Саясат • 13 Қаңтар, 2023

Мемлекеттілікті нығайту қамы

693 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қаңтар қасіреті кезінде мемлекеттілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатерді ұйымдастырып, елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіргісі келген теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған ниеті іске аспады. Осындай сәттерде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халқымен бірге болып, батыл шешімдер қабылдап, бүкіл жауапкершілікті өз мойнына ала білді.

Мемлекеттілікті нығайту қамы

Ол ендігі жерде бұрынғыдай заңсыз әрекеттерді одан әрі жалғастыра беруге, тек имидждік жобалар мен ретсіз шешімдер, жалған есептер және қисыны келмейтін көзбояушылыққа негізделген мәліметтермен қоғамды адастыруға жол беруге болмайтын заман туғанын түсінді. Өйткені сыртқы ықпал мен ішкі қайшылық тоқайласып, бірте-бірте қордаланып, қауіпті сын-қатерлерге айналып, қоғамның шырқын бұзып, оның қалыпты дамуына тұсау бола бастады. Сондықтан болар осы қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалды Президент «біз жардың шетінде тұрдық» деп бағалады.

Мемлекет басшысы алға батыл қадам жасап, халықтың мұң-мұқтажы мен тәуелсіздікті және қазақ мемлекеттілігінің қамын ойлаған ауқымды реформаны жүргізуді қолға алып, олардың мақсатты қарқынын сақтап қана қоймай, ауқымды жаңғырту жолын таңдап, саяси реформаларға, яғни саяси жүйені қайта жүктеуге басымдық берді. Көптеген түйткілді мәселенің басын ашып, оларды шешуге кірісті. Жерді сатуға тыйым салды, аймақтардың дамуына ерекше көңіл бөліп, жаңа облыстарды ашты, қазақ тілінің мәртебесіне көп көңіл бөлініп келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес күрес бастады.

Бұл жаңа бағыт саяси-экономикалық монополиясыздандыру мен қоғамдық бақылауды орнатуды талап етті және билікті монополиялауға тосқауыл қойып, популистік ұранмен әуестенуге жол бермеуді көздейді. Мұндағы басты мақсат –Қазақстан халқының ұзақ мерзімдік мүдделерін қамтамасыз ету. Тек осылай ғана қоғамдағы саяси институттарды нығайтып, демократиялық үдерістерді жеделдетуге, жалпыұлттық мүдделерді алдыңғы шепке шығаруға мүмкіндік туады. Сонда ғана Қазақ елінің азаматтары Отанының тағдырына деген өзінің қатыстылығын толық сезінетін жағдайға жетеді. Осылай болғанда ғана ұлт бірлігі мен қазақстандық патриотизмді бойына сіңірген және халқына адал қызмет етуге ерік-жігер танытқан азаматтардың қатары өседі. Бұл жаңа, әділетті Қазақстанды құру үшін қажет. Мұндай қоғамның тұ­рақты дамуы үшін ұлттық дәстүр мен құн­дылыққа арқа сүйеудің маңызы зор. Осы­ны ескере отырып, Қ.Тоқаев халық­ты ұйыстыратын жер тұтастығы, рухани үн­дес­тік, заңдылық пен тәртіп, жасам­паз­дық, достық пейіл, мейірімділік және жана­шыр­лық сияқты жеті қағиданы ұсынды.

