Қоғам • 01 Қаңтар, 2023

Ауыл медицинасы – басты назарда

603 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Ауылдағы ағайын бұл оң өзгерісті биылдан бастап сезіне бастайды. Жыл басталысымен медицина саласын дамытуға 460 млрд теңге жоспарланып, оның 40%-ы ауыл-аймақтарға бөлінеді.

Ауыл медицинасы – басты назарда

30 жылда отандық денсаулық сақтау саласында аз жұмыс атқарылған жоқ. Әсіресе, пандемия кезінде еліміздегі медицина саласына ерекше назар аударылды. Жылдағыдай емес, биыл мемлекеттен бөлінетін қаржы да көбейді. Бұрыннан келе жатқан түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда Президент тапсырмасының ықпалы артты.

«Мен келесі жылдан бастап еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыруды бастау туралы шешім қабылдадым. Екі жыл ішінде бүгінде медициналық мекемелері жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жарақтандырылады. Осылайша, мемлекет миллионнан аса азаматтың алғашқы медициналық-сани­тарлық көмекке қол жеткізуін қамта­масыз етеді. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, ауданаралық көпсалалы мекемелер болып қайта құрылмақ. Оларда инсульт орталықтары, хирургия, реанимация және оңалту бөлімшелері пайда болады. Бұл төрт миллионнан аса азамат үшін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, телемедицина дамытылады, ол шалғай аудандардың тұрғындарына білікті көмек көрсетуге жол ашады», делінген Президенттің қыркүйектегі Жолдауында.

Содан бері ілкімді іс шаралар дереу қолға алына бастады. Өйткені шал­ғай жатқан кейбір ауылдарда ауруха­на түгілі стационар да жоқ екені, дәрігер де тапшы екені ашық айтыла бастады. Берілген тапсырмадан бірден шешім шығарған Денсаулық сақтау министрлігі ендігі екі жылда емдеу орталықтары жоқ елді мекендерге медициналық бөлімшелер салынып, қажетті құралдармен то­лық қамтамасыз етілетінін, кейбір аймақ­тардағы жұмыс істеп тұрған ауруханаларды көпбейінді етіп жабдықтап, жаңа бөлімдер ашу арқылы қызмет сапасы артатынын мәлімдеді.

Расында, көп ауылдағы медициналық инфрақұрылымның тозығы жеткен. Тексеру нәтижесінде 200-ден аса тұрғы­лықты жерде медициналық көмек беретін мекеменің жоқтығы, 400-ге жуық объекті жалға алынғаны және кейбірі апаттық ғимаратта шоғырланғаны анықталған. Десе де бір қуантатыны, жаңадан қа­был­данған ұлттық жоба жоспарында 32 аудандық аурухана жаңартылып, көпбейінді мекемелерге айналдыру ісі биыл жүзеге асырыла бастайды. Бұл ретте Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте ауылдық елді мекендерді медициналық объектілермен қамтамасыз ету мәселелері ашық талқыланды. Яғни «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында өңірлер мен шалғай ауылдарда салынатын 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Мәселен, Қарағанды облысында 92 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны, Абай облысында 65 нысан, Жетісу облысында 59 нысан, Ақмола және Алматы облыстарында 38 нысаннан салу жоспарланып отыр.

«Ауылдар мен шалғай аудандардың тұрғындары облыс орталықтары мен қалаларға барып, медициналық көмек алу үшін шақырымдап жол жүруге мәжбүр. Бұл жерде уақтылы медициналық көмек көрсету мәселесі жайына қалып отыр. Ауылдар мен шалғай аудандар тұрғындарының сапалы медициналық көмек алуын, оның ішінде «алтын сағат» ішінде көмек көрсетілуін қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді. Жоспарланған 655 жаңа нысанның 20-сы медициналық нысаны мүлдем жоқ ауылдарда салынбақ. Осы уақытқа дейін медициналық нысандарға арналған арнайы ғимараттары болмаған ауылдарда және шалғай аудандарда та­ғы 208 медициналық нысан салынады. Қа­зір­­дің өзінде апатты жағдайда тұрған қол­­да­ныстағы нысандардың орнына 420-ға жуық нысан тұрғызылмақ», деді А.Көлгінов.

Енді ауыл-аймақпен қатар аудандағы ауруханалардың да ахуалы әжептәуір жақсара түседі. Яғни биыл инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылып, телемедицина бағытын дамыту жолға қойылып, шалғайда тұратын халыққа сапалы меди­циналық қызмет көрсетіле бастайды.

Жалпы Денсаулық сақтау министр­лігінің берген мәліметіне сүйенсек, отандық медицина жұмысының биылғы жоспары мынадай: денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу; 2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөнін­дегі жоспарды бекіту және іске асыру; халыққа жұқпалы емес аурулар бойын­ша кәсіби тексеру бағдарламаларын кеңейту; 2026 жылға дейінгі ана мен бала денсаулығын сақтау тұжырымдамасын бекіту және іске асыру; медицина қыз­мет­кер­лерінің жалақысын көтеру, оның ішінде дәрігерлерге 30%-ға (531 мың теңгеге дейін), орта медициналық персо­налға 20%-ға (250 мың теңгеге дейін) дейін жалақысын арттыру; Астана жә­не Алматы қалаларында 2 ғылыми-ин­но­ва­ция­лық көпсалалы клиниканы пай­да­лану­ға беру; «Ауылдық денсаулық сақ­тау­­ды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 309 МСАК объектісін пайдалануға беру (131 медициналық пункт, 99 ФАП, 79 дәрігерлік амбулатория); ауданаралық орта­лық аудандық ауруханаларды зама­науи медициналық жабдықтармен жарақ­тандыру.

Иә, жетістіктер мен кемшіліктер әр кез қатар жүреді. Десе де заман талабына лайықты өмір сүру үшін ауылдықтарға ғана емес, жалпы жұртқа сапалы медици­налық инфрақұрылым ауадай қажет. Ауыл-аймақты айтпағанда, кейбір қала­лар­дың да медициналық ахуалы мәз емес. Сондықтан биыл Президент тапсырмасымен елімізде оң өзгерістер орын алады деп сенеміз. Мемлекет басшысы айтқандай, мұның бәрі ұлт саулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға бастайды.