Қоғам • 22 Қаңтар, 2023

Домбайды қашанғы «құлан» дейміз?

5484 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің жуырдағы бір санында (20 желтоқсан, 2022 жыл) Нұрқанат Құлабай інімнің «Құба жонда құлан жортар күн қайда?» атты мақаласын оқыған соң, қолыма қалам алдым. Себебі елін, оның табиғатын, өлі-тірі бар жаратылысымен сүйе білген әр азаматтың көкейіне қонақтаған бір арманын еске түсіріпті. Оқушы кезімізде әлдебіреу тракторымен Кендірліктің суы тасып, арыны басылған кезде жойдасыз үлкен бір сүйекті мектеп ауласына (Шығыстағы Зайсан қаласы) сүйреп әкелгенде, білетіндер оны «Мамонт деген хайуанның қабырғасы екен» десті. Сол жылдары газеттердің бірі Зайсан көлінің жағасынан қылыш тісті жолбарыстың тісі табылғанын жазып еді. Сонда ғой, балаң арманшыл көңілдің «Шіркін, ғылым соларды қайта тірілте алса ғой», деп қиялдағаным.

Домбайды қашанғы «құлан» дейміз?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тарихтың терең қатпарларында қай­та­дан оралуы мүмкін емес жылқы­ның түпкі ататегі болып саналатын жаба­йы тарпаң сияқты жануарларды айт­па­ғанда, жерімізден өткен ғасырдың ба­­сында ғана соңғысы атылған Тұран жол­барысының орнына Амур жолбарысын Балқаш бойына әкеліп, жерсіндіру жөніндегі мемлекеттік жоба бойынша қат-қабат шаруалардың жүзеге асырылып жатқаны табиғатты адамзат тоз­дырмай, мүмкіндігінше оның бауырынан өрген жан-жануарларын сақтап қалу жолындағы нағыз кісілікті қадам ғой бұл.

Н.Құлабай мырзаның арманы да қазақ сахарасында бір жарым ғасыр уақыт бұрын жүз-жүздеп жортқан құлан деген жылқы тектес жануардың сол мекеніне қайта оралуы ғой. Бәрекелді, бәріміздің де қиялымыз жалғыз құлан емес, ұшқан құс, жүгірген аң атаулының тұқымдарының құрып кетпеуін ойлаймыз. Шығыстағы ел шетіне барған са­йын ағайынның амандығын сұрағандай, Сауыртаудың сәніндей аң атаулыдан тау текелердің, бұлғын, сусарлардың, ұшқан құстан ұлардың, үкі, дуадақтардың өте сирек кездесетінін естіп қиналамын. Тіпті Сауырдың шаңырақ мүйіз арқары мен бұғы-маралын аулаушылары бар, иесіз аңды аяусыз атып ала беретін ке­ңес­тік шекарашылары бар, бәрі жабылып, олардың да тұқымдарын құртуға таяп қалып еді, қазір тәуелсіздік алған жылдардан бермен табиғатты қорғау жөніндегі заң мен тәртібімізді қатай­тып, арқар-елік, бұғы-марал, ақбөкен-қарақұйрық, басқа аю-сілеусін дегендей табиғаттың түрлі төлдерінің есепке алынып, көбейе бастағанына қуан­дық. Қазақстанда «құлан», ал Шыңжаң, Алтай, Сауырдың арғы бетіндегі қа­зақ­тар көбіне «керқұлан» деп атайтын жылқы тұқымдас жабайы жануардың сонау Шың­ғыс ханның заманынан бермен қа­рай Моғолстанда, яғни қырғыз елі мен қа­зақ елінің оңтүстігінде, ауған жеріне де­йін үйір-үйір болып жайылатынын және оларды аран құрып, ор қазып, жүздеп, мыңдап қыратынын Шыңғыс хан туралы жазылған көптеген көркем және дерек­ті шығармадан оқыдық. Тіпті күні кеше­гі деп айтуға болатын орыс жиһанкезі Николай Михайлович Пржевальский 1879-80 жылдары қазақ жері арқылы Лобнор, Гоби шөлі, Тибет жеріне бірнеше рет саяхат жасап жүргенде, өзі алғаш рет Моғолияның оңтүстік-батысындағы Гоби шөлін кесіп өтіп бара жатқан кезде құландардың алыстан сағымдай сырғып өткен үйірін алғаш рет көріп, ол туралы мәлімет жинай бастайды. Ол жануарды тірідей қолға түсіру мүмкін болмайды да, табылған қу бас сүйегі мен тулақ-терісін базардан тірі жылқыға айырбастап алған соң, оны жылқы тұқымдас жабайы жа­нуар деп атайды. Демек бұл жануар Гоби шөлінде бұрынғыдай мыңғырып жүрме­се де, үйір-үйір болып кездеседі деген сөз. Ал олардың біздің құба жондары мен кең дала аумағынан қай кезеңде жоғалға­нын, өздерін қойғанда, ізін тауып, білу де оңайға соқпайды.

