Сұхбат • 10 Қаңтар, 2023

Қайырымдылық кәсібилікті қажет етеді

281 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан бірыңғай қайырымдылық қызметімен айналысатын «Samruk-Kazyna Trust» қорының 2022 жылғы 10 млрд теңге қайырымдылық бюджеті 40-тан астам ірі әлеуметтік жобаға жұмсалды. Нәтижесінде, соңғы 12 айда 370 мыңнан астам қазақстандыққа қолдау көрсетілді. Оның ішінде 55 мың бала мен ауылдағы 95 мың қазақстандық тиісті жобалардың игілігін көрді. Қордың бас директоры Альфия АДИЕВАНЫҢ айтуынша, «Samruk-Kazyna Trust» қалың бұқараға маңызды түйткілдерді тарқатуға арналған әлеуметтік жобаларды іске асырып келеді. Бағамдағанымыз, атқарылған шаруа аз емес. Осы орайда сұхбат берушімен әңгіме барысында халықтың неғұрлым осал топтарын қолдау, қайырымдылық қаржысының жұмсалуының ашықтығы, өзге де өзекті мәселелер жөнінде сауал қойдық.

Қайырымдылық кәсібилікті қажет етеді

– Альфия Дәулетқалиқызы, со­ны­­мен сөзімізді тарих қой­на­уына аттан­ған 2022 жылы «Са­мұрық-Қа­зына» компаниялар тобының қа­йы­­рымдылық қыз­мет ауқымы қан­шалықты кең болды деген сұрақтан бас­та­сақ...

– Қор компанияларының қа­йы­рымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеу­мет­тік жобаларды дамыту қоры денсаулық сақтау, білім беру, мә­дениет, бұқаралық спорт, ха­лық­тың әлеуметтік осал топтарын қолдау және өзге де салаларда тындырымды жұмыс істеуге күш салады. Мәселен, биылғы қайырымдылық қаржысынан Шымкенттегі «Дені сау балалар» жобасында аз қамтылған отбасылар мен балалар үйлеріндегі нейро-ортопедиялық кінәраты бар, туғаннан 15 жасқа де­йін­гі балаларға тегін әрі сапалы, ке­­­шен­ді оңалтудың қолжетімді болуы қарастырылып, жалпы 600 бала қам­тыл­ды. Аутизм және басқа да менталды ауытқулары бар балаларға жағдай жасауға арнал­ған 8 «Қамқорлық» орта­лығы құрылып, 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қара­ғанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан, Түркістан облыстары мен Шым­кент, Алматы қалаларын­да­ғы тағы осындай 13 ерте араласу орта­лығында 7 800 балаға оңалту шара­лары қолға алынды.

«Басқарылатын гипотермия» жобасында орталық жүйке жү­йе­сінің зақымдануымен туған нә­рес­телердің мүгедектігін тө­мен­дету үшін 5 перина­тал­дық орта­лықты емдік кешенмен жаб­дықтадық. Ерекше және аз қам­тылған отбасылардан шық­қан 1 мың бала «Саламатты бола­шақ» бейімделген спорт сек­цияларында жыл бойына білікті мамандардың көмегімен бейім­дел­ген дене шынықтырумен және спортпен тегін айналысып, жергілікті және ұлттық деңгейде жарыстарға қатысты. Таяуда «Са­мұрық-Қазына» қолдауына ие болған еліміздегі жалғыз парахоккей құрамасы әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. Міне, бірнеше жыл болды, елордадағы тұрмысы төмен отба­сылардағы 3 мыңға жуық бала мен жас­өспірім отбасылық аула клубтарына барып, ата-аналарына психологиялық кеңестер берілуде.

Қор қолдауымен Қазақстанды аралап шыққан медициналық пойыздар 80 мыңнан астам қа­зақ­стандыққа көмек көрсетсе, «Жеңіс» жобасында Екінші дүниежүзілік со­ғысы ардагерлері мен тыл ең­беккерлеріне азық-түлік пен дәрі-дәрмек апарылып, үй-жай­ла­ры тазалануда, пойызға билет сатып әперілді. Жаңаөзенде үш мектепті жабдықтап, қор компаниялары атынан 220-дан астам өренге еліміздің үздік орта арнаулы білім ордаларына гранттар тағайындалды.

