Қоғам • 16 Қаңтар, 2023

Балабақша әлемі: Жетістік пен кемшілік

599 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміз балаларды толықтай балабақшамен қамтуға басымдық беріп отыр. Қазір елде 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым болса, оның 6 мыңға жуығы – мемлекеттік, ал 5 мыңнан астамы – жекеменшік.

Балабақша әлемі: Жетістік пен кемшілік

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Былтыр Оқу-ағарту минис­тр­лігі тексеруден өткен бала­бақшалардың жартысы техни­калық және санитарлық талапқа сай келмейтін ғимаратта ашыл­ғаны туралы хабарлады. Ал биыл мек­тепке дейінгі тәрбие мен оқы­тудың жаңа стандарты, үлгілік бағ­дарламасы қабылданды.

Ел егемендік алған жылдары балабақшаға сұраныс қазір­гідей жоғары бола қойған жоқ. Өйткені жұмыссыздық қыс­қан қиын-қыстау шақтарда ақ жау­лықтылардың басым көпшілігі үйде бала тәрбиесіне көңіл бөлді. Ал қазір жас отбасылар екі жақтап жұмыс істеп, тұрмысын тіктеуге тырысады. Нарық заманының талабы осы. Сондықтан халық тығыз шоғырланған қаламен қоса ауылдарда да балабақшаға сұраныс жоғары. Үкімет әлі де болса елдегі балабақша санын арт­тыруға көңіл бөліп отыр. Бірақ бала­бақша ашу деген осы екен деп стандартқа сай келмейтін нысан­дардың салынуына жол беруге тағы болмайды. Кейінгі екі-үш жылда Оқу-ағарту министрлігі осындай жайсыздықты тежеу­ге түбегейлі кірісе бастады. Себебі мемлекеттің басты бағыты – балалардың қауіпсіздігі және оларға қолайлы әрі сапалы жағдай жасау екені белгілі. Жоғарыда атап өткен жаңа мемлекеттік стандарт балаларды «ойын арқылы оқыту» қағидасына негізделген. Бұл, әрине, бөлек
тақырып.

вы

Балабақшалардың негізгі жұмыс бағыты жайында айтар болсақ, мектепке дейінгі ұйымдар тәрбие мен оқыту саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілер шеңберінде жұ­мы­­­сын үйлестіреді. Оқу-ағарту министрінің ­бұйрығымен бекітілген Мек­­тепке дейінгі ұйымдардың үлгі­л­ік қағидатына сәйкес балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамуындағы ауытқуды түзету, әлеуметтік бейім­деу, дамыту, медициналық бақылау, сауық­тыру және басқа да қызмет түр­лерінің шығыстарын мемлекет қар­жыландырады. Ал ата-аналардың ай сайынғы төлемақысы балалардың ас-ауқатына жұмсалады.

Былтыр елде бас-аяғы 458 мектепке де­йінгі ұйым ашылған. Ал биылғы жос­пар бойынша шамамен 400-ден астам балабақша пайдалануға бері­ле­ді деп жоспарланған. Оқу-ағарту министрлігі хабарлағандай, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 100 пайызға қамтудың нақты жос­па­ры бар. Осы мақсатта жергілікті ат­қарушы органдар өңірдегі бала туу, көші-қон үдерістерін және ата-ана­лардың сұранысын ескере отырып, жыл сайын жоспар әзір­­­лейді. Балабақша да бизнес көзі. Мұнда жеке кәсіпкерге қойы­ла­­тын талап – мектепке дейінгі ұйымда бала үшін қолайлы, қауіп­сіз жағдай жасау. Балабақша ашу үшін бірінші кезекте жеке немесе жалға алынған ғимараттың са­ни­тарлық-эпидемиологиялық таза­лығы, өрт қауіпсіздігі, ерекше қа­жет­тіліктері бар балалардың бі­лім алуы үшін жағдай жасау, бала­бақ­шаны жиһаз, жабдықтармен жарақ­тан­дыру, медициналық қызметке лицензияның болуы, тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар педагогтермен қамтамасыз ету жайы стандартқа сай болуға тиіс. Сонымен қатар бала­бақ­ша­да бейнебақылау камерасы, дабыл түймесінің болуы сынды тағы бірнеше талап бар.