Біз қазірдің өзінде Мемлекет басшы­сының халыққа ұсынған әділеттілік, теңдік, бірлік қағидаттарын орнықтыруға бағытталған саяси бастаманың нақты орындалып жатқандығының куәсі болып отырмыз. Саяси реформаларды ілгерілетуге тікелей қатысы бар «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңның шеңберінде Президент, Парламент пен оның депутаттарының мәртебесі, сайлау туралы және тағы басқа бірқатар маңызды заңға Қ.Тоқаев жария түрде қол қойды. Бұл халық мүддесіне негізделген ауқымды реформа іске асырыла бастады деген сөз. Ол заңдар елдегі саяси реформалардың баянды болуының кепілі. Бұлардың арасында Президенттің өкілеттігін қысқарту мәселесі де бар. Сол себепті биылғы кезектен тыс президенттік сайлау осы өзгерістер негізінде өткізіліп, кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жету арқылы Мемлекет басшысы өкілеттік мерзімін принципті түрде бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеп отыр. Бұл өзі бастамашы болған өзгерістердің қоғам сұранысы мен халықтың мүддесінен шығып, билік тармақтары арасындағы байланыстардың жаңа саяси моделін қалыптастыруға нақты кіріскендігін көрсетеді. Сонымен қатар ол Қазақстан азаматтарын реформаларды ілгерілету үдерісіне белсене араластырып, оның әлеу­меттік әлеуетін көтеріп, жергілікті өзін-өзі басқару мен көппартиялық жүйе­нің қалыптасуына жағдай жасап отыр.

Өз кезегінде қазақ қоғамының абсо­лютті көпшілігі өткен тарих пен жуыр­да ғана басынан кешірген қасіретті оқиғалардың сабағы мен Президенттің саяси-экономикалық ұстанымдарын ескере келе, Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға қызығушылық танытып, түрлі салада ауқымды өзгерісті жүзеге асыруға белсене араласа бастады. Мәресіне жеткен кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысы осының айқын дәлелі.

Енді алдыңғы жеті жылда қазақ­стандықтардың Мемлекет басшы­сының қолға алып, іске асырып жат­қан реформаларының жемісін сезі­не­тіндіктеріне күмән келтіруге болмайды. Себебі жазда өткізілген референдум мен кешегі  президенттік сайлау саяси реформалардың өзегі ретінде мемлекетте жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық қайта құрудың әлеуметтік әлеуетіне де оң ықпал етері анық. Өйткені қоғамды жаңғырту үшін шешім қабылдаудың бюрократиялық тәртібін жөнге келтіріп алмайынша даму туралы ойлаудың өзі бос әурешілік болар еді. Енді осы мәселені оңтайлы шешуге алғышарт жасалды. Президент Қ.Тоқаевтың өзінің бастаған ісін орта жолда қалдырмай жүйелі түрде жалғастырып, халқын нақты нәтижелердің тек куәгері ғана емес, сол саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалардың белсенді субъектісі етуге күш салып жатыр.

Президент биліктің тұрақтылығы экономикадағы жағдайға тікелей байланысты екендігін дұрыс түсіне отырып, тұрғындарға түсінікті және тиімді әлеуметтік-экономикалық саясаттың қажеттілігіне көңіл аударып отыр. Бұл басқарудың түбегейлі басқа жүйесі мен шешімдердің толыққанды орындалуы­на бақылау орнатуды және өкілетті билікті дамытуды талап етеді. Алайда Президент жалаң әкімшілік шаралармен шектелмей, адамды мемлекеттің басты байлығы ретінде қарастырады. Мемлекет пен халықтың мүдделері теңестіріліп, барлық шешім мен заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қор­ғауға бағытталмақ. Адамдар еңбекті құр­меттеп, масылдық пен бос сөзден арылғанда қарапайым адамдар елдің жетістіктерін өзінікіндей қабылдап, оған ортақ табыс ретінде бірге қуанып, туындаған қиындықты бірге еңсеретін болады. Міне, осы ұлттың мерейін өсіретін, халықтың тұрмысын түбегейлі өзгертетін, демократиялық үдерістерді тереңдететін, халқымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың отаншыл, мемлекетшіл рухын арттыратын мәселелерге Мемлекет басшысы ерекше басымдық беріп отыр.

