Қазақстан • 12 Қараша, 2022

Ақтауда теңіз жаяу әскерлерінің сарбаздары ант қабылдады

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теңіз жаяу әскерлері бригадасында алғашқы әскери дайындық курсынан өткен еліміздің тоғыз облысынан әскерге шақырылған төрт жүзден астам сарбаз Отан алдында адал болуға ант берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда теңіз жаяу әскерлерінің сарбаздары ант қабылдады

Салтанатты шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров, әскери қызметшілер, қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, ауған жауынгерлері, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты. 

Саптық алаңда шымыр да мығым жауынгерлер сап түзеді.  

– Бүгін сендер Отанға адал болуға ант беріп, еліміздің қорғаушысы болдыңдар. Әскер – ерлік мектебі. Қызмет барысында алған дағдылар әскерден кейін де пайдалы болатынына күмәнім жоқ. Қиындықтардан мойымаңдар, олар сендерді шыңдап, қатайтады. Тәжірибе жинаңдар, ол болашақта өздерің үшін жұмыс істейді, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов теңіз жаяу әскерлеріне. 

Салтанатты рәсімнен кейін жас жауынгерлерді осындай айтулы оқиғамен ата-аналары құттықтады.

– Ұлдарымыздың ер-жетіп қалғанын байқадық. Әскердегі қызмет балаларымыздың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Бірақ, ең алдымен, бұл еліміздің қауіпсіз болуы мен шекараларымыздың сенімді қорғалуы үшін қажет, – деп атап өтті қатардағы жауынгер Бақдәулет Базарбековтың әкесі түркістандық Нұрпейіс Жамалов. 

Бір ай ішінде қарапайым балалар әскери ортаға бой үйретіп, әскери адам тәрізді шымыр да мығым болып қалған.

– Мен әскерге Түркістан облысынан шақырылдым. Осы уақыт ішінде бұл жерге бейімделіп, түрлі аймақтардан келген балалармен достасып, көп нәрсені үйрендім. Мен үшін ант беру – үлкен жауапкершілікті жүктейді. Маған сенім артқан жақындарымның үмітін ақтап, әскери борышымды абыроймен орындауға барымды саламын, – деді қатардағы жауынгер Рахматулла Камилбетов.