Бұрын-соңды ғылымға белгісіз жа­байы түйені Гоби шөлінен тауып, дәнік­кен саяхатшы тулақ пен бас сүйекті де­реу қазақтар Тасқала деп ат қойып алған Санкт-Петербургке жолдаған, та­ғы бір жаңалық ашармын деген оймен генерал-майор әрі тыңшы, ғалым Пржевальскийге шынында қуанышты хабар келеді ғой. Осы уақытқа дейін зоология ғылымына мүлде беймәлім, жыл­қыға ұқсағанымен, көп жаратылысы бөлектеу, есекке ұқсағанымен одан да ерекшелігі мол жабайы жылқының бұл түріне «Пржевальский жылқысы» деген атауды беріп кеп жіберіпті. Ғалымға лайықты сый-сияпат тапсырылады. Жерлерін ғасырлар бойы бірге мекендеген қазақ, қырғыз ол жануарға атау беруді ұмытқандай, сөйтіп, бұл жануар «Пржевальский жылқысы» дейтін су жаңа атауға ие болып шыға келеді. Бұл – соноу 1880-жылдардың оқиғасы. Бір жарым ғасыр бойы, тіпті «құлан», «кер құлан», «түзат» аталып келген атаулары күні бүгінге дейін ұмытылып, жиһанкез ғалым бірнеше жылқы тұқымдастарын жылдар бойы будандастыру арқылы дүниеге әкелген жаңа тұқым сияқты тағы да жаңа атау беріп үлгерді. «Қазақ, қырғыз бұл жануарды не деп атапты?» деп сұрау салуды да қажет деп санамаған. Алматыдағы зообақтағы бұл жануарлар қамалған тақтайшаларға да «Пржевальский жыл­қысы» деп, астына «түзат» деп жазыпты. Орыс ға­лымы мен орыс ғылымы не айтса да «Неге олай?» деуге жарамай, «Ләббай, сенікі дұрыстың» бір көрінісі – осы. «Пржевальский жылқысын» неге «құлан» деп жүрсіңдер?» деп ешкімнің айтпайтыны тағы белгілі. Бар кесел бұқпа торғай мінездес өзімізде тұр.

«Egemen Qazaqstan»-да жарияланған «Құба жонда құлан жортар күн қайда?» деген мақаладағы бұл жануарды өз ме­кеніне әкеліп жерсіндіру дейтін келелі ойды біз де қолдай отырып, өткен ғасыр­дың 50-жылдары түрікмен жерінен Бар­са­келмеске бірнеше басын әкеліп, ол көбейген соң біразын Алтын-Емелге көшіріпті. Өсіп-өніп көбейген соң «Қа­зақ­станның түкпір-түкпіріне – Шу өзенінің оң жағалауындағы Аңдасай, Маң­ғыстаудағы Ақтау – Бозашы қоры­ғына, Торғай даласына жіберіле бас­тапты. Бұл, әрине, тұқымы біржола құрып бара жатқан жануарлардың бір түрі болса да құтқарып қалу жолындағы өте құптарлық іс-шара еді. Қарапайым жұртшылықтан бастап, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларды құтқаруға кірісіп жүрген жауапты кісі­лердің өздері домбайлар­дың құлан емес­тігі туралы күмәндан­ба­ған сияқты.

Алайда ағайын, біздің мәпелеп, суатты өріс, құнарлы қонысын сайлап, қадірлеп, әр жерге көшіріп апарып жүргеніміз құлан дейтін жануар болмай жүрмесін дейтін күдігіміз тарқар емес...

2008 жылдың сәуір айында «Алматы ақшамы» жылқы тектес бірнеше жа­нуар­дың суретін жариялап, олардың Гер­маниядан әкелінген құландар еке­нін жазыпты. Сурет көзге оттай басылды. Содан бірер жыл бұрын теледидардың бір хабарынан Германиядағы есімі біраз елге әйгілі зоолог қарияның жоғалып бара жатқан жануарларды сақтап қалу­ға өмірін арнағанын, бағып отырған хайуандарының ішінде Орталық Азияда мүлде құрып кеткен құландардың барын көрген едім. Бәлкім бұл әкелінген сегіз құлан сол кісіден алынған болар деген ой келген. Қайдан әкелінсе де, оның ортамызға оралуы үлкен оқиға еді.

