Қоғам • 20 Желтоқсан, 2022

Қазақстандағы тозығы жеткен ЖЭО жөндеуге 182 млрд теңге қажет

427 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2023 жылға арналған «қызыл» аймақтағы жылу электр орталығының жабдықтарын күрделі жөндеуге 182 млрд теңге қажет екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы тозығы жеткен ЖЭО жөндеуге 182 млрд теңге қажет

Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, қызыл аймақта орналасқан ЖЭО-лар үшін келесі жылыту маусымында тәуекелдерді барынша азайту мақсатында негізгі жабдықтарды күрделі жөндеу, 98 қазандықты, 54 турбинаны қайта құру, жаңғырту жұмыстарының көлемі анықталды.

Алдын ала есептеулер бойынша жоғарыда аталған жұмыстар 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қажет етеді, іске асыру мерзімі 2023 жыл. Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеуге қарастырылған қаражат 93 млрд теңгені құрайды.

«Қазіргі таңда бекітілген тарифтер аясында электр және жылу энергиясын сатудан түскен электр станцияларының кірісі толық жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды өтей алмайды. Осылайша, жеткіліксіз қаржыландыру көлемі 88 миллиард теңгені құрап отыр», деп атап өтті Б. Ақшолақов.

Ол жоғарыда аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО-ны мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке ЖЭО-ны меншік иесінің есебінен қаржыландыру ұсынылып отырғанын айтты.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия аясында ЖЭО-ның техникалық жағдайын талдау аяқталды. Бүгінде елімізде бар болғаны 37 ЖЭО бар, оның 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары аймаққа, жетеуі жасыл аймаққа енгізілген.