Саясат • 28 Қазан, 2022

Әлеуметтік мәселеге ден қойды

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мейрам Қажы­кен үгіт-насихат науқаны аясында Жезқазған мыс балқыту зауы­т­ы­на барды. Кандидат анод бөлімшесінің жұмысшыларымен кез­десіп, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталды.

Әлеуметтік мәселеге ден қойды

Сондай-ақ ол қызметкерлер­дің сұрақтарына жауап берді. Металлургтердің көпшілігі зиян­ды өндіріс орнында жұмыс істейтіндіктен, ерте зейнетке шығу мәселесін көтеріп, «қауіпті кесте» ұғымын қайтару қажеттігін атап өтті. Кездесу соңында зауыт қызметкер­лері сайлауалды додада сәттілік тілеп, кандидатқа жұмысшы­лар кәсіподақтары бірлігінің белгісі ретінде касканы табыс етті.

Металлургтермен кездесуден кейін кандидат Мейрам Қажы­кен «Адал еңбек KZ» ЖШС-на барды. Бұл компания «Қазақмыс» корпорациясының бастамасымен кәсіпорындар­да еңбек жарақатын алған адамдарды жұмысқа орналас­тыру мақсатында құрылған ұйым. Кездесу барысында үміткер компания басшылығымен және белсен­д­ілерімен танысты. Мұнда қыз­меткерлер ерекше қа­жет­тіліктері бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесіне ден қойды.

Естеріңізге салсақ, Жезқазған мыс балқыту зауыты 1971 жылы ақпанда пайдалануға беріл­ді. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 200 мың тонна катодты мыс өндіреді. Ал «Адал еңбек KZ» ЖШС 2015 жылы Жезқазған қаласында компания кәсіпорындарында еңбек жарақатын алған адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында құрылғанын атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар