Аймақтар • Кеше

Көксуда дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу облысының Көксу ауданында әлеуметтік сала мамандарына арналған 20 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл бастама облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасымен кадр тапшылығын шешу мақсатында жүзеге асқан, деп жазады Egemen.kz.

Көксуда дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді

Жаңа үй Балпық би ауылында бой көтеріп, оның кілттері 15 дәрігерге, 4 мұғалімге және бір полицейге табысталды. Соңғы үш жылда ауданға 55 дәрігер келген, олардың барлығына жағдай жасалып, 10 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілуде.

Өңір басшысы Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында жаңа үйді аралап, абаттандыру мен инфрақұрылым жұмыстарының сапасына назар аударды.

– Ауданға келген мамандарға қолайлы жағдай жасау – ең басты міндет. Бұл үй дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған алғашқы қадам ғана. Болашақта осындай бірнеше көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі.

Қоныстанушылардың арасында невропатолог Нұргүл Бухарова, полицей Еламан Дәулетов және мұғалім Мөлдір Жеңіс бар. Олар жаңа пәтерге ие болып, мемлекет қамқорлығына ризашылықтарын білдірді.

Құрылыс биыл сәуір айында басталып, небәрі бірнеше айда толық аяқталған. Үйдің айналасы абаттандырылып, инженерлік желілер тартылған.

Жалпы 2022–2024 жылдары Көксу ауданында 175 үй пайдалануға берілсе, биыл тағы 110 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Бұл аудан бойынша тұрғын үй кезегін 5,8 пайызға қысқартуға мүмкіндік бермек.