Қоғам • 27 Қазан, 2022

Әлеуметтік оптимизм

317 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемде экономикадағы болжамсыздық пен күрделі геосаяси ахуалдың қалыптасуы Қазақстанды да сырт айналып өткен жоқ. Ол Жер шарының көптеген халқының болашаққа деген сенімі мен үмітін сағым­дай етті.

Осы орайда менің көзіме тұрғындардың әл-ауқатын бағалауға арналған 2022 жылдың қыркүйек айындағы бір әлеуметтік зерттеудің нәтижелері түсті. Онда Қазақ­стан­дағы отба­сы­лардың 54%-ы өз тұрмыстық жағдайын «табыстарын азық-түлік пен киім-кешекке жетеді, бірақ ұзақ мерзім пайдаланатын заттарға жетіңкіремейді» деп бағалап, ковид індетіне дейінгі 2019 жылғы 53% көрсеткішке қайта оралғандығы туралы мәліметтер келтіріліпті (2021 жылы ол 31% болған). Мұндай әлеуметік оптимизмнің қайдан пайда болғанына сарапшылардың өздері таңғалысып, оның себебін түсінгілері келеді.

Мен бұл мәселені Қ.Тоқаевтың Мемлекет басшысы лауазымына кіріскендігі және оның жаңа дәуір заман талабына сай тиімді мемлекет қалыптастыруға бағыт алуымен тікелей байланыстыра қарастырар едім. Өйткені Президент Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басқандығын мәлімдеп, тұрақты даму қағидаттарын қоғамдық өмірге енгізуді мақсат тұтты. Ол серпінді экономика және мықты әлеуметтік саясатқа басымдық берді. Қ.Тоқаев халықтың өмір сүру деңгейін елдегі саяси тұрақтылықтың мүддесі тұрғысынан қарай келе, оның қауіпті түрде төмен жағдайда тұрғанына көзін жеткізіп, елдегі әлеуметтік ахуал­ды бұрынғыдан бетер ушықтырмай, оның алдын алу қажеттігін жақсы түсінді. Сон­дықтан тиімді мемлекеттік басқару мен саяси жүйені трансформациялауды қолға алып, Жаңа, Әділетті Қазақстанды құруды мемлекеттіліктің іргетасын нығайтудың кепіліне айналдыруға бел байлап, мемлекеттік биліктің «күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсынды. Ал «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы оның Жолдаулары мен реформаларына арқау болып, көптеген күрделі және өзекті мәселеге қозғау салды. 

Президент қиындықтар мен қауіп-қатер­лердің күтіп тұрғанын да жұрттан жасыр­ған емес, керісінше, кездесетін қиын­дық­тың барлығын халқымен бірге көруге де, жауапкершілікті өз мойнына алуға да, елінің тағдырына қатысты батыл шешім­дер қа­был­дауға да дайын тұрып, өзін табан­ды басшы ретінде де көрсетті. Бол­мысы­нан халыққа жақын тұлға болғандықтан, оның көп­қырлы және ауқымды реформалары тұр­ғындарға да түсінікті бола бастады. Саяси рефор­малар батыл және түсінікті қадам­дар жа­сауға мүмкіндік беріп, халықтың әл-ауқа­тын арттыру мемлекеттік саясаттың негізіне ай­на­лып, әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетуге және жаңа саяси үлгіге көшуге жол ашты. Ақи­­қатында, бұл реформалар – Қазақ­стан­­ның жаңа саяси дәуірінің басталғанының дәлелі.

Сондықтан болар, сарапшылар жоғарыдағы нақты шаралардың нәтижесінде қорғаудың әлеуметтік тетіктерінің іске қосылып, қазақ­стан­дықтардың басым көпшілігі Президенттің берген уәделерін естіді деген қорытындыға келіп отыр. Сонымен бірге бұл оның өз уәдесіне берік адам екеніне азаматтардың көздерінің жете бастағандығын көрсетсе керек. Мәселен, референдумнан кейін Конституцияда жер және оның қойнауы халық меншігі болып табылады, оның атынан мемлекет меншік құқығын жүзеге асырады деген бап пайда болды. Қ.Тоқаев тәуелсіздік тұсында орын алып, қордаланған бұрмалаушылықтарды әділеттілік, прагматизм және ағартушылық құндылықтар негізінде түзетуге кірісіп, ел ішінде туындап жатқан көптеген түйткілді мәселелерді шешу бағытында нақты шараларды бастады. Оның саяси және экономикалық демонополизация жүргізуді қолға алуы мен әлеуметтік-экономикалық саясаты халық­тың негізгі топтарына түсінікті болып, өз тиімді­лігін көрсете бастады. Бұл басқару жүйесі­нің философиясын да түбегейлі жаңар­тып, өкі­летті биліктің толыққанды дамуын талап етті. Аталған үдеріс популистік ұрандар­сыз қо­ғам­­дық бақылау орнату арқылы ілгері­ле­тіліп, сыртқы дағдарыстар жағдайында жасам­паздық күн тәртібі белсенді түрде іске асыры­лып, елде қоғамды топтастыру процесі жүріп жатыр.

Сондықтан болар, азаматтар белсенді түрде елдің қоғамдық-саяси өміріне араласып, оның нәтижелерін өз көздерімен көріп, сол қайта құруларға кең көлемде әлеуметтік қолдау көрсетуге бет бұруда. Оған Мемлекет басшысының алдағы Президент сайлауында елуге жуық саяси партия мен қоғамдық ұйымнан тұратын кең коалицияның қолдауға ниет білдіргенін мысалға келтіргені жеткілікті шығар. Ендеше, осының барлығы әлеуметтік оптимизмсіз мүмкін болмас еді. Бұл үлкен игілікті істің басы болып, осы үдеріс үрдіске айналсын деп тілейік.