Әлем • 07 Ақпан, 2023

Түркиядағы жер сілкінісі: Әлемнің күші бірлікте

1951 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркия мен Сириядағы 7,8 баллдық жер сілкінісі 4 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Қалалар қирап қалды. Ауыр шығынға ұшыратқан апат кезінде әлем елдері құтқару жұмыстарына қол ұшын созып, жұмыла көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркиядағы жер сілкінісі: Әлемнің күші бірлікте

Италия, АҚШ, Израиль және Тайвань елдері Түркияға мамандарылған құтқару топтарын жіберді. Ал Ирак Сирияға көмек көрсетіп жатыр. Қауіпсіздік күштері «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық қорының гуманитарлық көмегін жеткізіп берген.

Тайвань құтқарушылары Түркияға іздеу шараларына көмек көрсетуді қолға алса, Чехия өрт сөндірушілерді жұмылдырған. Арнайы мамандарылған USAR құтқару тобы үйіндінің астында қалып қойған адамдарды іздеп табуға жәрдемдесіп жатыр.

Голландиялық іздеу-құтқару тобы да Түркияға келіп жетті. Ал Италия Сирия-Түркия шекарасындағы құтқару шараларына ат салысуға арнайы өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерін жұмылдырған.

Рим өрт сөндірушілермен қоса медициналық жабдықтармен де көмек көрсетіп отыр. Ал дүйсенбі күні Греция премьер-министрі көршілес Түркия еліне көмек көрсету үшін тағы да барлық қолжетімді күштерді жіберуге уәде берді. Олар жер сілкінісі болған күні ұшақ арқылы құтқарушылар тобы мен арнайы керек-жарақтарды жіберіп үлгерген еді.

Сирия Израильді мойындамаса да, Израиль премьер министрі Сирияға көмек жіберуді мақұлдады. Дегенмен Дамаск көмек қабылдаудан бас тартқан.

АҚШ президенті Джо Байден де Түркияға көмек көрсетуді тапсырды. Олар 80-ге жуық адамнан тұратын екі құтқару тобын жібергенін мәлімдеді.

Мәскеуде Түркия елшілігінің алдына гүлшоқтары қойылды. Ресей екі елге де көмек ұсынды.

Айта кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да Түрік еліне көңіл айтып, арнайы көмек жіберді.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті