Партия • 06 Ақпан, 2023

Бағыты айқын «Respublica»

460 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада «Respublica» партиясының кезектен тыс алғашқы съезі өтті. Саяси сахнаға енді қадам басқан жас партия тың жос­парларын ұсынып, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленуге ниетті. Бос сөзден гөрі нақты іспен көзге түсуді көздеген партия мүшелері құрылтай кезінде Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің тізімін бекітті. Осылайша, партия атынан сайлау додасына 29 кандидат түспек.

Бағыты айқын «Respublica»

«Respublica» – мемлекет қыз­метінің түрлі саласын қалпына келтіруге ұмтылатын белсенді азаматтарды біріктірген жаңа пар­тия. Оған еліміздің кәсіп­керлері мен қоғам қайрат­кер­лері тартылған. Басты мақсаты – әрбір Қазақстан азаматы саяси, әлеу­меттік және экономикалық өзге­рістерге өзінің атсалысып жат­қанын сезінуі үшін ел саясатына ықпал ету тетіктерін жасау. Ұра­ны – «Жаңа адамдар – жаңа қадам­дар».

Естеріңізде болса, партияның құрылғаны туралы 2022 жылдың тамызында жарияланды. 2023 жылдың 18 қаңтар­ында «Respublica» партиясы тір­кеу құжаттарын қабылдады. Пар­тияның 1 төрағасы және 7 тең төрағасы бар. Жаңа партия бол­ғандықтан, саяси құрылым жайлы аз-кем қысқаша ақпарат осы.

Құрылтайда «Respublica» партиясының тең төрағалары, кәсіпкерлер Сырымбек Тау мен Руслан Берденов партиялық тізімдер және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бо­йын­ша ұсынылған сегізінші мәрте сай­ланғалы отырған Пар­ламент Мәжі­лісінің депутат­тығына кан­ди­даттардың тізімін таныстырды.

– Тізімге түрлі саланың кәсіп­­керлері, бизнес-қауымдас­тық­тардың, жоғары оқу орын­дарының жетекшілері, сарап­шылар мен мамандар, ұйымдас­ты­рушылар мен идеологтер енді. Олардың әрқайсысы – тәжірибелі, үздік басқарушы, нағыз көшбасшы азаматтар. Әрқайсысының жеке табыс тарихы бар. Әркім мың­даған жұмыс орнын ашады, технологияларды, бизнес саласына ең заманауи тәсілдерді енгізеді, озық тәжірибені қолданады, өз аймақтарында азаматтардың өмірін жақсартады. Олардың білімі, тәжірибесі, кәсіби қызмет аясы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олардың бәрі бір ортақ шаруаға жұмылуға дайын. Атап айтсақ, елімізге оң өзгерістерді әкелуге, ескі Қазақстан идеяларынан құты­луға ұмтылып отыр, – деді Сы­рымбек Тау.

Партия төрағасы Айдарбек Ходжаназаров «Respublica» пар­тиясының миссиясына тоқ­талды.

«Біз үшін бұл жеңіс неліктен маңызды? Қазақстандықтар елде халық қолдайтын мықты, саламатты балама бар екенін түсінуі керек. Қазіргі жүйенің балама нұсқасын көргісі келетіндердің саны артып келеді, сондықтан әрбір қазақстандықтың мемлекет пен қоғам өміріндегі рөлі мен орнына деген көзқарасын өзгерту үшін жеңіс маңызды. Жаңа Қазақстанның барлық азаматтары саяси шешімдер қабылдауға ықпал ете алуы керек», деді партия төрағасы.

Жиында сайлауалды бағдар­ламаның жобасы таныстырылды. Партияның тең төрағаларының бірі Қуаныш Шонбайдың айтуынша, бағдарламаны әзірлеу барысында халықты мазалаған негізгі мәселелер назарға алынған. «Ел азаматтарының мүддесі үшін заманауи және күшті мемлекетті қалай құруға болады? Бұл бағ­дар­лама қазақстандықтардың құқығы мен мүддесін қорғау жолына бастамашы болып, Парламент Мәжілісінде де, облыстық және қалалық мәслихаттардағы жұмысымызға да көзқарасымызды көрсетеді», деді ол.

Партияның тең төрағасы Динара Шүкіжанова барлық реформа тез арада айтарлықтай нәтиже көрсетуі керек екенін атап өтті. Ол үшін партия тарапынан бар күш жұмсалмақ.

«Адамдар барлық бастама жақсы жаққа өзгеретінін сезінуі керек. Реформалардың барша қазақстандықтың мүддесі үшін жүргізілуі өте маңызды. Соған сай адамдар өз партияларының қажеттіліктеріне сай әрекет ететініне сенімді болуы қажет», деді Д.Шүкіжанова.

Партияның тең төрағасы Максим Барышев кәсіпкерлік саласы ел экономикасының ши­кі­затқа тәуелділігін азайтуға көмек­тесетін бағыт екенін атап өтті.

«Біз экономика салалары­на ар­налған нормативтік заңна­маны ұтымдылық, жаңарту және тиімділік бағытында қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Заң­дар бизнестің дамуына кедер­гі болмай, оның өсуін ынта­лан­дыруы қажет. Салық жүкте­месін азайту бағытында салық заң­на­масын қайта қараған жөн. Са­лық салу қарапайым, түсінікті және өзгеріссіз болуы керек», деді ол.

Съезд соңында Айдарбек Ходжаназаров «Respublica» партиясы жоғары технологиялық ұлт­тық экожүйені құруға қабі­летті саяси күш екенін айтты.

«Алдағы жылдарда өткен қате­лік­тердің барлығын түзейтін біз – нағыз істің адамдары, кәсіп­керлер мен патриоттар. Бүгін біз айтып отырған басты мәселе – елді өзгерту үшін бизнесте табысты болған тәсілдерді саясат пен мемлекеттік басқаруда қолдануымыз керек. Біз жас, өршіл, жігерліміз. Бізде өте айқын ұстаным бар. Парламентке енген соң, соған міндетті түрде қол жеткіземіз, ел мен халықтың игілігіне қызмет ететін заңдарды қабылдаймыз», деді партия төрағасы.