Аймақтар • 06 Ақпан, 2023

«Ақылды» су құбыры тартылады

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы сияқты алып шаһарды сумен қамтамасыз ету айтуға ғана оңай. Бұған қоса кеңес кезеңінен мұраға қалған, кейінгі жылдары тартылған су құбырларының ескіргені бар, қайта жөндейтін, жаңғыртатын тұстары бар. Бұл аз десеңіз, құлашын жайып бара жатқан қаланың жаңа шағын аудандарына да алдымен су керек. Әсіресе кейінгі уақытта шіріген құбырлар әлсін-әлсін жарылып, ыстық су атылып, тұрғындармен қоса тиісті мекемелерді әбігерге салып отыр.

«Ақылды» су құбыры тартылады

Сондықтан мегаполистегі «Алматы су» мекемесі «ақылды» су құбырын тар­туға байланысты ауқымды жұмыс бас­тады. «Алматы су» МКК бас директоры Ілияс Қазиев мәлімдеп отырғандай, кәсіп­орын тек Алматы қаласын ғана емес, мегаполиске іргелес елді мекендерді де сумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етеді.

Шындап келгенде жоғарыдағы мәселе­лерге байланысты өткен жылы да сумен жабдықтау, кәріз жүйесін жаңғырту және дамыту шаралары толас тапқан жоқ деуге болады. Жұмыс бірнеше бағыт­та жүргізіліп, ең алдымен, нысан­дарды, желілер мен жабдықтарды қыс­қы маусымға дайындау, сондай-ақ же­лі­лердегі апатты жағдайларды азайту, су ысырабын азайту сынды істер ат­қарылды.

«Жазғы жөндеу науқанында кәсіп­орынның жеке қаражаты есебінен жалпы көлемі 103 550 шаршы метр болатын 39 таза су резервуары жуылып, тазаланды, 1,5 мың құдық, 1,9 мың вентиль, 1 050 өрт сөндіру гидранттары ауыстырылып, жөнделді, 300 шақырым су құбыры мен 450 шақырым кәріз желілері тазартылды, ең апатты 25 шақырымға жуық желі ауыс­тырылды», дейді І.Қазиев.

Осы арада 2022 жылға арналған инвес­тициялық бағдарлама сумен жабдықтау бойынша 2,8 млрд теңгені, су тарту бо­йын­ша 947 млн теңгені құрағанын айта кету керек.

Бизнес-үдерістерді ішкі оңтайландыру жүргізіліп, өндірістік және технологиялық сызбаларды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін «ақылды су құбыры» цифрлы су құбырын құрудың ауқымды жұмыстары басталды.

Алайда «Алматы су» кәсіпорнының бас директоры қаладағы негізгі мәселе тозығы жеткен су құбыры желілері екенін, бұл нақты тұтынушыға су жеткізуді қиын­­датып отырғанын жасырмайды. Же­дел қызметтер күнделікті жоспарлы жұ­мыс­тардың орнына, қазу жұмыстарын жүр­гізуге, сумен жабдықтау желілеріндегі апат­тар мен ақауларды жоюға, содан кейін асфальттау мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Кәріз желілеріндегі жағдай да күрделі.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойын­ша су құбыры желілерінің тозуы пайыздық көрсеткішпен – 54,2%, яғни 1 943 км су құбыры желілерін ауыстыру қа­жет. Кәріз желілерінің 56,6%-ы тозған, яғни 1 мың шақырымнан астамы қайта жа­ңартылуға тиіс. Атап айтқанда, Талғар су құбырларының барлық желісін, қала ішін­дегі магистралдық су құбырларын кезең-кезеңімен ауыстыру қажет. Сол сияқты Загородный мен Боралдайдағы ірі кәріз коллекторларының тозығы жеткен.

Тозу қарқынын төмендету үшін жыл сайын кемінде 104 шақырым су құбыры желілері мен 73 шақырым су бұру желілерін реконструкциялау қажет, ал қолданыстағы инвестициялық бағдарлама жылына небәрі 20-25 шақырым құбырды қайта жаңартуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда инженерлік желілердің тозу көрсеткішін бір қалыпта ұстап тұру тек жаңа желілердің есебінен ғана сақ­талып отыр. Кәсіпорынның жөндеу қоры то­лығымен су және кәріз тарифтерінің деңгейіне байланысты. Біздің қаладағы олар­дың бағасы республикадағы ең тө­мен­гі көрсеткіштердің бірі болып қала береді.

Ал бұған дейін бекітілген «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді келешегі» аясында желілер мен жабдықтардың тозу деңгейін төмен­детуді жеделдету мақсатында би­ыл сумен жабдықтауға қоса, су бұру сала­сындағы жаңа тарифтік саясатын құру жоспарланып отыр.

«Инвестициялардың орнын тариф­термен алмастыру» қағидаты да инже­нер­лік желілерді күтіп ұстауға және жаңа­сына ауыстыруға молырақ қаражат жинақтауға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Тұрғындарға көрсетілген қызметтер үшін ақы алудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында есепке алу жүйесін авто­маттандыру, «Алматы – Март Сити» тұ­жырымдамасы аясында негізгі комму­нал­дық кәсіпорындардың барлық есепке алу құрылғыларына датчиктер орнату қарастырылады», дейді «Алматы су» кә­сіпорнының бас директоры.

Сондай-ақ профилактикалық жөндеу, қашықтан диагностикалау мен энергия тиімділігін арттыру үшін заттар ин­тернеті әдістемесі енгізіледі. Осы ара­да ерекше тоқтала кететін жайт – ха­лық­қа судың да сұрауы бар екенін қа­пер­ге салып отыру. Сондықтан биыл тұр­ғындарды суды үнемді пайдалануға ынталандыру су есептегіштерін орнатпаған тұ­ты­ну­шыларға жаңартылған су тұтыну нор­ма­­­ларын енгізу жоспарланып отырған жайы бар.

Орталықтандырылған су құбырына қолы жетпейтін тұрғындарды сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында алдағы жылдары Қарғалы, Ақсай, Ер­менсай және Барлық өзендерінің су тарту құрылыстары іске қосылып, қо­сылған 10 елді мекенде 280 шақырым су құбыры желісі тартылады. Бұл 232 мың тұрғынды сумен қамтуға және қаланы орталықтандырылған сумен қамтуға 100 пайыз қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