
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Нұрбек Матжанидің мәлімдеуінше, респонденттердің 70%-дан астамы отбасын қолдау орталықтарының қызметтерін пайдаланбаған, 19,3%-ы сауалдамадан алғаш рет олардың бар екендігі туралы білген және тек 7,1%-ы ғана осы орталықтарға жүгінген. Әсіресе Отбасын қолдау орталықтарының бар екендігін Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары білмейтін болып шықты.
Айта кетейік, Ұлттық баяндама ел тұрғындары арасында жүргізілген сауалдама аясында және осыған дейін жасалған түрлі зерттеулердегі деректер мен материалдарды сараптау арқылы әзірленген. «Мұндай әдістер отбасы институтындағы, отбасы саясатындағы кең көлемде жинақталған мәселелерді жүйелі түрде анықтауға мүмкіндік береді», дейді зерттеуші мамандар.
Сонымен қатар сауалдама отбасында балаларымен көп уақыт өткізетін әйелдер (44,5%) екенін көрсетті, ал ерлердің үлесі 25,6% ғана. Қоғамда қазір кеңінен талқыланып жүрген әкелер институтының мәселелері бойынша респонденттердің 54,1 пайызы «бала тәрбиесіне қатысқаннан гөрі, әкенің отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз еткені маңызды» деп жауап берген.
– Әрине, отбасы материалдық тұрғыдан жеткілікті болуы қажет, алайда бала тәрбиесіндегі әке рөлі екінші орында қалып қойып отыр. Сондай-ақ қоғамда жалғызбасты аналар мен жалғызбасты әкелер де бар, оған қоса ерекше балаларды, науқас балаларды өсіріп отырған егде жастағы және жас әкелер де бар. Бұл әкелерге де психологиялық, ақпараттық, медициналық, әлеуметтік-экономикалық көмек қажет деп есептейміз. Десе де қазақ отбасыларда ер адам отағасы болып саналатын дәстүрлі салт сақталады. Бұл жерде айта кетерлік жайт, ата-аналар үй шаруасын бірлесіп орындайды. Бұл бала күтіміне, бюджетті бөлуге және басқа да әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге қатысты. Ал бала тууды жоспарлау бойынша сауалдамаға қатысқан қазақстандықтардың 73,5%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп санайды, 15,2%-ы жоспарлаудың қажеті жоқ деп есептесе, 11,3%-ы бұл сұраққа жауап бере алмаған, – деді Нұрбек Матжани.
Ал азаматтық некеге көзқарасы бойынша орта есеппен алғанда барлық жастағы адамдардың шамамен 25 пайызы азаматтық некеге оң көзқараспен және 30 пайыздан астамы бейтарап қарайтыны анықталған. Мұндай некені 32,8 пайыз адам ғана қолдамайды. Мамандардың айтуынша, бұл дегеніміз Қазақстанда әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін дегенді білдіреді.
Сондай-ақ қазақстандық қоғамдық даму институтының отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы Жұлдыз Батталова еңбекқорлық –ата-аналар балаларына сіңіретін басты құндылығы дейді.
– Рейтингте бірінші орында еңбекқорлық, өзін-өзі құрметтеу, адалдық, үлкендерге және айналасындағыларға деген құрмет құндылықтары тұр. Сондай-ақ біз отбасылық дәстүрлер туралы сұрадық. Респонденттердің көбі отбасында жиі аталып өтілетін отбасылық мерекелер, жақындарының туған күндерін тойлау деп жауап береді. Сонымен қатар респонденттердің 90 пайызы ата-әжелерді бала тәрбиесіне тартуға оң көзқарас танытты, бұл отбасының аға буын өкілдері балаларда құндылықтардың, дәстүрлердің, үлкендерге деген құрмет сезімінің қалыптасуына оң әсер ететінін көрсетеді, – деді ол.
Отбасы институты саласындағы негізгі проблемалар мен елдегі отбасы саясатын жетілдіруге бағытталған Ұлттық баяндамада сонымен бірге қиын жағдайдағы отбасыларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуге арналған қанатқақты жобаның қызметі қамтылған. Онда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік-әлеуметтік қолдау мәселелері қарастырылған. Баяндамада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күреске әйелдер мен отбасы институтының ықпалы да қамтылған.