Құлан сөзінің шығу төркіні «құла аң» дейтін анықтамадан шыққандықтан, олардың түрі-түсі сары мен күреңнің қосындысындай құла болуы, бойы мен сойы, шағындау тұрқы, қысқа жалы­ның тік тұруы, құлағының кішілігі, тасырқамас болат тұяғы, бауыр жүні­нің ақшуландығы, сирақтарының орта­ша­лығы – бәрі-бәрі, бүкіл бөгенайы біз құлан деп мәз болып жүрген жануарға ұқсамайтыны анық еді. Барлық жан-жануар атаулының қыры-сырына әбден қанық, этнограф ғалым Жағда Бабалықов марқұм да суреттерге «нағыз керқұландар осы» деген түсінік берген болатын. Біз де зоологияға еш қатысымыз болмаса да бала кезден Шалкиіз жыраудың, «Далада құлан, домбай шұбырса, О дағы бір егеулі оққа жолығар», Бұқар жырау бабамыздың «Құландар ойнар қу тақыр, Қурай бітпес демеңіз...» сияқты толғауларын естіп, оқып өскен соң шын құланды іздеп, сол газеттің сол айдағы бір санында «Нағыз құлан осы» деп мақала жариялағанмын. Оның үстіне «Egemen Qazaqstan» газеті 1998 жылғы 21 наурыздағы санында жерімізде бұрын және қазір мекен ететін жануарлардың атауын жариялап, онда: «Құлан – үйір болып жүретін жабайы жылқы», ал домбай – жабайы, тағы есек» деп жазған.

Біреулер: «Құрып кетті деген құла­ның басқасын айтпағанда, Іле бойын­­да мыңғырып жүр ғой» деуі мүмкін. Рас, «құрып кеткен құланды құтқарамыз» деп Түрікменстаннан 14 жануарды Арал­­дағы Барсакелмеске әкеліп, кө­бейт­­тік те, Алтын-Емелге, одан басқа жер­лерге көшірдік. Ең бастысы, оларды «Прже­вальский жылқысы», яғни «құлан» деп жарияладық. Рас «Пржевальский жылқысы» деп жүргеніміз құлан болатын, ал Түрікменстаннан әкелінген­дер құлан емес, жабайы есек – домбай болатын. Шалкиіз жыраулардың сөзіне қарағанда, біздің құба жондарымызда құлан да, домбай да жортқан. Домбайды көбейте алғанымызбен, Асан Қайғының «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер», Махамбет­тің «Құландай ащы дауыстым» дейтін құланды қайта жерсіндіру шаруасы әлі басталмады десе де болады екен. Алматы зообағы директорының орынбасары Ағыбай Әжібаевтың айтуына қарағанда, баяғы Германиядан әке­лін­ген құландарды Алтын-Емелге жібер­ген екен. Олар дом­байларға өздері де қосыла қоймапты. Және домбайлар құ­лан­дардан да, жыл­қылардан да қорқып, оларға көп жоламайтын көрінеді. Қазір зообақтағы нағыз құландардың екі айғыр, бір-екі бие, бір құлыншағын көріп, олар­дың жаратылысындағы домбайдан ерек­шеліктеріне үңілдік. «Домбай» атауы осы жануардың жерімізден тым ерте құрып кетуіне байланысты ұмытылса керек. Бұл атау көптеген ғылыми еңбекте аталмайды. Тек 1999 жылы жарыққа шыққан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Қазақ тілінің сөзді­гінде» ғана домбайға «жабайы есек» деген анықтама беріпті. Кезінде жыл са­йын мол таралыммен басылып тұратын «Кеңес энциклопедиялық сөздігінде» Үлкен Қап тауының (Кавказ) солтүстік еңкейісіндегі Теберт өзенінің басында Домбай алаңы дейтін жердің және сол жерде Домбай атты елді мекеннің барын, сондай-ақ Қап тауының батыс жотасында «Домбай өлген» (үлген) атты биік­тіктің бар екені жазылыпты. Демек бұл тауда да домбайлардың өмір сүргенін және қарашай, балқар сияқты түркітілдес ағайындардың да бұл жануарды осылай атағандарының дәлелі. Тұлпар мінген Жошы ханның серіктерінен қара үзіп, ұзақ қуалайтын құлан үйіріне жабайы есек – домбайды ұқсату қисынсыз қиял. Тағы бір қисынсыз әңгіме 2004 жылы жарық көрген «Жетісу» энциклопедиясында құлан атын жамылып жүрген бұл жануар туралы «Еті, сүті көп ауруларға ем» деп жазылыпты. Мақала «құлан» деп аталып, құланның суретін бергенмен, әңгіме тағы да Түрікменстаннан, одан Барсакелместен жеткізілген домбай – жабайы есек туралы болып тұр. Қазақ «Есектің күші – адал, сүті арам» демеп пе еді. Алтын-Емелде жүрген сол жануарды қанша жерден «құлан» деп дәріптесек те, соның сүтін ішіп, етін жеп көрген біреу бар ма екен? Мақала авторы домбайды айтпағанда, тіпті құланның сүтін сауу дегеннің мүмкін еместігін ескермей, «еті, сүті – ем» деп жазып жіберген ғой.

