Табиғат • Кеше

Қансонарда бүркітші шығады аңға: Биыл қасқыр мен түлкі атуға рұқсат жоқ

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның кең-байтақ даласы ежелден адам мен табиғаттың үйлесім тапқан мекені саналады. Дегенмен соңғы жылдары қасқыр мен қабан, тіпті қоңыр аюдың елді мекендерге жақындап келуі жиілеп, халық пен билік арасындағы алаңдаушылық арта түсті. Осыған орай Сенат депутаты Қайрат Тастекеев жабайы жануарлардың санын бақылау мен реттеуді күшейту жөнінде Үкіметке сауал жолдаған еді.

Қансонарда бүркітші шығады аңға: Биыл қасқыр мен түлкі атуға рұқсат жоқ

Бұл сауалға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ресми жауап беріп, қазіргі таңда Қазақстанда жабайы жануарлар популяциясын басқару жүйесі түгелдей дерлік цифрлық форматқа көшкенін мәлімдеді.

Роман Склярдың мәліметінше, аңшылық пен жануарлар дүниесін пайдалануға арналған рұқсаттар бүгінде толығымен электрондық форматта беріледі. Құжаттарды алу процесі автоматтандырылған, яғни адам факторы барынша азайтылған.

2025 жылға бекітілген биологиялық негіздемеге сәйкес, қасқырды ату лимиті – 5 504 дана, ал түлкіге – 10 573 дана болып белгіленген. Қазіргі уақытта бұл лимиттер толық орындалған.

Мұндай қадам, үкімет өкілдерінің айтуынша, популяцияны ғылыми негізде реттеуге, ауыл шаруашылығына келетін залалды азайтуға және табиғи тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.

Қолданыстағы ережелерге сәйкес, егер қоңыр аю халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе немесе материалдық залал келтірсе, уәкілетті органның мамандары мен жергілікті атқарушы органдардың арнайы бөлімшелері оны аңшылық маусымына қарамастан атуға құқылы.

Ал қасқыр мен қорқау сияқты жыртқыштар аңшылық шаруашылық субъектісінің аумағында пайда болса немесе басқа түрлерге қауіп төндірсе, арнайы рұқсатсыз атуға мүмкіндік берілген.

Сонымен қатар, қабан аңшылық нысандарының бағалы түрлерінің қатарына енгізілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес, оны алу нормативі 40 пайыз деңгейінде белгіленген. Бұл көрсеткіш жануарлар тығыздығын реттеуге толық мүмкіндік береді.

Жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану саласында барлық лимиттер арнайы ғылыми ұйымдардың биологиялық негіздемесі бойынша бекітіледі. Бұл тәсіл популяцияның нақты есебі мен экожүйенің жағдайына сүйеніп, табиғи тепе-теңдікті бұзбай жануарлар санын реттеуге мүмкіндік береді.

Роман Скляр атап өткендей, биологиялық негіздемелердің сапасын бақылауды Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Үкіметтің тапсырмасымен 2025 жылдың ақпанында «Ғарыш Сапары» АҚ әзірлеген Tabigat.gov.kz табиғи ресурстардың интерактивті картасы іске қосылды. Бұл цифрлық жүйеде жабайы жануарлардың мекендейтін аймақтары мен көші-қон бағыттары көрсетілген.

Карта табиғат ресурстары туралы деректерді жинап, өңдеп, талдау арқылы шешім қабылдау процесін жеделдетеді. Сонымен қатар, экологиялық жағдайды кешенді түрде бақылауға және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға жол ашады.

Жыл соңына дейін бұл жүйе «Орман жүйелері», «Е-лицензиялау» және Ұлттық деректер банкімен біріктіріліп, 2026 жылы жабайы жануарлардың нақты сандық мониторингі енгізілмек.

Соңғы жылдары кейбір өңірлерде жабайы аңдардың ауыл-қалаларға кіріп кету жағдайлары тіркелген. Бұл мәселе бойынша да депутат сұрақ қойған еді.

Роман Склярдың айтуынша, мұндай фактілер қазірдің өзінде құқық қорғау, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы органдарының ақпараттық жүйелерінде жеке есепке алынады. Сондықтан жануарлардың адамдарға немесе малға шабуыл жасау фактілерінің бірыңғай тізілімін құрудың қажеттілігі жоқ деп саналады.

«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы барлық жұмыс Үкіметтің тұрақты бақылауында. Табиғи тепе-теңдікті сақтау және экожүйеге нұқсан келтірмеу — біздің басты ұстанымымыз», – деп атап өтті Премьер-министрдің бірінші орынбасары өз сөзінде.
.

Қазақстан табиғи байлығын сақтай отырып, экожүйе мен адам арасындағы теңгерімді ұстап тұруға ұмтылуда. Жабайы жануарлардың көбеюін тек күшпен емес, ғылыми және цифрлық тәсілдермен реттеу — жаңа экологиялық саясаттың басты бағытына айналып келеді.

Бүгінде еліміз табиғатты қорғау ісінде дәстүр мен технологияны ұштастырып, табиғат пен қоғамның үйлесімін сақтауға бағыт алған.