Саясат • 07 Ақпан, 2023

Дипломатияның даму жолдары

795 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ғаламдану үдерісі айналамыздағы жойқын өзгерістерді, одан туындаған жаңа қауіп-қатерлерді үдете түсуде. Мұндай сын-асулардан кез келген елді тек мықты дипломатия ғана сүріндірмей аман алып шыға алады. Ал дипломатиясы жоқ немесе дипломатиясы жарысқа түсу қабілеттілігі тұрғысынан әлсіз елдер неге ұшырайтынын ойлаудың өзі қорқынышты. Мұндай пайымдарға келуге дипломатия саласындағы отыз жылғы қызмет тәжірибем кезіндегі екі-үш эпизод түрткі болды.

Дипломатияның даму жолдары

Ең алғашқы эпизод 1997-2000 жылдары Үндістанда дипломатиялық қызметте кезікті. 1949 жылға дейін мемлекет ретінде өмір сүріп келген Тибет елі дипломатияға қажетті көңіл бөлмегеннің кесірінен ҚХР, Ұлыбритания және бұрынғы КСРО-ның білдірмей бас қосқан үштік кездесулерінің нәтижесінде бір-ақ күнде мемлекеттілігінен айырылды. Тибет мұның қалай болғанын өзі де білмей қалған. 2013-2016 жылдары Индонезияда қызметпен болғанымда, осы елдің АҚШ-та ұзақ жылдар елшісі болған Дино Пати құрған үкіметтік емес ұйымның ұйымдастыруымен кезекті бір конференция өтті. Сол жиында Дино Пати сөзін «Неліктен Индонезия бес ғасыр бөтен елдің отары болды?» деген сұрақтан бастап, «Өйткені индонезиялықтардың өз дипломатиясы болмады» деген жауап қатумен өрбітті.

Дипломатияға жеткілікті түрде көңіл бөлмеудің зардабы ұлт тағдырына орасан апат әкелгенін Махамбеттің 200 жылдығына орай Астанада өткен іс-шара кезінде әдебиет абызы, қайраткер Ә.Кекілбаевтың сөйлеген сөзінен аңғардым. Ол кісі бір сағаттың ішінде адамзаттың Африкадағы дамуы­нан бастаған әңгімесін Қаройға алып келіп тіреді де, Ресей империясының қолданған саяси технологиясының салдарынан дипломатиясы әлжуаз Қазақ елінің, соның ішінде Жәңгір ханның әуелі қалай биліктен айырылғаны, соңынан оның бес баласының екі жыл ішінде белгісіз себеппен өмірмен қоштасқанымен аяқтады.

Өткен тарихты зерттеп-зерделемесек, ел басына түскен қасіреттің себеп-салдарына үңіліп сабақ ала алмасақ, одан қорытынды жасап, көңілге тоқи алмасақ, қайғының одан бетер қайталанбасына кім кепіл? «Кімде-кім алыстағыны білмесе, жақындағыны да білмейді, бөтендікін білмей, өзіңдікін де білмейсің» дейтін Шығыс даналығына сүйенсек, 1960 жылдары басталған ғылыми-техникалық немесе басқаша айтқанда ақпараттық революция ғаламданудың катализаторына айналған бүгінгідей заманда болашағымыз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін дипломатиясы ең күшті елдердің игі тәжірибесін үнемі електен өткізіп отыруға міндеттіміз.

Зер салып қарар болсақ, заман ағымына қарай бүгінгі дипломатияның айла-әдістері сан түрленіп, жаңа сын-қатерін әкеп тосуда. Бүгінде шартарапқа таралған БАҚ, желілер мен жүйелер әлеуметтік пен символдық қатынастардың шиырланып, жергілікті болсын, алыс-қашықтағы болсын оқиғалардың бір-біріне ықпал етуіне алып келді. Нәтижесінде, халықаралық қатынастардағы іс жүргізудің жаңа тәсілдерін қамтитын дипломатияның жаңа түрлері жиі қолданысқа түсе бас­тады. Атап айтар болсақ, дипломатия экономикалық, мәдениет, қоғамдық, парадипломатия, электрондық, желілік және диаспоралық болып бөлінді.

Публикалық немесе қоғамдық дипломатия шетелдік қоғамдық санада оң образ қалыптастыру көмегімен өз мемлекет мүддесін алға жылжытатынын көруге болады. Ол қоғаммен диалог құру арқылы елдің өкілдерін ғана емес, сондай-ақ бизнес-қауымдастық, үкіметтік және үкіметтік емес, ғылыми және мәдени ұйымдар өкілдерін, басқа да алуан түрлі категориядағы азаматтарды диалогке тартады. «Жаңа публикалық дипломатия» деген атпен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан дипломатияның бұл түрі көбіне өзін желілік ортада көрсетіп отыр.