Атырау облысын қамтыған «Әрекет» жобасында ерекше балалар күтіміндегі, көпбалалы және жалғызбасты 100 әйел сұра­нысқа ие мамандықтар бойын­ша оқытылып, алды кәсібін бас­­тап кетсе, жаңа Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарынан тыс Түркістан мен Ақтөбе өңір­лерін қосқанда 300 адамға аспаз, тігін, сұлулық салондары, SMM және автоэлектрик сияқ­ты қазіргі заманғы кәсіптер оқы­­тылып, сертификатпен бірге ісіне қажет құрал-жабдық табыс­талмақ. Айтпақшы, біздегі әлеу­мет­тік кәсіпкерлікке баулитын «Әрекет» бағдарламасы аясында 3 млн теңгелік шағын гранттар да талай пайдалы іске ұйытқы болып отыр.

– Қанша қолдау жасалды десек те, өз биігіне көтеріле алмай келе жатқан мемлекеттік қазақ тілінің өрісін ұзартуда қолға алынған шаралар қандай?

– Әлбетте мемлекеттік тілді дамыту жобалары ерекше назарымызда. «Samruk-Kazyna Trust» қоры мемлекеттік тілді дамытуда 2016-2022 жылдар аралығында 12 әлеуметтік жобаға 378 млн 5 жүз мың теңгеге қаражат бөлді. Оның ішінде 2022 жылы 53 млн 8 жүз мың теңгеге 2 жоба Қор тарапынан қолдау тауып, Қазақстан Республикасы мен шетел азаматтары қазақ тілін­де­гі сапалы контентке тегін қол жеткізді. Бұл дегеніміз, 350 балаға Абайдың «Қара­сөз­дер» иллюстрацияланған кітабын қазақ және орыс тілдерінде ба­сып шы­ға­руға бағытталған әлеу­мет­тік жобасы жүзеге асты. Кітап 5 мың дана болып жа­рыққа шықты. 400-ге жуық оқушыға арналған экономика негіздері бойынша қазақ тілінде офлайн-онлайн оқу ұйымдастырылды. Ел аумағы бойынша 107 жасөспірімге қазақ тілінде шешендік өнерден курс өткізілді. «Мектеп онлайн» порталында оқушыларға арнал­ған 3 885 бейне оқулық жасақ­тал­ды. Бұл пандемия кезінде оқу­шы­лар­ды оқытуда өте жақсы нәтиже берді.

Елімізде тұңғыш рет мемле­кет­­тік тілді онлайн ақысыз үй­ре­ну­­ге ар­налған «Soyle.kz» пор­талы туралы жеке-дара тоқталсақ болады. Портал іске қосылғаннан бері оның қызметін әлемнің түкпір-түкпірінен пайдаланушылардың саны 12 млн-нан асса, арнайы тіркеліп тіл үйреніп жатқан адам­дар­дың саны 280 мыңнан көп. Бұл ретте қазақша білетін өзге ұлт өкілдерінің саны күннен күнге артып барады. Біраз уақыт бұрын канадалық Роман Коул­дың 6 айдың ішінде қазақша үй­рен­генін алға тартып жүрсек, жа­қында италиялық Донато 2 жыл­дың ішінде «Soyle» арқылы қазақ тілін жетік меңгергенін көр­сетіп қуантты.

Іс қағаздарын қазақша жазып, толтыру, сауатты әзірлеу мақса­тын­дағы «Resmihat.kz» порталын пайдаланушылар саны 50 мың адамнан асты. 2022 жылы порталдың дизайны жаңартылып, жаңа бөлімдер енгізілді.

Жаңа жылда да қазақ тілі­нің көсегесін көгертуге арнал­ған бас­тамаларды қуана қолда­мақ­пыз. Дегенмен талап бір – жоба­лар­дың әрқайсысы тиім­ділігі, көрсеткіштерінің айқындығы, елге тигізер пайдасы және тағы басқа қағидаттар арқылы сын тезі­не салынады.

