Пікір • 29 Қараша, 2022

Баға мен бата

312 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сайлаушының сенімі – халықтың сенімі. Сайлау нәтижесін өз халқының бағасы әрі батасы деп қабылдай отырып, барлық азаматтың шынайы қолдауымен Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жылдық мерзімдегі президенттік қызметіне кірісті.

Баға мен бата

Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында 2022 жылдың 26 қарашасын­да өткен ұлықтау рәсімінде сөйле­ген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың сая­си бағдарыма – бағасы, алдағы жос­парыма батасы деп қабылдаймын!» деген бір ауыз сөзімен өз қадамын халықтың сенімінен артық, ел сенімін еш нәрсе­мен өлшеу мүмкін еместігін алға тарта отырып, өзі де сенімді және халқын да сендіре отырып, болашаққа қадам жасадық.

Алда – жеті жыл. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ еліне Пре­зидент ретінде қызмет көрсетуінің мерзімі. Сайлау алдында, нақтылап айтсақ, 2022 жылғы 16 қарашада Алматы қаласы жұртшылығымен кез­десуінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің түсінігімде, Президент – жалдамалы менеджер, халық онымен белгілі бір мерзімге келі­сімшарт жасайды. Азаматтардың еркін таңдауының нәтижесінде елдегі ең жоғары мем­лекеттік лауазымға ие болған адам миллиондаған отандастарының дауы­сымен бекітілген келісімшартқа қол қояды. Сондықтан Президенттің лауа­зымы – артықшылықтан бұрын зор жауапкершілік. Бұл қызметті атқарған және атқаратын әрбір адам ең қатал үш соттың – халықтың, тарихтың және өз ар-ұжданының алдында жауап береді», деген еді. Мемлекет басшысының осы бір айтқанында терең мән бар екендігіне ой жүгіртсек екен.

Халқының, тарихтың және өзі­нің ар-ұжданының алдындағы жауап­кершілікті бір сезінген адам болса, ол Қасым-Жомарт Тоқаевтай болса етті. Кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде басын бәйгеге тіккені және де Тәуелсіздік тағдыры үшін батыл шешім қабылдай отырып, елдікті сақтап қалғандығы бөлек әңгіме. Ал енді Қазақстан қоғамын шын ниетімен демократияландыру, әділ де адал қоғам орнату, президенттік билікті монополияландырмау, заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты бүгінгі күннің аңсарлы мүддесін жүзеге асыруға батыл қадам жасауын халық пен тарих алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алғаны деп түсінеміз.

Ұлықтау рәсіміндегі сөзінде Прези­дентіміз заң мен тәртіп үстемдік құра­тын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстан құру біздің ортақ мақсатымыз екендігін атап көрсетті. Біздің қоғам заң мен тәртіптің үстемдік құруына шөлдеп отырғаны анық. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз бастамасымен, ұсынысымен жалпыхалықтық референдум арқылы конституциялық өзгерістердің жасалуы жаңа да әділетті Қазақстан құрудың басы болса керек.

Енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, білім беру ісінен бас­тап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болмақшы. Демек қоғам алдында ең әуелі білім беруді жетілдіру және сол білімді осы заманғы озық үлгіде ұйымдастыра білуге ұмтылу міндеті тұр. Қазіргі уақытта Қазақ­станда техникалық білім беру бағытына басымдық берілуде. Біраз жоғары оқу орындары базасында өзге мем­лекеттердің техникалық мамандарын даярлау басталып та кетті. Және де Пре­зиденттің пәрменімен жаңа мектептер салу, студенттерді жатақханамен қам­та­масыз ету мәселесіне де үлкен мән беріліп отырғанын ескерсек, біз білім­ді ұрпақ өсіру арқылы білімді ұлт қалып­тастыруды басты нысана етуіміз керек.

Білімді ұлт қалыптастыра отырып, еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі арқылы дамыту жөніндегі Президент алға қойып отырған міндеттің елімізді өркендетудің шешуші тетігі екендігін терең пайымдау арқылы біз ендігі арада еңбекқор ұлт болып қалыптасуға зор ынтамен ұмтылуға тиістіміз ғой деп ойлаймыз.

Елдің өз болашағына деген сенімі де берік болғаны жөн. Біз мұны неге айтып отырмыз. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің Ұлықтау рәсімінде: «Шынайы заң үстемдігін қамтамасыз етпей, әділетті әрі нарықтық экономиканы құру, жеке меншікті қор­ғау, бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жем­қорлықты жою мүмкін емес. Сондықтан заң алдында бәрінің тең болуы – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі шарты», деп атап көрсетуі мемлекетіміздің басты ұста­нымы екендігіне иланамыз.

Ұлықтаудан кейін Президент бірден ауылды өркендету және шет­елдерге заңсыз шығарылған активтер мен қаржыларды қайтару жөніндегі жарлықтарға қол қойды. Бұлар ұзақ жылдардан бері халқымыз айтып келе жатқанымен, ешкімге құлақ асыра алмаған өзекті де толғақты мәселелер болатын. Ауылды өркендету еңбек етуді қажет етеді. Ауылды өркендету жаңа технологияны қажет етеді. Еңбек пен технологияны ұштастыра білсек, сөз жоқ, шаруамыздың ілгері басары анық.

Қазіргі уақытта әлемде азық-тү­лік­­тің жетіс­пеушілігі жыл сайын айқын байқалып отыр. Бұл мә­селе БҰҰ Бас Ассамблея­сының да мін­берінен сөз болып жүр. Сон­дықтан да Прези­дент еліміздің азық-түлік қауіпсіз­дігін қам­тамасыз ету мәселесін жиі қозғап, ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға зор көңіл бөлуі және де ауыл­ды дамытуды заңмен бекітуі бұл салада үлкен бетбұрыс жасалатынына сендіреді.

«Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздің бекемдігін тағы да дәлелдей алдық және де біз халықтың тілегі мен заман талабына сай тиімді мем­лекет құруға міндеттіміз. Мұның  ма­ңызды тарихи міндет екендігін терең түсі­не білуімізді еліміздің бүгіні мен бола­шағы алдындағы парызымыз деп санаймыз. 

«Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттілігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Прези­денті ретіндегі менің қасиетті парызым», деген Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «қызметті – уақытша, ал халықты – мәңгі» деп түсінуі және сол ойын ашық мәлім­деуі адал да әділетті қоғам ор­натуға бастайтын маңызды әрі бас­ты қағидат болса керек. Және де «Мен президенттік миссиямды халқым­мен бірге алдағы жеті жылда абыроймен атқарып шығамын деп сенемін. Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір! Сондықтан әрқашан бірге болайық, ағайын!» деген президенттік те перзенттік ой-мүддесі әманда халқымызды жақсы да жарқын күндерге бастай берсін.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