Оқу-ағарту министрлігі ұсынған тағы бір дерекке тоқталсақ, бүгінде 2-6 жастағы балалардың 89,4 пайы­зы, 3-6 жастағы балалардың 98,5 па­йызы мектепке дейінгі біліммен қам­тылған. Мектепке дейінгі ұйым­дардағы орын тапшылығы, ата-ана­­лардың баласы жасқа толмай ба­ла­бақша кезегіне тұратыны та­лай мәрте айтылды, жазылды. Мем­ле­кет­тік балабақшадағы кезегі жет­пе­се, баласын жекеменшік ұйымға берсе де әйтеуір әлеуметтік жағ­да­­йы орта топтағы ата-ана амалдайды. Қуантарлығы, мемлекеттік ба­ла­­бақшадан халықтың әлеуметтік жа­ғы­нан әлсіз топтағы балаларына бірінші кезекте орын алуға мүм­кін­­дік бар. Бұл тізімді жалғасақ, әс­­керилер мен мұ­ғалімдерге де же­ңіл­­дік қарастырылған. Сонымен қатар министрлік жуырда халық­тың әлеуметтік жағынан осал то­бын­да тәрбиеленетін балаларын мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақ­тан­дыру мәселесі қарас­ты­ры­лып жат­қа­нын хабарлады.

Осы орайда Астана қаласындағы №94 «Сұңқар» балабақшасына барып, мемлекеттік балабақшаның әлеуетін байқап қайтқан едік. Балабақшаның пайдалануға берілгеніне бес жылға жуықтапты. Нысандағы әр бөлмеде бейнебақылау камерасы орнатылған. Ата-аналар баласын сол камерадан сырттай бақылауға болады. 319 ба­ла­ға шақталған балабақшада әзірге бос орын жоқ.

– Балабақшада 12 топ болса, со­ның екі тобында ерекше білімді қа­жет ететін балаларды қабыл­дай­мыз. Топтағы балаларды бірінен-бірін бөле жармаймыз. Барлығы бірге жүреді. Аталған екі топтағы 24 ба­­­­ла­ның психологиялық дамуына, сөй­леу қабілетін арттыруға мамандар жәрдемдеседі. Осы топ­та­ғы балалардың шығынын мемлекет еншісіне алады, яғни баланың ата-анасы ақы төлемейді. Балалар бірімен-бірі еркін ойнап өскеннің де пайдасы көл-көсір. Бізде психолог, логопед, дефектологтер жұ­мыс іс­тейді. Жоғары білімді педа­гог­те­рі­міз бар. Қазір жан-жақты, алғыр, білімді жас мамандар көп. Тіпті осы балабақшадағы барлық топта жас маман бар. Олардың балаларды дамытуда заманауи тәсілдерді қолданғаны, жаңашылдыққа ұмты­лы­сы қуантады. Қазір бізде 3 ме­к­тепке дейінгі даяр­лық тобы бар. Онда балаларды «Ба­ла­пан» бағ­дар­ла­ма­сымен мектепке даярлаймыз. Иә, бала­бақшаға сұраныс өте жоғары. Өйткені ең арзан деген жекеменшік балабақшаның ай сайынғы төлемі 35-40 мың теңге ша­масында, – деді бала­бақша мең­герушісі Альбина Молжанова.

Балабақшадан орын шамамен бір-екі жыл кезекте тұрған соң тиеді. Астана қаласының тұрғыны Ербатыр Сұраған да баласын әуелі ақылы бала­бақшаға беріп, кейін кезегі келген соң мемлекеттік балабақшаға ауыс­тырғанын айтты.