Электрондық дипломатияға келсек, оның түрі сан алуан. Оларға «твипломатия» (twiplomacy), әлеуметтік медиа­дипломатия (social media diplomacy), интернетдипломатия (Internet-diplomacy) және тағы басқалар кіреді. Сонымен қатар бейнеконференциялар мен электрондық келіссөздер жүйесі барған сайын белсенді пайдаланылып келеді. Айталық, Ресей СІМ-нің «Вконтакте», «Facebook» әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ «Twitter», «YouTube» және «Flicr»-де ресми сайттары мен аккаунттары бар. Электрондық дипломатия ақпарат тарату мен алмасуды қамтамасыз ететін электрондық құралдар көмегімен жүзеге асады. Яғни мақсат-мүдделерге қол жеткізуде ақпараттық-коммуникациялық тех­нологиялардың рөлі орасан зор. Ақпараттық ортаға және дипломатияға жаңа технологияларды ендіруді икемдей білу күн тәртібіне шыққалы бері бұл міндеттерді шешу үшін, АҚШ мемлекеттік департаментінде «XXI ғасырдағы мемлекетті басқару өнері», Ұлыбританияның Форин-офисінде «Цифрлы дипломатия» және Канададағы «Ашық дипломатия» сынды тиісті бағдарламалар қабылданды. Көптеген арнаулы әдебиет пен электрондық басылымды, блок пен интернет ресурсты өзіне сіңіре отырып, ғаламдық коммуникациялы заманауи әлемнің жақсы сипатын бере алатындықтан, электрондық дипломатияны публикалық дипломатияның құрамдас бөлігі деп қарайтындар да кездеседі.

Парадипломатия немесе өңірлік дипломатия түрлі ел өңірлерінің халықаралық ұйымдарда және басқа да бірлестіктерге, сондай-ақ ынтымақ­тастықтың шекаралық, өңіраралық және трансөңіраралық алуан түрлеріне қатысуларымен байланысты туындайды. Мұндай дипломатияның негізін географиялық жағдайлар, экономи­калық даму, сондай-ақ ресурс­тар­­мен, технологиялармен, тәжіри­бемен, кәсіпқой кадрлармен алмасу мүм­­кіндіктерінің ұқсастығымен айқын­дал­ған фактор құрайды. Мысалға мұндай дипломатияны ТМД елдері, Ресей және Еуропа өңірлерінен көре аламыз.

Желілік дипломатия термині іс жүргізудегі жаңа принципті білдіру үшін ресейлік сыртқы саясатта қолданылады. Айталық, бұрын негізгі дәнекерлік контактілер жоғары немесе ұйымдар деңгейінде жүргізілсе, енді түрлі ел министрліктері мен ведомстволары бір-бірлерімен тікелей және нақты бағдарламалар бойынша байланысқа түсе алады. Алайда желілік дипломатияны басқаша түсіну жолы (Net diplomacy) да бар. Оның электрондық дипломатиядан айырмашылығы – заманауи коммуникация құралдарын жай пайдаланып қана қоймайды, сонымен қатар орын алған оқиғаға қатысты белгілі бір көзқарас пен құндылықтарды әлем өңірлері мен түрлі ел үшін әртүрлі тілдерде жайып, тарататын сайттар, жаңалықтар мен басқа да электрондық ресурстар құру болып саналады.

Заманауи әлемде желілік өзара ықпалдасу алуан акторлардың, соның ішінде мемлекеттердің, үкіметтігі бар, үкіметтік емесі бар халықаралық ұйымдардың, трансұлттық корпорациялардың, сондай-ақ түрлі әлеуметтік индивидтер мен топтардың арасында жүріп жатыр. Сөйте тұра зерттеулерде «өзара ықпалдасу желі» ұғымы орнына «саяси желі» ұғымы жиі кездеседі. Бұл ұғымның екі мәні бар: «policy network» – стратегия, бағыт-бағдар, курс, іс-әрекет жоспары сықылды кең ұғымдағы саяси желі;  «political network» – тек қана саясат саласына қатысы бар тар ұғымдағы саяси желі.

«Саяси желі» терминінің қос мәні де заманауи халықаралық әлемдегі болып жатқан сан алуан үдеріс пен заңдылықты толыққанды көрсете алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, желілік өзара ықпалдасу тек саясатқа емес, қоғамдық өмірдің барлық саласына да қатысты. Екіншіден, желіге қатысушылардың құрамын, олардың ерекшеліктерін, олар бағалайтын құндылықтар мен көздейтін мүдделерді санаққа алмай, барлық назарды тек үдеріске жиынтықтау дұрыс болмас еді. Үшіншіден, желідегі байланыс көпшілік жағдайда қоғамдық өмірдің екі және одан да көп саласын қамтиды және кешенді сипатқа ие. Желілік өзара ықпалдасуға түрлі институттың, топтың және қауымның өкілдері қатысатындықтан, шын мәнісінде ол әлеуметтік желі болып саналады.

Қалыптасу үстіндегі жаңа ортадағы дипломатия бағыт-бағдарының құндылықтарына келер болсақ, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және тіпті халықаралық байланысқа түскен жеке адамдар арасындағы желілік өзара ықпалдасулар ғана келесі онжылдықта халықаралық қатынас дамуының айқындаушы факторына айналмақ.

 

Мұрсал-Нәби ТҰЯҚБАЕВ,

Қазақстан дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері

Соңғы жаңалықтар