Пікір • 31 Қаңтар, 2023

100 және 99

379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қылмыстық кодекстегі 100-бап «Жаңа­ туған баланы анасының өлтiруi» деп аталады. Жазасы – төрт жылға дейiн бас бос­­тандығын шектеу немесе сол мер­зiмге бас бостандығынан айыру. Елі­міз­де кейінгі екі айда осы бап бойынша екі оқиға тіркелді.

Бірі – Ақтөбе, екіншісі – Ақмола облысында. Алғашқысында жаңа босанған ана ұлын қағаз қорапқа салып, көпқабатты үйлердің біріне тастап кеткен. Дүние есігін ашпай жатып шетінеп кеткен шақалақтың мәйітін тұрғындар түнде кеш қарайғанда ғана көріп, полицияға хабарлаған. Ал соңғы оқиға мүлде сорақы. Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Макинск ауылының тұрғыны – 33 жастағы келіншек жүктіліктің 24-аптасында жоспарлы тексеруге келген. Аудандық аурухана дәрігері келіншектің екі күн бұрын босанғанын сол кезде ғана білген екен. Сөйтсе үйінде қан кетіп ерте босанып қалған әйел түсік тастап, шала туған сәбиін пеште өртеп жіберген көрінеді.

Бұған дейін қоқыс жәшігі мен дәрет­ханадан табылған нәрестелер туралы талай ақпарат таратылды. Ең өкініштісі, мұндай оқиғаларда басты қылмыскер – сол сәбиді жүрегінің тұсында көтеріп жүрген анасы. Ал қолданыстағы заңға сәйкес тумай жатып нәрестесін өлтірген ана ең көп дегенде 4 жылға бас бостандығынан айырылады. Нәресте өлімі үшін бұл аз ба, көп пе?

100-баптағы норманы толығымен айтсақ, «Анасының өзiнiң жаңа туған баласын босану кезiнде, сол сияқты одан кейiнгi кезеңде пси­хикасын күйзелтетін ахуал болған жағ­дай­ларда немесе есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасының бұзылуы жағдайында өлтiруi» деп оқылады. Осы тұста заңгерлерді ғана емес, қарапайым жұрт­ты да шатастыратын екі ұғым бар. Бұл – «психикасын күйзелтетін ахуал» және «есiнiң дұрыстығы жоққа шығарыл­май­­тын психикасының бұзылуы» деген сөздер. Жаңа босанған әйелдің психикалық күйзелісі қалай анықталады? Ал есі дұрыс ана ішінен шыққан шаранасын қалай өлімге қияды? Шыны керек, баптың заңнамалық анықтамасының өзі сәби өлтіру фактісінде әйелдің іс-әрекетін сараптау кезінде көп­теген проблема туғызады.

Мәселен, заңгерлер нақты тәжірибеде дәл осы қылмысқа барған қыз-келіншек­тер­дің өз іс-әрекеттерінің себебін түсін­діре алмайтынын айтады. Сол себепті көбіне сот үкімі арнайы дәрігерлердің са­рап­тамалық қорытындысына сүйене отырып шығарылады. Бірақ көбіне-көп сот 100-бапта көзделген жазаның жеңілдетілген жағдайын қарастыратыны белгілі. Себебі? «Себебі мұндай қадамға баратын әйелдер эмоционалды жетілмеген, өз әрекеттері үшін жауап беруге дағдыланбаған адамдар», дейді психолог Зарина Штеер. Мамандар эмоционалдық шиеленіс жағдайы, босан­ғаннан кейінгі депрессия, қорқыныш, қо­ғамның қысымы, әкесінің баладан бас тар­туы – осының барлығы жас босанған әйел­дің мінез-құлқына әсер етуі мүмкін еке­нін алға тартады. Алайда бұл себеп пен салдар нәрестелерін өлтірушілерді ақтап алмасы анық.

Бір айта кетерлігі, 100-бап санкциясы тек жаңа туған нәрестені анасының өлтіруіне қатысты. Бұл ауырлығы орташа қылмысқа жа­­тады. Ал егер бала бір күннен артық өмір сүрсе, тағылған айып «Адам өлтіру» 99-бапқа ауысады. Себебі жаңа туылған нәрестелердің үш санатын педиатриялық, акушерлік және сот-медициналық бойынша сараптасақ, педиат­­­­­­рияда ол тірі туыл­ған­­д­ығын анықтаған сәттен бастап екі айға, акушерлікте бұл кезең бір аптаға, сот медицинасында бір күнге тең. Кодекстің бұл бабы бойынша кінәлі деп танылған адам 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Екі бапты «ажыратып» тұрған мерзім 1 күн болғанымен, екеуінің де салмағы ауыр, салдары терең. Алайда заңгерлер 100-баптың санкциясы жұмсақ, сәбиін өлтірген аналарға жаза қатал болуы керек дегенді айтады. Шындығын айтқанда, осы уақытқа дейін елімізде жаңа туған нәрестелерді өлтіргені үшін жазаны қатаңдату туралы мәселе өткір көте­ріл­ген жоқ. Тіпті баласын өлтірген жаңа босанған анаға психологиялық көмек көр­сету, емдеу туралы да нақты талап-ереже еш жерде жазылмаған. Өйткені жазаны қатаңдату арқылы 100-баптың түп себебін тамырымен жойып жібере алмайтынымыз түсінікті. Оның үстіне жоғарыда айтқан екі оқиғаның екі түрлі тағдыры мен тамыры тіршіліктің күйбеңімен тереңдеп кетер себебі бар.