– Біз әуелі Indigo электронды ба­лабақша порталы арқылы кезек­ке тұрдық. Кезек келгенше бала­мыз­­ды жекеменшік балабақшаға бер­дік. Кейін кезек келді деген хабар ал­ғанда құжаттарымызды жиып тап­сыр­дық. Өзім мұғалім болған соң кезекті аса ұзақ күтпедік. Содан бір жас үш айынан бастап, үш жасқа де­йін жекеменшік балабақшаға бар­ды. Онда да ең қолжетімді де­ге­ніне апардық. Мемлекеттік бала­­бақшаның аты – мемлекеттік. Қазір баламыз бес­те. Балабақшада даяр­лықтан өткі­зіп, бірден бірінші сы­нып­қа бере­міз деп отырмыз. Әріп тани­ды, атын жазады, – деді қала тұр­ғыны.

Әр топта компьютер, интерак­тив­ті тақталар бар. Балалар түрлі үйір­мелерге, сондай-ақ қосымша ақы­лы үйірмелерге қатыса алады. Бір балаға ата-ана ай сайын төлейтін 16 800 теңге баланың күнделікті тамағына жұм­салады. Қалған шығынның бар­­лығын бюджет өтейді. Мем­ле­кет­тік балабақшаларға сол үшін де сұ­раныс жоғары. Ал жеткін­шек­тер­ді тәрбиелеп, қарайласып жүр­ген мамандардың жалақылары мәз емес. Әрине, биыл да тәрбиеші­лер­дің жалақысы 25 пайызға артқа­ны­мен, табысын мұғалімдермен салыс­ты­руға келмейді. Мысалы, мұнда тәрбиешінің көмекшісі мектеп жасына толмаған балалары үшін бала­­бақшаға жұмысқа келген. Енді тәр­бие­­шілердің жалақысы келер жылы тағы көтерілсе, бұл сала ма­ман­­­дарының әлеуметтік жағ­да­йы­на біраз жәрдем болатын сы­ңай­лы. Қош, он жыл мектепте еңбек етіп, балабақшада 13 жылдан бері жұмыс істеп жүрген Анаргүл Мұ­ха­мед­рақымқызы мектепке дейін­гі ұйым­­дарда балаларды ойын ар­қы­лы тәрбие­леудің пайдасы орасан екенін айтады.

– Меніңше, білікті маман тақы­рып­ты балаға үйрету үшін ізденіс­тен қол үзбеуі керек. Қазір үлгілік бағ­дарлама бойынша жұмыс іс­тей­міз. Таңертеңнен кешке дейін баланы ойын арқылы тәрбиелеуге көңіл бө­ле­міз. Себебі балабақша мектепке ұқсап кетпеуі керек. Биылғы оқу бағ­дарламасында балаларды ойын ар­қылы тәрбиелеуге басымдық бе­­рілді. Иә, біз де бала болдық. Сонда үлкендерден «Ойнамаған бала ешқашан ойламайды», дегенді жиі еститінбіз. Әр балаға жеке-жеке көңіл бөлеміз. Бір бала сурет салуға бейім болса, екіншісі анық сөйлейді, үшіншісінің ойы жүйрік болуы мүм­кін. Сондықтан біз ата-аналармен ұдайы кеңесіп отырамыз. Кейбір ата-аналар балабақшадан бас­тап перзентіне «сен дәрігер бола­сың» деп миына құйып отырады. Сол үшін ата-аналарға баланың қай бағытқа бейім екенін айтып отырамыз. Біз баламен ақылдасамыз, сыр­ласамыз. Мысалы, бірер күн бұрын балаларға тапсырма бердім. «Жер ғаламшарынан әрі асқан кезде не көресіздер?» деп жалпыға сұрақ қойдым. Сонда балалардың бірі әңгімесін «ең бірінші ғарышқа ит ұшты ғой» деп бастады. Не десек те, қазір балалардың ойлау қабілеті жүйрік. Ал жалпы алғанда бала­лар­дың барлығы өнерлі, – дейді ол.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар балабақшаға дәрігерлердің нұсқауымен барады. Мамандар дә­рі­герлердің қойған диагнозына қа­рай арнайы жаттығулар жасатып машықтандырады. Сондықтан сөй­­леу қабілеті бұзылған, тілінде мү­кі­сі бар баланы ата-аналар бай­қа­са, бірден дәрігерлерге апарып, тек­серістен өту қажет. Өйткені ба­ла­­ның не үшін сөйлемейтінін анық­тау керек. Кейін дәрігерлер мен балабақшада педагогтер қатар жұ­мыс істесе оң нәтиже шығуы мүм­кін. Әрине, оның барлығы дәрігерлер қойған диагнозға тікелей әсер етеді. Кейінгі жылдары аутизм белгілері бар балалар да көбейді. Медицина мамандарының балаға құрсақта жатқанда қарайлап, күтіну керек деп шырылдауы жайдан-жай емес. Қазір елде логопед-дефектологтер тапшы. Балабақшаның логопед-дефектологі Аян Рысбаева бала телефон мен теледидарға көп үңілсе де сөйлеу қабі­леті тежелетінін ескертеді.