– Неге 2016 жылдан бері «Самұрық-Қазына» ком­па­нияларының қайы­рым­ды­лық­пен айналысып, халыққа көмек көрсету қызметін бір орта­лық­тан «Samruk-Kazyna Trust» жүр­гізеді?

– «Самұрық-Қазына» АҚ компания­лар тобы бойынша қайы­рымдылық қызметін орта­лық­тандыруға маңызды себептер түрткі болды. 2016 жылға дейін қайырымдылықты «Самұрық-Қазына» қоры мен еншілес ком­па­ниялар әрқайсысы дербес көр­сеткені белгілі. Алайда ен­ші­лес компанияларда бір жобаны бірнеше рет қайта қар­жы­ландыру, көмек көрсету мен тиім­ділікті бағалаудың жа­бық­тығы, іріктеудің кәсіби сарап­та­ма­лық бағалаусыз жүзеге асырылуы, біркелкі демеушілік сая­сат­­тың жоқтығы сынды олқы­лықтар байқалды. Осылай­ша, компаниялардағы бұл өкілет­тік­тер­ге бейінді емес қызмет ретінде тыйым салынып, 2016 жылы халықаралық стандарттарға сәй­кес әре­кет ететін, әлеуметтік мәсе­лелерді жан-жақты шешуге қабілетті және олар­дың түпкі се­беп­терімен күресетін бірыңғай мамандандырылған оператор құру тура­лы шешім қабылданды.

– Өтінімдердің жекелеген тұл­ға­лардан қабылдан­бауы­ның сыры неде?

– Жаңа Қазақстан демекші, біздің ұстаным – бастамалардың тұрақты, жүйелі және тиімді болуы, нақты түйт­кіл­дерді түбе­гей­лі шешуге арнал­ғаны, барынша бұқараның қалың қарасын қамтығаны маңызды. Біз қоғам үшін ең жақсы ойластырылған және пайдалы ондаған жобаны таңдап алу үшін мыңдаған өтінімді ерінбей қарастыруға дайынбыз. Неліктен өтінімдер қабыл­дан­байды, мақұлданбайды деп шағымданып жатады. Тура­сын айту керек, біз азамат­тар­дың шағын тобына немесе жекелеген мұқтаж отбасыларға көмектесуге бағыт­талған бірреттік бас­тама­ларды, атаулы көмек көрсетуді қол­дай алмаймыз. Коммер­ция­лық, ел болашағына қажетсіз, тұрақсыз, мақсаты бұлыңғыр жобаларға да қаржыны сарп етпей­міз. Арнайы комплаенс қыз­меті тамыр-таныстыққа, «бар­мақ басты, көз қыстыға», яғни сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында әр өтінім иесін жан-жақты тексеріп отырады. Анығы, қайырымдылық саласы нағыз кәсібилікті қажет етеді.

Өңірлерде әлеуметтік жобаларды қаржыландыру жай­лы өзі бастама көтере алумен қатар, бізге келіп түскен жоба­лардың барлығы да үкі­мет­тік емес ұйымдардың өтінім­дері арқылы жүзеге асыры­ла­тынына назар аударғым келеді. Осылайша, өз өңірі мен сала­сы­ның ерекшелігін, қыр-сырын жақсы білетін азаматтық қоғам өкілдері арқылы халықтың көп бөлігін қамтып, пайдалы жобаларды іске асыра аламыз. Оның аясында әр келіп түскен өті­німді «Самұрық-Қазына» қоры мен қоғам өкілдерінен құ­рал­ған Қамқоршылық кеңес қарастырып, шешім қабылдайды. Қо­ғамдық кеңеске есеп беріп тұра­мыз.

Үкіметтік емес ұйымдар де­мек­ші, кері байланысты жоғалт­пау үшін әлсін-әлсін олардың арасында қызметімізге қатысты сауалдама өткізіп тұрамыз. Соң­ғы сұрау салуға еліміздің бар­лық дерлік аймағынан 500-ге жуық ҮЕҰ өкілі жа­уап бер­ге­нін көріп отырмыз. Сауал­дама жауаптарын міндетті түрде ескереміз. Мысалы, бұған дейінгі ұсы­ныстардың аясын­да тиісті тұжырым жасалып, жа­бық қызметтен арылу мен қол­жетім­діліктен, қайырымдылық қызметінің түсініктігінен тыс, Қамқоршылық кеңес отырыстарына өтінім берушілер офлайн немесе онлайн қатысып, пікірін ортаға сала алады. Үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында Қор қыз­метін, қан­дай қолдау иеленуге бола­тынын біле­тін­дер­дің саны көбейгені байқалады.

