Пікір • 08 Қараша, 2022

Әділетті Қазақстанның дәйекті бағыты

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының конституциялық заңдарға қол қоюы саяси жаңғыртудың маңызды кезеңі болды. Президенттің Жолдауларда жариялаған және референдум барысында Қазақстан халқының қолдауына ие болған бастамалары заңнамалық тұрғыдан ресімделді. Ал заңдардағы негізгі өзгерістер адам құқықтарын қорғау және сайлау жүйесіне қатысты.

Әділетті Қазақстанның дәйекті бағыты

Тұңғыш рет Конституция­лық сот, Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл туралы консти­ту­циялық заңдар қабыл­данды. Қазақстанның құқық­тық жүйесі үшін бұл алға қарай қарышты қадам. Азаматтар өз­дерінің конс­титуциялық құқық­тары мен бостандықтарын Жо­ғарғы сотта өз бетінше немесе Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл­дің көмегімен қорғай алады. Бұған дейін Қазақстанда Конс­титу­циялық сот болды. Ол 1992-1995 жылдар аралығын­да жұмыс істеп, өзінің жоға­ры миссиясын жүзеге асырып үл­гер­­меді. Қазір кез келген демо­кра­тия­лық мемлекеттің мұн­дай инс­титут­тарына тың сер­пін бе­рі­ліп отыр. Маңызды құқық қор­­­ғау институттарының конс­титу­­ция­лық мәртебесін бекіту Әді­­лет­ті Қазақстан құру­дың құқық­­­тық негізіне айналатынына сенімдімін.

Елдің саяси жүйесін реформалаудың дәйекті бағыты азаматтардың мемлекеттік органдарды құру мүмкіндіктерін кеңейтті. Жаңартылған «Сайлау туралы» Конституциялық заңда аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлауға қатысты нормалар бар. Енді азаматтар облыстардағы 170 аудан мен 38 облыстық маңызы бар қала әкімін өз бетінше сайлайды.

Аралас жүйе бойынша Мә­жіліс пен облыстардың мәс­ли­хаттары құрылады. Мы­салы, облыстардың Алма­ты, Шымкент және Астана қала­лары мәслихаттарының жартысын партиялық депутаттар құраса, екінші жартысын бір мандатты округтер бойынша сайланған партиялық емес депутаттар құрамақ. Бұл өте маңызды өзгеріс, өйткені ол азаматтардың депутаттарды сайлау мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, әрбір қазақстандыққа сайлану мүмкіндігін береді. Бұл нормаларды енгізу жергілікті жердегі жағдайды түбегейлі өзгертеді. Іс жүзінде реформа барлық 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың мәслихаттарын қамтиды.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардағы 200-ден астам мәслихатқа келетін болсақ, олардың депутаттық корпусы 100 пайыз бір мандатты округтерден, партиялық емес кандидаттардан құрылады. Бұл өңірлердің дербестігін арттырып, жергілікті бюджетті қалып­тастыруға ықпал етуге және оның орындалуын бақылауға септігін тигізері сөзсіз.

Президенттің билікті ор­талықсыздандыру және саяси жүйені демократияландыру жөніндегі дәйекті саясаты билікке азаматтық белсенді қатысудың негізін салып үл­герді. Мемлекет халыққа құ­лақ асады, қоғамның мүддесі мен сұранысын ескереді. Бүгінгі қабылданған шешімдер жақын арада оң нәтиже беретініне сенімдімін.

 

Еркін ТҰҚЫМОВ,

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры