-ға жуық адам баспанасыз қалуы мүмкін.