Қоғам • 20 Қазан, 2022

Жастар картинг спортынан жарысты

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастар ресурстық орталығының ұйым­­дастыруымен және «Rafe» мейрамханасы басшысының қолдауымен Шымкентте алғаш рет картинг спорт­тық жарысы өтті. Аталған іс-шара «Jas Team Kart» жобасы аясында жүзе­ге асты.

Жастар картинг спортынан жарысты

«Sport Villa» ойын-сауық кешенінде өткен турнирге жоғары оқу орындарынан 35 өкіл қатысты.

Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ұлжан Төленнің айтуынша, жарысты ұйымдастырудағы мақсат – студент жастардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдануға жол ашу, олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастырып, спорт саласын жастар арасында кеңінен насихаттау.

– Қазіргі кезде студенттердің сабақтан тыс уақытта спортпен айналысуға мүмкіндігі болмай жататынын аңғардық. Осыған байланысты оларды спортқа тартып, уақытын тиімді пайдалану мақсатында көптеген спорт түрін ұйымдастырудамыз. Соның бірі – бүгінгі «Jas Team Kart» жобасы аясында өткен картинг спорттық жарысы. Аталған жоба жастардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, денсаулығын да нығайтатыны анық. Осындай ойынға демеушілік көрсеткен «Sport Villa» ойын-сауық кешені мен «Rafe» мейрамхананың басшысына өз алғы­сымызды білдіреміз, – деді ол.

Тартысты өткен картинг спорт жарысында 7 команда өзара сайысқа түсті. Ойынның шарты бойынша қатысушылар 3 айналымды еңсеріп, 5 минутта мәреге жетуі керек.

– Бүгінгі картинг спорт жарысына ОҚМПУ студенттерінің арасынан команда жасақтап келген болатынбыз. Осындай керемет жарысқа бірінші рет қатысып, сайысқа түстік. Ойын барысында жаңа дос­тар тауып, спорт саласына өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Тартысты ойынға қатысуымызға мүмкіндік берген Жастар ресурстық орталығына студенттердің атынан алғыс айтамын, – деді ОҚМПУ студенті Бақберген Мұратұлы.

Жарыс жолында жүлдеге таласып, нағыз ойын көрсеткен шеберлер қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы М.Исаховтың арнайы дипломымен және кубоктерімен марапатталса, қалған қа­ты­су­шыларға алғысхаттар тапсырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорт­тық іс-шаралар мұнымен тоқтап қал­майды. Алдағы уақытта әлі көптеген ойын түрін өткізу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, бұл жарыста бірінші болып мәреге Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері жетті. Екінші орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жас­тары иеленді. Ал үшінші орынға Жұмабек Тәшенов атындағы университет түлектері жайғасты.

 

ШЫМКЕНТ