Қоғам • 07 Ақпан, 2023

Сөз өнерінің суреткері

802 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдебиет те жалынан ұстатпайтын тарпаң асау секілді. Кез келген қаламгердің бағын әп-сәтте аша қоймайды. Десек те ұлт руханиятына нәр беретін әдебиетке өзгеше қолтаңбасымен келген, артына өшпейтін мол шығармашылық мұра қалдырған қаламгерлердің қатарында академик Зейнолла Қабдоловтың есімі сөз өнерінің суреткері ретінде аталады. Ол – шәкірттері үшін өз уақытын аямаған, әдебиетке адалдығынан жаңылмаған, адамдық айнасына қылаудай дақ түсірмеген бекзат болмысты жан.

Сөз өнерінің суреткері

Білім саласында да, қазақ руханиятында да академиктің дәрісін тыңдаған, өнегелі тәлімін көңілге түйген шәкірті көп. Солардың бәрі ай­наласына күн шуағындай жылы­лық пен ізгіліктің сәулесін шаш­қан дара ұстазды әлі күнге ұмыт­пайды. Соның дәлеліндей, мұнайлы өңірде «Зейнолла Қабдолов: әлем және әдебиеттану мәсе­ле­лері» атты халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конферен­ция өтті. Оған еліміздегі жоға­ры оқу орындары мен зия­­лы қауым өкілдері, қоғам қайрат­керлері, Қырғызстан мен Түркиядан келген ға­лымдар, академиктің ұлы Бақыт Қабдолов пен шәкірттері қа­тыс­ты. Жиынға келген акаде­мик­тің шәкірттерінің арасында Президент кеңесшісі, Ұлт­тық ғылым академиясының акаде­м­игі Бауыржан Омаров, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, әде­биет­­танушы, Ұлттық ғы­лым академиясының корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп және басқалары бар.

Атырауда төртінші рет өткізіл­ген конференция қонақтары алдымен Зейнолла Қабдоловтың мүсініне гүл шоғын қойды. Бұл мүсін Х.Досмұхамедов атындағы Аты­рау университетінің алдын­дағы белгілі тұлғалар алаңына қойылған. Сонымен қатар білім ордасында ғалымның әдеби та­ным­дық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында атаулы дәрісхана ашылды.

Жаңа дәрісхананың лента­сын Қырғыз Республикасы Ш.Айт­матов атындағы Тіл және әде­биет институтының директоры Абдылдажан Акматалиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Жанғара Дәдебаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының директоры Кенжехан Матыжанов қиды.

Бұл конференцияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Оны Пре­зиденттің кеңесшісі Бауыржан Омаров оқып берді. «Зейнолла Қабдолов – ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым әрі көр­нек­ті қаламгер. Сұлу сөздің сүлейі атанған жазушы көркем туындылары арқылы халқының ерекше ықыласына бөленді. Оның шоқтығы биік шығармалары қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, қазақ руха­ния­тының алтын қорына енді. Академик-жазушының «Әдебиет – ардың ісі» деген сөзі қаламгер қауымның өмірлік ұстанымына айналды. «Қазақтың Қабдоловы» атанған біртуар тұлғаның азаматтық бол­мы­­сы мен адамгершілік қасиет­тері әрдайым жастарға үлгі-өнеге. Көрнекті ғалымның тағылымды өмір жолы, әдеби және ғылыми мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Бүгінгі алқалы жиында Зейнолла Қабдолов бастаған ұлт зиялыларының ел мүддесін қорғау жолындағы ең­бектері туралы салмақты ойлар мен са­лиқалы тұжырымдар айтылады деп сенемін», делінген құттықтау хатта.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов­тің пікірінше, Зейнолла Қабдолов – кестелі көркемсөздің шебері. Оның шығармалары әлі де оқы­ла­ды. Өйткені «Жақсының аты, ға­лымның хаты өлмейді». «Қа­­зақ даласының бір қиыры – Аты­­раудан түлеп ұшқан танымал тұл­ғаның тұла бойынан бек­зат­тық пен тектіліктің айқын кө­рі­ніп тұратыны тамырының те­рең­дігінен шығар. Зейнолла Қабдоловтың жан сұлулуығы, көркемсөзді кес­телеп төгетіні әлі күнге елдің жадында сақта­лып келеді. Ол әдебиетке өз қол­таң­­басымен, өз із­де­нісімен, өз пікірі­мен келген еді. Соңғы демі тау­сыл­ғанша адамдар ара­сын­дағы қарым-қатынастың сыпа­йы­лығы мен сыр­­шыл­дығын, адал­дығы мен рухани байлы­ғын шығармашылығына арқау етті. Қаламына қасиет қонған қалам­гер­дің ұлттық қазына­мыз­дың інжу-мар­жанын теріп, қазақтың сөз өне­­рінің қадірін жүрегімен сезін­ге­нін уақыт­тың өзі дәлелдеп берді», деді ол.

Конференцияда баяндама жаса­ған ғалымдар Зейнолла Қабдолов феноменіне әр қырынан баға берді. Мәселен, Қырғыз ғылым академиясының вице-президенті, академик Абдыл­дажан Акматалиев «Академик Зейнолла Қаб­долов және қырғыз әдебиеті», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Абай атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев «Зейнолла Қабдо­ловтың лекциясы», фило­ло­гия ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали «Әде­биет пен өнердегі рух және Зейнолла Қабдолов толғамдары», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар және әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Светлана Ананьева «Вселенная академика Кабдолова: слово и образ», ҰҒА корреспондент-мү­ше­сі, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып «Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов – ұлтымыздың ұлы ұстазы», Түркиядағы Erciyes Universitesi PhD докторы Лютфие Гювенш «З.Қабдоловтың ақын Назым Хикметтен аудармалары» тақырыбында баяндама жасады.  

– Зейнолла Қабдолов – сан қыр­лы талант иесі. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Әдебиетті терең зерттеді. Қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жас ғалымдардың ғылыми жұмысына жетекшілік етті. Сирек кездесетін қаламгердің шығармашылығын әлі де зерттей түскен жөн, – дейді Зинол-Ғабден Бисенғали.

Конференцияда сөз өнерінің суреткері Зейнолла Қабдоловтың жазушылық, ғалымдық, ұстаздық келбеті жан-жақты ашылды деуге болады. Академиктің проза жанр­ында, әдебиеттану ғылымында қал­дырған мол мұрасы әлі талай зерттеушінің ғылыми жұмысына арқау болары анық.

 

Атырау облысы