Спорт • 31 Желтоқсан, 2022

Алматыда шахматтан әлем чемпионаты аяқталды

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанды. Ал Динара Сәдуақасова рапидтен әлем чемпионатының күміс медалін иеленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда шахматтан әлем чемпионаты аяқталды

Алматыда шахматтан рапид және блицтен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бір апта бойы Алатау бөктерін дүбірге бөлеген шахмат додасын Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Әлем чемпионатына 46 мемлекеттен 178 ер мен 98 әйел қатысты. Дүниежүзінің ең таңдаулы гроссмейстерлері жиналған әлемдік доданың барлық чемпиондары анықталды. Еліміздің үміті Бибісара Асаубаева орасан зор нәтиже көрсетіп, блицтен әлем чемпионы атанды. Ол былтыр Польша елінде де блицтен әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Бибісара шахматтан екі дүркін әлем чемпионы. 

Жылдам шахматтан яғни рапидтен Динара Сәдуақасова күміс медаль олжалады. Рапид бойынша норвегиялық Магнус Карлсен 13 турда 10 ұпай жинап әлем чемпионы атағын қорғай білді. Күміс медаль 18 жастағы неміс шахматшысы Винсент Кеймердің қанжығасында кетті. Қола медальді американдық Фабиано Каруана олжалады. Рапидтен қыздар арасында қытайлық Тань Чжунъи иеленді. Күміс біздің шахматшымыз Динара Сәдуақасоваға, қола медаль үндістандық Шри Савитаға бұйырды.

Блицтен әлем чемпионатының финалдық ойындардың символикалық жүрісін бастап беру құрметі Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Хұсайновқа, «Тиолайн» компаниясының атқарушы директоры Виктор Долгалевке бұйырды.

Арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында чемпионат директоры, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы шахмат федерациясының тапсырысымен жасалған  кубок, медальдармен марапаттады. Ерлер арасындағы блиц турнирде Магнус Карлсен әлем чемпионы атанса, күміс медаль американдық Хикару Накамураға, қола жүлде армян Хаик Мартиросянға бұйырды. Магнус үлкен еңбекпен жеткен әлем чемпионы атағын қорғау үшін тынымсыз дайындық жүргізгенін айтты. Ол тіпті Шымбұлақта шаңғы да теуіп, Алатаудың ауасы мен әлем чемпионатының аурасы ерекше шабыт бергенін атап өтті.

Қыздар арасында блицтен күміс медаль үндістандық Хампи Конеруге, қола жүлде Полина Шуваловаға (FIDE) бұйырды.

Баспасөз мәслихатында Бибісара Асаубаева елімізде өткен әлем чемпионатының жауапкершілігі өте жоғары болғанын жеткізді. Бибісара өзінің жеңісі келешекте еліміздің шахмат спорты өркендеуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.