Медицина • 18 Қаңтар, 2023

Германиялық дәрігердің сәтті операциясы

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Эпилепсия ауруы туралы естімеген адам жоқ шығар. Аурудың бұл түріне операция жасау оңай емес. Бұл ретте отандық медицина саласының дамуы үшін озық елдермен тәжірибе алмасудың пайдасы зор. Жақында Алматыда әлемге әйгілі Шарите клиникасының нейрохирургі, профессор Ульрих Томале эпилепсияның күрделі түрі бар бес балаға операция жасады.

Германиялық дәрігердің  сәтті операциясы

Алматының № 2 қалалық балалар кли­никалық ауруханасында үш күн бойы Германиядан келген про­фес­сордың қатысуымен «Эпилепсияның фармако­резистентті түрі бар бала­лар­дағы аз инва­зивті функ­ционалдық гемисферотомия» балалар нейрохирургиясы бойынша бірегей ше­берлік сабағы өтті.

Фармакорезистентті эпи­­­­лепсия кезінде дұрыс таң­далған эпилепсияға қарсы препараттар тиімсіз және эпилепсиялық ұстама­ларды бақылауды қамтамасыз ете алмайды. Әлемдік статистикаға сәйкес эпилепсияны дәрі-дәрмекпен емдеу науқастардың 70-80 пайызына тиімді. Қалған 20-30 пайызында эпилепсияның фармакорезистетті түрі бар. Егер басқа емдеу ұстамаларды бақылауға көмектеспесе, эпилепсияны хирургиялық емдеу тағайын­далады. Кейінгі жылдары эпилепсия хирургиясы бойынша жаңа технологиялар әзірленді. Олар бұрын мұндай емдеу мүмкін болмаған пациенттердің сауығып кетуіне мүмкіндік береді дейді мамандар.

«Біздің бес кішкентай баламызға операция жасалды. Берлиндегі «Шарите» клиникасынан келген қонақ, профессор Томаленің жетекшілігімен өткізілген ше­берлік сабағының барысында ұстамалары жиі болатын эпилепсиямен ауыратын балалардың миына ауыр, күрделі ота сәтті жүргізілді. Балалар – қазір нейрохирургия бөлімінде. Болашақта мұндай балаларға біз өз бетімізше ота жасаймыз деп ойлаймын», деп атап өтті №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері, белгілі қазақстандық нейрохирург Марат Рабандияров.

Иә, мұндай тәжірибе алмасудың бір пайдасы – болашақта эпилепсиямен ауыратын балалардың ата-аналары емделуге шетелдік клиникаларға бару, көп қаражат жұмсау, шетелде өзін қолайсыз сезіну секілді әурешіліктен құтылады.

Елімізде 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жүйесінде мемлекет тарапынан сақтан­дырылған. Сондай-ақ №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының практикасына енгізілген эпилепсия хирургиясы бойын­ша операциялар пациенттерді іріктегеннен кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі.

Айта кетейік, профессор Ульрих-Вильгельм Томале – балалар эпилепсиясын хирургиялық емдеу саласындағы әлемге белгілі маман. Практикалық балалар нейро­хирургі жолының барлық кезеңінен өткен Томале 8 жылдан аса уақыт бойы Шарите университеттік клиникасының педиатриялық нейрохирургиялық қызметін басқарды.