
«Съездің күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ұсыну мәселесі тұр. Бізге бүгінгі сын-қатерге толы уақытта әлемдік саясаттың жағдайын жақсы түсінетін, ел мүддесі үшін қажет кезде батыл шешім қабылдап, көш бастай алатын саяси тұлға қажет», деген «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміз үшін маңызды саяси науқанға дайындық басталғанын атап өтті.
– Қазіргі жағдайды геосаяси ахуалға байланысты қарастыратын болсақ, Президенттің өкілеттілігін 7 жылға дейін ұзартуы дұрыс шешім әрі батыл қадам деп санаймын. Кезектен тыс сайлау өткізу ұсынысын да қолдаймын. Еліміздің болашағы, балаларымыз бен немерелеріміз үшін мемлекетте тұрақтылықтың болғаны маңызды. Сонымен бірге Мемлекет басшысының алға қойған бағдарламаларын орындау үшін 7 жыл өте қолайлы кезең. Бұл – президент бастаған реформаларды жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізуді ұсыну арқылы ел тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарау міндетін қойып отыр. Елімізде білімді, көзі ашық, ұлтжанды азаматтар аз емес. Президенттікке кандидат болғысы келетіндер де әрқашан табылады. Мәселе билікке ұмтылуда емес, саяси салмақта. Алдағы сайлау – бұл жай ғана президентті таңдау емес, жалпы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі позициясы мен ішкі саясатының бағыттарын анықтауға бағдарланған саяси қадам болмақ, – деп атап өтті Ардагерлер бірлестігінің төрағасы.
Сондай-ақ Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстанда қабылданған реформалардың іске асуын сөз етті.
– Соңғы уақытта Мемлекет басшысының қабылдаған реформалары көптің көңілінен шығып жатқанын өткен референдумға халықтың белсенді қатысқанынан аңғаруға болады. Реформаның жолы ешқашан жеңіл болған емес. Еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Президент Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін, халықтың жаңа сенім мандаты қажеттігін, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятынын және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайын екенін айтты. Президент мандатының ұзақтығын, қайта сайлануға тыйым салынатын жетіжылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Бұл болашақта билікті меншіктеп алудың кез келген əрекетінің алдын алады. Осы реформалар ойдағыдай іске асқан сайын, ел азаматтарының əл-ауқаты көтеріле түседі. Мемлекетіміз үшін маңызды саяси науқанға біз, ардагерлер үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазіргі уақытта Президенттің ұсынған реформаларын қолдау еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Дүние жүзін жайлаған экономикалық қиындық біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Көршілерімізде болып жатқан шиеленістер, салынған санкциялар, түрлі шектеулер Қазақстанның экономикасына да әсер етпей қоймайды. Сол себепті Мемлекет басшысының саясатына қолдау көрсетіп, қоғам дамуындағы өзгерістердің мән-жайын халық арасында түсіндіру – ардагерлердің негізгі міндетінің бірі, – деді ол.
Съезде өңірлерден келген Ардагерлер кеңесінің өкілдері де сөз алып, пікір білдірді.
– Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде, сайлау науқанының қатаң түрде заңға сәйкес, әділ әрі ашық өтетініне кепілдік беретінін жариялап, барша азаматтарымыздың жауапкершілікті сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстауға шақырды. Алайда кезектен тыс президент сайлауының өтетін күні белгіленгеннен бастап ел арасындағы рухани құндылықтарымызды өрістетудің орнына, араздық құралдарын пайдаланып, іріткі салушылар қарқыны белең алуда. Қазір белгілі бір топтар, олардың жандайшап белсенділері, облыс орталықтарын аралап, жалаң сөзбен, бос уәдемен кеуделерін соғып, күні бұрын мен президенттікке өтемін деп, байбалам салып жүргендер де бар. Олардың көпшілігі жеке басының сойылын соғып, жеме-жемге келгенде жалған белсенді болып шыға келеді. Әрине, халықтың ақ пен қараның жігін дәл ажырата білетініне сенім мол, – деді Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов.
Ал Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы «Азамат – бизнес – мемлекет» үштігін қайта құру мәселесіне тоқталды. «Бұл үштік байланыста мүмкіндіктер теңдігі мен барлығына әділдік орнату міндеті тұр. Сонымен қатар бұл Жолдау азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өткім келеді. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерін күнкөріс деңгейінен 70 пайызға дейін, ал ең жоғарғы мөлшерін 120 пайызға дейін біртіндеп ұлғайту, сондай-ақ Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасын дайындау және іске асыру туралы бастамасы үлкен әлеуметтік-экономикалық маңызға ие. Жолдау елдің саяси жүйесін толық өзгертеді. Қоғамдық игіліктердің жоғары деңгейіне және халықтың әлеуметтік осал топтарына, соның ішінде зейнеткерлерге қолдау көрсетуге кепілдік берілді. Жолдау экономикалық перспективаларды тек нығайту ғана емес, оларды кеңейтуде әлеуметтік институттарды дамытуға шақырады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының осы жылы президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу, президент мандатын бір реттік және 7 жылмен шектеу туралы ұсыныстарын ерекше атап өткім келеді. Бұл ұсыныс Президенттің демократия қағидаттарын ұстануының, Қазақстанның тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етудің көрнекті үлгісі болып табылады», деді Ақан Бижанов.
Ардагерлердің кезектен тыс съезіне 100-ге жуық делегат қатысты. Олардың барлығы алдағы президент сайлауына үміткер ретінде бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.