Алдымызда экономиканы сапалы түрде дамытып, елімізді индустриал­ды және бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыру міндеті тұр. Ауыл шаруашылығының әлеуетін ауылды елдің бесігі тұрғысында қарай отырып күшейту, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жағдай туғызу сияқты мақсат қойылды. Осының барлығы азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеру мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Сондықтан бұл жерде басымдық әлеуметтік мәселелерді шешуге берілмек. Десек те халық мұратының орындалуы мен озық білім және қажырлы еңбектің арасында тығыз байланыстың барлығы да ұмыт қалған жоқ. Осыған байланысты отбасы, денсаулық және білім салаларында да нақты шаралар іске асырылуда.

Мемлекет басшысы егемендікті нығайтып, елдікті сақтап қалу үшін елдің даму жолындағы кездесетін кедергілердің барлығынан арылу керектігін айтып келеді. Сондықтан ол ел дамуының стратегиялық бағытын әділетті Қазақстанды құру деп айқындады. Онда халық пен мемлекеттің мүддесін бәрінен биік қойған. Қазақ елін өркендету мәселесіне кешенді түрде қараудың арқасында қоғамдық дамуға деген ерекше бір рухани-мәдени, әлеуметтік-экологиялық және құқықтық көзқарас пайда болды. Өйткені әділеттілік өмірде де, табиғатта да кіршіксіз тазалықты талап етеді. Демек ол үшін табиғатта да, қоғамда да, мемлекетте де әділ заңдылықтың орнығуы керек. Сол себепті ел басшы­сы ауқымды конституциялық реформа жүргізіп, түбегейлі қайта құруды қолға алуы да кездейсоқ емес. Мұның халқымыздың мәдени кодына да қатысының барлығы түсінікті. Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, ол, біріншіден, атаққұмарлық, радикализм, тек жеке бастың мүддесін ойлау мен ысырапшылдық және әлеуметтік бойкүйездіктен жиренуді көрсетсе, екіншіден, еңбексүйгіштік, білімге ұмтылу, заңдылық пен тәртіпті құрметтеуді қолдап, гуманизм, басқаларға деген ізгі ниет, өзара көмек көрсету сияқты қасиеттерге ұмтылуды аңғартады. Сонымен қатар Қазақстанда тәуелсіздік, жер, тіл, дін мен діл ұғымдары еліміздің басты құндылығына жатады. Бір сөзбен айтқанда, Президент азаматтарды «пайда ойламай, арды ойлайтын» және «толық адамдардан» тұратын әділетті Қазақстанды құруға шақырады.

Осы тұрғыда 20 қарашада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы ерекше орын алады. Біріншіден, Президент Қ.Тоқаев ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтараптықты қатаң ұстанды. Екіншіден, «Amanat», «Ақ жол», ҚХП және тағы басқа партиялар мен елуге тарта республикалық қоғамдық ұйымның саяси тұғырнамалары мен сайлауалды бағдарламалары іс басындағы Президенттің стратегиялық жоспарларымен толық сәйкес келіп, олардың көтеріп отырған көптеген мәселесін Мемлекет басшысы назарына алды. Үшіншіден, бұл жағдай оларды Президентті қолдау бо­йынша халықтық коалицияға бірігуге ынталандырып, оның құрамына қоғамның барлық әлеуметтік тобын қамтитын ұйымдарды топтастырды.

Түйіндей айтар болсақ, онда конституциялық реформаны заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында қабылданған заңдардың күшіне енуінің символдық мәнінің зор екендігін атап өткен жөн. Мемлекеттік институттарды қайта іске қосудың үдерісі келесі жылы өз жал­ғасын тауып, ол мемлекеттік басқару жүйе­сін демократияландырудың кепіліне айналып, ел тұрақтылығын сақтап, ұлты­мыздың кемелденуіне, қоғамның топтасуына, азаматтық қоғамның шынайы дамуына әкеліп, жаңа, сапа­лық жағынан басқа, саяси жүйені қалып­тастырады. Олай болса, мұны халықтың көптен күткен және оның мүддесін көздейтін әділетті Қазақстанның жаңа саяси моделі халық тарапынан қолдау табатынына күмән келтірмейік.