– Өкінішке қарай, қазір тілінде мүкісі бар балалар көбейіп келе жатыр. Сырқаттың бірнеше диагнозы бар. Мұндайда бала ем қабылдағанда ә дегеннен сөйлеп кетпейді. Негізі баланың сөйлеу қабілеті туғаннан дамиды. Нәресте 6, 8 айға қарағанда гуілдеп, уілдеп дыбыс шығара бас­тайды. Ал кейін жасқа толғанда есімін естігенде дыбыс шыққан жаққа бұрыла білуі керек. Баланың осы қасиетіне ең бірінші ата-анасы мұқият болуы керек. Содан соң екі жаста бала өзіне қажетті дүниені бірлі-екілі сөзбен жеткізе білуі керек. Егер екі жастан асқан бала сөйлемесе, ата-аналар невропатолог дәрігерге жолығуға тиіс. Баланың тілі неге кешігіп жатқанын мейлінше ерте анықтау маңызды. Бізге уақтылы келіп, ем алып, оңалған соң жалпы білім беретін мектепке барған балдырғандар көп. Ал диагнозы күрделі балалар арнайы мектепке барып жатады. Логопед-дефектолог ретінде ата-аналарға айтар едім, егер балалар жасына сай сөйлемесе, оны еркелікке санап, «атасы 7 жаста, әкесі 6 жаста сөйлеген» деп алаңсыз жүруге болмайды. Медицинада «еркелік» деген диагноз жоқ. Сәби әлсіз болып туылса, кейін оны дамытуға көңіл бөлінбесе, сөйлеу қабілеті өскен сайын тежеле береді. Бала құрсақта дамиды. Сондықтан ана баланың дамуына құрсақтан мән беруі керек, – дейді маман.

Ойын жеткізе алмаған бала ашу­ла­нады, булығады, ал онысы пси­хи­ка­ға әсер еді. Балабақшада аутизм белгілері бар балалар жоқ емес. Қалам ұстай алмайтын, зейіні тұ­рақ­сыз бал­ғындар да кездеседі. Әсте еңбегі елене бермейтін маман­дар­ға басына іс түскен соң қайырылып, көмек алған отбасылар көп. Мысалы, қала тұрғыны Рушана Муфтиллаева баласын балабақшаға дәрігерлердің нұсқауымен апарғанын айтады.

– Баламыз екі жылда дәрігер мен педагогтердің арқасында оңалып кетті. Білікті мамандарға алғысым зор. Баламыз бұрын әріптерді дұрыс айта алмаса, кейін күн санап сөйлеу қабілеті жақсара бастады. Соның нәтижесінде, балабақшадағы өзі қа­тар­лы балалар секілді жалпы бі­лім беретін мектепке барды. Қазір үл­ге­рі­мі де жақсы, – дейді ана.

Балаларды жүз пайыз мектепке дейінгі ұйыммен қамту үшін ең әуелі жылдап күтетін кезекті қыс­­­қартып, талапқа сай келмейтін ғи­­мараттарды азайтумен шектелмей маман тапшылығының алдын алу да қажет-ақ. Бұл дегеніміз – же­ке­­меншік балабақшалар да осы та­лап­тың үдесінен шығуы керек деген сөз.