Жаратылыста сыңар дүние жоқ. Жан-жануарға дейін жабайы бір түрі болса, соның қолда өсетін екінші түрі бар. Қой – арқар, ешкі – тау ешкі, сиыр – бұғы, жылқы – құлан, есек – домбай дегендей. Құлан да, домбай да құрып бітудің алдында тұр. Екеуін де қорғап, өсірейік. Бірақ домбайды құлан деп шатастырмай, жабайы есекті – домбай дейік. «Қағынан жеріген құлан қаңғырып өлер», «Құлан жортпас, құладын ұшпас қу дала» деп мақалдап, мәтелдеп «төл малындай» көр­ген құба жонда жортқан жануардың дом­байдан атауын арашалап алар уақыт жетті.

Тағы да дәлелдер келтірер болсақ, әр кезде қағазға таңбаланып қалған деректер көп. Жиһанкез ғалым әрі импе­рияға қажет болар құнарлы мекен із­де­ген тыңшы Н.М.Пржевальский «Из Зай­сана через Хами в Тибет и на вер­хо­вья Желтый реки» («Огиз Госу­дар­ствен­ное издательство географичес­кой литерату­ры, Москва,  1956) атты кітабында былай дейді: «Санкт-Пе­тербург қаласындағы Ресей Ғы­­лым ака­демиясының мұражайын­дағы жалғыз жабайы жылқының бас сүйегі мен терісі туралы зоолог И.С.Поляков бы­лай деп суреттеп жазыпты: «Она хотя и представляет некоторые, даже значительные признаки (отсутствие длинных волос на верхней половине хвоста, отсутствие челки, которая, прямостоячая грива), свойственные ослам, но по общности других, более важных зоологических отличий (по форме черепа и копыт, присутствию мозолей на задних ногах, чего не бывает ­у ослов, неимению спинное ремня, нако­нец по общему складу) весма приближает­ся к домашней лошадей...»

Жануардың бір тулағы мен бас сүйегін зерттеп, оған «Пржевальский жылқысы» деп ат қойып, айдар тағып жүргендері ғасырлар бойы құба жонымызда жортқан құлан екенінде дау жоқ. Оны сол ғалымға екі-үш дүркін жолбасшы болып, қызмет көрсеткен зайсандық Мырзаш батыр Алдиярұлының құланды бірнеше рет атып алғаны туралы ел ішінде әңгіме де айтылады. Жазушы Серік Байхонов­тың Пржевальский мен Мырзаш батыр туралы «Алтай асу» атты романында («Болашақ» АҚ, Алматы, 2019) Мырзаштан: «Өзіңіз жабайы жылқыны көрдіңіз бе?» деп сұрағанда, ол «Көргенің не, талай рет атып та алғанмын. Бірақ еті қаттылау болады екен» деп жауап береді.

Ақсақ Темірдің ұрпағы ХV-XVІ ға­сырларда өмір сүріп, Үндістанға барып, ұлы Моғол империясының негізін қалаған Заһир-ад-Дин Мұхаммед Бабыр өзінің «Бабырнама» атты кітабында: «Бұл қоныстан таңсәріден аттанып, Қат­тауыз жазығында (Ауғанстан жері) сансыз көп құлан мен киікті қоршауға алып, ауладық... Аң аулаған кезімде бір құланды қуып... садақ тарттым... Құлан ғажайып семіз екен. Қазысы бес еліден сәл-ақ кем болды...» деп жазады.

Осынау деректерді тізбелеп отыр­ған себебім де осыдан бір жарым ғасыр бұрын тулағын зерттетуге Тасқала – Санкт-Петербургке жолдап жүрген аң­ның есекке ұқсағанымен, есек емес еке­нін, ал Мырзаш батырдың оның етін же­дім деуі, бұдан V-VІ ғасыр бұрын Бабыр­дың «Құланның қазысы бес еліден сәл-ақ кем болды» деуі бұл аңның тағы да есек емес екенін дәлелдегендей. Қазақ баласының есектің етін жемейтіні анық. Ал құланды өнері асқан бабаларымыздың аулап, азық қылғаны тарихи ақиқат.