– Еліміздің жаңарып-жаң­ғыру­ға ұмтылған келбетіне сай барынша ашық, тиімді қыз­­метке талпынып жатқан­да­­рыңызды түсінгендейміз...

– Иә, оған былтырғы жыл бойы өткізілген бірқатар шара айқын дәлел. Мәселен, қараша айында пресс-турлар легі өткізілді. Алғашқы Астана қала­сын­дағы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының әлеуметтік жобала­ры­мен танысу шарасына Мәжіліс де­путат­тарынан бастап, елорданың белсенді деген азаматтары қатысып, істелген іске тікелей қанықты, былайша айтқанда, «қолмен ұстап көрді». Содан кейінгі Атырау және Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы пресс-турларға да көптеген үкі­меттік емес ұйым өкілдері, журналистер мен қоғамдық пікір иелері, жергілікті мәслихат депутаттары және өзге де мүдделі тараптар шақырылып, оң бағасын берді. Жыл бойы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорының өкілдері он өңірді аралап шығып, үкіметтік емес ұйымдармен, жастармен, өзге де көкірегі ояу, көзі ашық жұртшылықпен жүздесті, өзекті мәселелерді талқылады.

Қоғам алдында қолжетімді әрі ашық болу мақсатында былтыр sk-trust.kz
мекенжайындағы Қор сайтының маз­мұ­ны жаңартылып, әр жобаға жұмсалған қаражат туралы ақпарат жарияланып тұра­ды. Сондай-ақ наурыз айын­да
7 (7172) 57-68-98 нөмірінде же­дел желі байланысы іске қосыл­ды.

– Әңгімемізді түйіндесек, әрі қа­рай­ғы беталыс жайынан бөліс­сеңіз?

– Сөз соңында алғаш рет ерек­ше сипатта, ауқымды түрде жаңа жылдың қаңтар айын­да қоғам алдында 2022 жылдың қорытындысы бойынша есеп беруге арналған жиын өткізе­тінімізді жеткізгім келеді. Онда ешкімді бейжай қалдыр­май­тын жобалар таныстырылып, емен-жарқын талқы ұйым­дас­ты­рылады.

2023 жылдан бастап қайырым­ды­лық жобаларын іске асыру кезінде олардың 30%-ында жалпы елдік ауқымдағы жобаларға көңіл бөлінсе, ал 70%-ында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары бар өңірлердегі жергілікті жобаларға басымдық беріледі. Басқаша айтқанда, портфельдік компаниялар мен еншілес-тә­уел­ді ұйымдардың сұрауы бо­йынша топтың өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындары бар өңірлерде әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылады. Осылайша, біз қызметкерлермен бірге халықтың өмір сүру сапасын тиімді түрде жақсарта аламыз.

Кез келген ұсынысқа, сындарлы сын-пікірге әрдайым ашықпыз. Бұған дейін мәлімдегенімдей, Қордың бизнес-процестерін түгелімен қайта қарап шықтық. Қайырымдылық қызметін көр­сету және мониторинг жүр­гізу ережесін жеңілдеттік. Қа­йы­рым­ды­лық көмегінің басым бағыт­тары, тиімділікті жоға­ры­лату мақсатында, 2022 жылы 21-ден 14 шараға дейін қыс­қар­тыл­ды.

Қор қызметі туралы жұртшы­лық­тың хабардар болуын арттыру бойынша жұмыс күшейтіліп, былтыр 11 айда БАҚ пен әлеу­мет­тік желілерде тегін негізде 2 мыңнан астам жарияланым жарық көрді.

Әл-Фараби бабамыздың әй­гілі «Қайырымды қала» идеясы тұтас ұжым­дарға, елге таралып, бақытты, ізгі қо­ғам­ға айналсақ қане?! Мейірімді, әділ, бірлігі мықты халық тек өркендей берсе керек!

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»