Қоғам • 29 Қараша, 2022

Әскери бөліммен қоштасты

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұзақ жылдар бойы жолында қан да, жас та, тер де төгілген тәуелсіздік біздің халқымыз үшін аса қымбат. Ал сол егемендігіміз бен елдігіміздің
баянды болуы ішкі тұрақтылықтың сақталуына тікелей байланысты. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Ұлттық ұлан сапына жыл сайын он мыңдаған бозбала келіп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді.

Әскери бөліммен қоштасты

Астана іргесіндегі 5573 әскери бөлімінің өзінен жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген бір жарым мыңдай жас сарбаз еліне қорған болар рухы мығым азамат боп түлеп шығады. Былтыр осы уақытта жедел құраманың табалдырығын аттаған күзгі шақырылым өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен аяқтап, таяу­да туған өлкелеріне аттанды.

Жақында Ұлттық ұланның астаналық әскери қалашығында 2021 жылғы шақырылым сарбаздарын құрметтеу кеші өтті. Салтанатты іс-шара әдеттегідей, сахна төріне еліміздің Мемлекеттік Туын кіргізуден басталды. Жанды дауыста Әнұран шырқалған соң, бөлім командирі полковник Аян Есжанов әскермен қоштасқалы отырған буынға сөз арнады. Аян Абдуғаниұлы сарбаздарға адал қызметтері үшін командирлік алғысын білдіріп, рухтарын көтерді. Ағалық өсиетін айтып, жауынгерлік қызметте ерекшеленген сарбаздарға марапат тапсырды.

Әрбір сарбаздың әскери істі меңгеруінде, нағыз Отан қорғаушы боп қалыптасуына ықпал еткен үлкен-кіші командирлерге, жыл бойы қолдау танытқан ата-ана, жақындарына да алғыс білдірді. Іс-шара барысында сарбаздарға өз батальондары туралы әдемі бейнероликтер, қызмет жолдары мен демалыс уақытындағы қуанышты сәттері таспаланған естелік сюжеттер көрсетілді.

Сондай-ақ кеш иелеріне арнап Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама ұсынды. Кеш соңына кейінгі толқын атынан қатардағы Олжас Ширажеденов жауынгерлік жол көрсеткен аға буынға ән арнады. Бөлім басшылығы мен қаруластары тарапынан көрсетілген құрмет сарбаздарға ерекше көңіл күй, шаттық сыйлады. Мерекелік кешті әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Айдар Жүсіпбеков қорытындылап, жауынгерлердің үйлеріне аман-сау оралуын тіледі. Іс-шара аяқталған соң естелік үшін Жауынгерлік Ту алдында суретке түсіп, қос буын бір-бірімен қимастықпен қоштасты.

 

Назгүл БАЙШИНА

 

Астана