«Отбасын сақтап қалудың мәселелерін қарастырып, оның шешу жолдарын ұсынған Ұлттық баяндама енді ғана әзірленді. Ал проблема дәл қазір бар, онымен күрес әр кезде жүргізілу қажет. Оның себеп-салдары мен түп-тамырын зерделеуіміз қажет» деген пікірде Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Алтынай Тәңірбергенова.
– Ұл-қыздарымыз ана тілін, ата-баба тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейді. Мұның салдары тастанды, жетім, қиын балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, ажырасу, суицид, айта берсек, толып жатыр. Неге осындай жамандық атаулы көбейіп кетті?! Өйткені қазір ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарымыздың ахуалы алаңдатарлық күйде. Өскен ұясында отбасылық дәстүрден рухани нәр алған, ұлтжандылыққа тәрбиеленген, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін ұрпақ ешқашан жаман нәрсенің жетегінде кетпейді. Ажырасулардың кесірінен қанша бала толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Бұл – жай ғана жалаң цифр емес, бұл қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Бұл көрсеткіштің артында қанша адамның тағдыры тұр. Қанша сәбидің көз жасы тұр. Әкесіз тәрбиеленген ұрпақтың жарымжан тағдыры тұр. Мұндай мәселеге қоғам болып жауаптымыз, – деді Алтынай Тәңірбергенова.
Қазіргі күні отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы әлемдік үрдіске айналып отыр. Еуропа елдерінің басым көпшілігі ажырасу деңгейі бойынша алғашқы қатарда тұр. Зерттеушілер бұл індеттің дәстүрлі құндылықтарға берік елдерге де тарай бастағанын айтады. Осыған қарасақ, бұл мәселенің Қазақстанды да айналып өтпесі заңдылық секілді, өйткені шекарамыз әлемнің барлық нүктесіне ашық.
– Әрине, дамыған елдерге ұқсағымыз келеді, бірақ «жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренетін» тұстары да аз емес. Біз қазір Жапонияның технологиясы мықты деп таңғаламыз. Ал сол жапондардың экономикасы алдымен отбасы экономикасынан басталатындығына мән бермейміз. Олар баланы сәби кезінен еңбекке баулиды, ал еңбектене білу, зор өркениетке жеткізеді. Біздің ата-бабаларымыз ұрпағын еңбекке тәрбиелемеді ме? Үлгі тұтып, біреуге тамсанғанша, өзіміздің түп-тамырымызға үңілейік. Бабаларымыз «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп ұрпағына атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жыл маусымы ауысуымен көштің қалай, қайда көшуін, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуі, ел батырларының ерлік хикаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңірген. Бесігінен сіңген тәрбиенің маңызын білген. Қараңыздаршы, ешқандай жоғары білімі жоқ ата-бабаларымыз қандай ұрпақ тәрбиелеген?! Біз қазір білімдіміз, екінің бірінде жоғары білім, тіпті доктор, профессорлық дәреже бар. Ал ұрпағымызды қалай тәрбиелеп жүрміз? Кейде ата-аналар «жұмысбастымыз, баламен сөйлесуге уақыт жоқ», деп жатады. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Үй шаруасымен айналысып жүріп-ақ баламен сырласуға болады, – деді Аналар кеңесінің басшысы.
«Қарашаңырақ» РҚБ құрылтайшыларының бірі Тұрар Сәттарқызы да «ұл-қыздарымыздың бесігінен басталатын тәрбиенің тірегі ұлттық құндылықтар болуы керек. Ұлттық құндылықтарға негізделген отбасында өскен баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады, ұлттық танымы жүйелі қалыптасқан бала ұлт мүддесін ойлайтын, ұлтжанды азамат болып өседі. Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі, егер әр отбасының діңгегі берік, ұрпақ тәрбиесі өнегелі болса, ондай мемлекет мызғымайды. Ұлтымыз жаһандану заманында жұтылып кетпеу үшін, ұлт болып қалуы үшін қазақ өз болмысынан ажырамауы керек», деген пікірде.
Осы орайда отбасы құндылықтарын сақтап қалуға бағытталған «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасы сәтті жүзеге асырылып, жақын болашақта өз жемісін береді деп сенеміз.