Германиядан жеткізілген нағыз құлан­ның біразы Алтын-Емелде бөлек бағы­лып, біразы Алматыда зообақта бағылғаны­мен, әлі көбейе қоймағанын бақ қызмет­кері Ағыбай Әжібаев мырзаның әңгімесі­нен де аңғарылады. Алтын-Емелдегі өсіп-өніп жатқан құландарымыздың тарихи мекендері Торғай даласы, Ақтөбе, Қостанай облыстарының аумағы екен. Ғалымдардың айтыстарына қарағанда, құландар Арқалық, Торғайдың жазираларында жазда жортқанымен, қыс­та Сыр бойы, Каспий жағалауы сияқты қысы жайлы жаққа ауады екен. Аязды Арқаға жерсіндіру үшін жеткізілген домбайлардың біразы шығын болған сияқты. Есек тұқымдас бұл хайуан о бас­та Түрікменстан сияқты қысы жылы болғандықтан, суыққа төзімсіз, тебіндеп жайыла да алмайды екен.

Қазақстандық биоалуандықты сақ­тау қауымдастығының рейнтродукция бойынша бас маманы Альберт Са­лем­гареев 1953 жылы Барсакелмеске Түрік­менстаннан әкелінген 11 құлан қазір Алтын-Емелі бар, Қостанай облысының оңтүстігінде құрылған «Алтын Дала» резерваты бар, одан басқа да мекендердегі құландардың (бір құжатта 14 бас әкелінді деп жазады), жиыны 4 660 басқа жетке­нін жазыпты. Өсуі жаман емес. Апарған мекендерін жерсініп кетсе, олар жүз мың­дап саналатын уақытқа да жетерміз. Ең үлкен өкініш, бұлар құлан емес, жабайы есек – домбай ғой.

Сонау 2008 жылы «Алматы ақша­мына» жариялаған «Нағыз құлан осы» деген мақалама білермен оқырмандарынан немесе зоологиямен, оның ішінде құлан сияқты жануарларды зерттеп жүрген ғалымдардан «Дұрыс-ақ, жабайы есек құлан емес» деп құптаған, болмаса «Құлан дегеніміз – сіз жабайы есек деп отырған осы жануар. Дәлелі мынадай» деп терістеген бір жан болса қанеки?! Бұл – ештеңеге мән бермейтін бойкүйездік пе, немкеттілік пе, әлде «Ақыры құлан атаулы құрып кеткен екен, жабайы есек болса да соны «құлан» деп өзімізді жұбатып, алдандыра тұрайық» деген пиғыл ма – жіп таға алмадым.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ніне тоқталып, құланның домбайдан негізгі айырмашылықтарын нақтылап айтар болсақ: құланның тұрқы биіктеу; сирақтары ұзындау; бауыр жүні ақшыл­дау болғанмен, түсі құла; сағатына 70-80 ша­қырыммен жүгіре алатын жүй­рік, айғырлары кез келген жылқыны дене­сімен соғып, құлата алатын күшті (Жошы ханзаданың қазасын еске алайық); төбесі тықыр, тікірейген жалы қысқа, кекілі жоқ; бас сүйегі мен тұяқтарының өзгеше пішімдері; айғырларының үй жыл­қысына шабуыл жасап, жас бие­лерді бөліп әкетуге тырысатын қа­сиеті; ал домбайдың айғырларының жыл­­қыдан қорқып, жоламайтыны; арт­қы аяқтарындағы мүйізгектері; қыр арқа­сында қоңырқай белдеу жолақтың жоқ­тығы сияқты, т.б. қасиеттері құланның домбайдан ерекшеліктерін көрсетіп тұр ғой. Осыларды көре-біле тұра өзімізді алдаусыратумен келеміз.

Рас, Қазақстанның құрып бара жатқан жан-жануарлары мен өсімдік түрлерінің «Қызыл кітабының» қызыл парақшасына жазылған құлан дейтін жануардың бір­жола құрып кетпеуі үшін іс-әрекеттер 1953 жылдан басталыпты. Халықаралық табиғат қорғау одағы, Қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және Жануарлар дүниесі комитеті, оған қоса шетелдік ұйымдар... Құдай-ау, табиғатты қорғай­тын ұйымдар мен мекемелер мұнша көп болар ма?! Бәрінің жабылып, әлі күнге дейін соры ашылмаған құлан мен қателессек те қамқорлығымызда өсіп-өніп жатқан жабайы есек – домбайды айыра алмай жүргеніне таңым бар!

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты