
Суреттерді түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ
Премьер-лига ережесі қайта қаралады
– Әділет Назарбайұлы, ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Тарихи жетістікке қол жеткізудің сыры неде деп ойлайсыз?
– Турнирге ойдағыдай қатысып, жақсы нәтиже көрсету үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мұның бәрі ұтымды ұйымдастырудың нәтижесі дегеніміз дұрыс шығар. Барлық бағыттағы қызметтердің өзара тиімді әрекеті үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Әкімшілік, жаттықтырушылар штабы және команданың үйлесімді қызметі мен бір-біріне деген құрметі ерекше әсер етті деп ойлаймын. Осы арқылы тарихи жетістікке қол жеткіздік. Бұл үлкен істердің бастауы ғана. Алда көптеген жұмыс күтіп тұр. Медициналық, биологиялық қызметті күшейтіп, мықты сараптамалық топ құру қажет. 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына дайындық басталды. Дайындық аясында Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері құрамаларымен жолдастық кездесулер өткіземіз.
– Алда қыруар жұмыс күтіп тұрғанын айттыңыз. Оларды ойдағыдай іске асыру үшін үлкен тәуекелге бару қажет шығар. Жалпы, сіз тәуекелге жиі барасыз ба?
– Тәуекелді кездейсоқ деп қарауға болмайды. Біз барлық қадамды есептей отырып жұмыс істейміз. Менің түсінігімде тәуекелдің барлығын ескеріп, алға ұмтылу маңызды.
– Тәуекел туралы тектен тек сұрап отырған жоқпыз. Біздіңше, сіздің федерация басшысы ретіндегі үлкен тәуекеліңіз Магомед Адиевті құраманың бас жаттықтырушысы етіп тағайындағаныңыз деп ойлаймын. Себебі осы күнге дейін есімі мен еңбегі жұртшылыққа аса танымал емес бапкер ұлттық құраманы «В» лигасына алып шықты. Таңдау неліктен Адиевке түсті?
– Магомед Адиев – жаңашылдықты жылдам меңгеріп, өзгерістерге әрдайым дайын тұратын бапкер.
– Жанкүйер қауымды алаңдататын мәселе – легионерлер. Айталық, «Атырау» және «Ақжайық» командаларында ел біріншілігінің соңғы ойындарында алаңға тек бірді-екілі отандық ойыншы ғана шығып жүр. Легионерлер санын қалай шектеуге болады?
–Отандық футбол тәрбиеленушілерінің санын арттыру үшін міндетті түрде жұмыс жүргізетін боламыз. Жергілікті футболшылардың дамуын жетілдіру мақсатында Премьер-лига ережесі қайта қаралмақ.
– Құраманың қарқыны тәуір болғанымен, клубтардың нәтижесіне қарап қарның ашады. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасын айтпағанның өзінде, биыл Конференция лигасының топтық кезеңіне бірде-бір команда өте алмады. Мұндай сәтсіздіктің себебі неде?
– Соңғы 10 жылдағы еуропалық маусымда біздің клубтар 7 рет еурокубоктың топтық кезеңінде ойнағанын атап өткен абзал. Биыл клубтар сәтсіз ойнағаны рас. Бұған кері әсер еткен бір ғана себеп бар. Ол – барлық клубтағы менеджмент деңгейінің төмендігі. Әр команда жеке техникалық және қаржылық мүмкіндіктеріне қарай дамып келеді. Сол себепті нәтиже де әртүрлі болуы ықтимал.
Клубтарға қатал талап қоюға дайынбыз
– Ішкі чемпионатты дамыту әрі қызықты ету үшін қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Федерацияның міндеті – чемпионатты ұйымдастырудың тиімді жүйесін құру. Бәсекеге қабілетті біріншілік қалыптастыру үшін матчтардың санын ұлғайтып, тығыз ойын күнтізбесіне көшу керек. Сонымен қатар инфрақұрылым бойынша футбол клубтарына қатал талап қоюға да дайынбыз. Жабық лига жобасы да қарастырылды. Бірақ клуб жетекшілерінің мене-джерлік және қаржылық сауаттылығын арттырмай, мұның барлығы нәтиже бермейді.
– Өзіңіз айтқан олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті жобалар қолға алынатын шығар?
– Әрине. Қазіргі таңда футбол менеджерлерін даярлайтын мектебін іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені мықты мамандар қажет. Бапкерлер штабын даярлау мектеп ашу да жоспарда бар. Төрешілер жұмысы да маңызды. Төрешілерді тәрбиелеуде ойыншы мен бапкер сияқты ұзақ дайындықты талап етеді. Батыстың мамандарын шақырып, жас төрешілер мектебін дамытуды қарастырып отырмыз.
Өздеріңізге мәлім, 2022 жылғы футбол маусымындағы матчтарды алғаш рет толыққанды VAR-жүйесін қолдану арқылы өткізіп жатырмыз. Мұны үлкен жетістік деп айтуға болады. УЕФА-ға мүше 55 елдің барлығы мұндай жүйемен мақтана алмайды. Қысқа мерзімде техникалық мамандар мен төрешілерді оқытып, лицензия алып, әрі қарай ел біріншілігіне енгізе алдық. Мұның өзі чемпионаттың деңгейін арттырды. Келесі маусымнан бастап футбол клубтарынан стадиондағы жасыл алаңға жылу қондырғыларын орнатуды, спорттық инфрақұрылымды жақсартуды талап етеміз. Бұл міндеттер де ішкі біріншіліктің дамуына жәрдемдесе алады.
– Кейбір командалардың ойындарына баратын жанкүйерлердің қарасы аз. Оларды қызықтыратын жобалар ұсыну ойда бар ма?
– Ел чемпионатының ойындарын тамашалайтын жанкүйерлердің саны өте төмен деп айта алмаймын. Мәселен, Ақтөбеде жанкүйерлер өте белсенді. Тараз бен Шымкент стадиондарында да жанкүйерлер саны арта бастады. Әрине, бұл – бірінші кезекте футбол клубтарының жұмысы, олар жанкүйерлердің жиналуына қызығушылық танытуға тиіс. Біз өз тарапымыздан «Amanat» партиясымен бірлесіп, еліміздің барлық аймағында жастар қорын құру арқылы ортақ жобаларды іске асырып жатырмыз. Сол арқылы футболды аймақтарда насихаттау көзделіп отыр.
– Тағы бір маңызды мәселе – әйелдер футболы. Қазақстанда әйелдер футболын дамыту үшін не істеу керек?
– Жұмысты еліміздегі әуесқой және кәсіби әйелдер футболының жүйесін дайындаудан бастауымыз керек. Мұның негізі Премьер-лига клубтары жанындағы белсенді футбол орталықтары болмақ. Біз қыздардың футболға деген қызығушылығын байқап отырмыз. Ал ендігі міндет – чемпионатты кеңейту және құрама командалардың нәтижесін жақсарту үшін жағдай жасау. Сондай-ақ әйелдер футболының жаттықтырушылар штабының деңгейін көтеруге ден қоюымыз керек.
Жасөспірімдер чемпионаты құрылады
– Балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футболдың дамуы туралы не айтасыз?
– Биыл біз Қазақстан футболының 2034 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіттік. Алдағы 3 жылдағы негізгі ресурстарды бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, сондай-ақ футбол кадрларын даярлау саласындағы сапалы серпіліске және бұқаралық футболдың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағыттауға ниеттіміз.
Осы үш міндет дамудың негізгі іргетасы екенін атап өткім келеді. Онсыз кәсіби футболдағы үлкен жеңістер туралы айтудың қажеті шамалы. Бұл нәтижелерге қол жеткізу үшін футболды насихаттау, жарыстарды дайындау жүйесі мен футбол инфрақұрылымын жыл бойы қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру керек.
Ел футболының әлеуеті зор. Сондықтан футболмен кәсіби түрде айналысқысы келетін балаларға инвестиция жасап, үлкен мүмкіндіктерге жол ашуымыз керек. Әуесқой футболмен жүйелі түрде айналысатын 300 мыңнан астам баланың әлеуеті жоғары екені қазірдің өзінде мәлім болып отыр. Келесі маусымнан бастап серіктестеріміздің қолдауымен жасөспірімдер командалары арасында бәсекеге қабілетті лига құрамыз.
– Тәуелсіздік алғалы бері елімізде тек екі стадион ғана салынды. Бұл мәселені де реттеу керек екені айтпаса да түсінікті.
– Инфрақұрылымдық объектілерді салу міндетін мемлекет шешеді. Мемлекет футбол саласының басты инвесторы саналады. Ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футболдың инфрақұрылымын дамытуымыз керек. Еліміздің 17 өңірін және республикалық маңызы бар 3 қаланы жыл бойы қолданысқа қолайлы жабық манеждермен және алаңдармен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны іске асыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
– Сіздің ойыңызша, біздің қоғамға футбол қаншалықты маңызды?
– Футбол басты бұқаралық спорт түрі ретінде қоғам мен мемлекетке үлкен қоғамдық, әлеуметтік және экономикалық артықшылықтар әкелетініне сенімдімін. Футбол – саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізі. Ол қылмыспен, алкоголизммен, нашақорлықпен және интернетке тәуелділікпен күрес. Футбол – тең мүмкіндіктер спорты, сонымен қатар бақытты және саламатты отбасының, өсіп, өркендеген қоғам мен іргесі мықты мемлекеттің кепілі.
Қазіргі таңда Қазақстан футболы түбегейлі де мұқият реформалауды қажет етеді. Біздің ендігі барлық күш-жігеріміз осы мәлелені шешуге бағытталатын болады.
Әңгімелескен
Алмас МАНАП,
«Egemen Qazaqstan»