Қоғам • 05 Қаңтар, 2023

Отшашудан опық жегендер

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа жылды даланы жаңғыртып, отшашумен қар­сы алу дәстүрге айналғаны қашан. Балалар былай тұрсын, үлкендердің өзі қызық қуып, аспанға мойын бұратыны рас. Өкінішке қа­рай, қауіпсіздік ереже­лерінің сақталмауы салда­ры­нан қызықтың соңы қайғыға ұласатын кездер көп. Жаңа жыл қарсаңында елімізде отшашуды қолдану кезінде күйік алудың 15 фактісі тіркелген.

Отшашудан опық жегендер

Оның ішінде зардап шеккен 6 кәмелетке толмаған бала бар. Мысалы, елордада 1 қаңтарда түнде үй­дің ауласында ер адамды екі кәмелетке толмаған баласы­мен бірге отшашуды қолдан­ған кезде күйік шалған. Та­ғы бір оқиға Астанада Нәжіме­денов көшесінде тіркелді. Пиротехниканы дұрыс қолданбау салдарынан балкон өртеніп кетті. Зардап шек­кендер жоқ.

Ішкі істер министрлігі 25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында республика бойын­ша «Пиротехника» же­дел-профилактикалық іс-­ша­расын өткізгенін атап өткен жөн. Мақсаты – жаңа жылдық мереке қар­­саңында қоғамдық қауіп­сіздікті қа­дағалау. Осы күндері полицейлер мен Төтенше жағдайлар депар­таменті қызметкерлері жеке және заңды тұлға­лардың азаматтық пиро­техникалардың айна­лы­­мына және оның қауіп­­сіздік ережелерін сақ­тауы­­на қадағалау жұмыс­та­рын жүргізді. Мәселен, пиро­техникалық бұйымдарды сату ережелерін бұзғаны үшін 842 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде ӘҚБтК-нің 196-бабы (Заңсыз сау­да) бойынша – 829, 436-бап бойынша (Бөлінбеген орын­дарда қолдану) – 11, 483-бап бойынша (Сақтау және тасымалдау тәртібін бұзу) – 2 адам. Жалпы, жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесін­де барлығы 16 400 сертифи­катталмаған пиро­тех­ника­лық өнім тәркі­ленген.