Әдебиет • 03 Қазан, 2022

«Абай жолы» романы әзербайжан тілінде жарық көрді

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы Алматы қаласында өтіп жатқан Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған «М.О. Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында «Абай жолы» роман эпопеясының әзербайжан тіліндегі жаңа басылымын таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Абай жолы» романы әзербайжан тілінде жарық көрді

Алғаш рет роман 1954 жылы бауырлас әзербайжан тілінде аударылып, Баку қаласында жарық көрген еді. Биыл Түркі академиясы «Абай» романын толықтай қазіргі әзербайжан әліпбиіне түсіріп, заңғар жазушының 125 жылдық мерейтойына орай басып шығарып отыр.

Әзербайжан оқырмандарымен қайта қауышқан роман-эпопея Әзербайжан Республикасының кітапханалары мен ғылыми ұйымдарына таратылады.

Айта кетсек, романда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі арқылы қазақ халқының кеңестік кезең қарсаңындағы бүтін бір дәуірі жан-жақты бейнеленген. Аталған туынды әлемнің 120-дан астам тіліне тәржімаланған.

«Достық үйінде» өткен алқалы жиынға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушының ұлы Мұрат Әуезов, Халықаралық Түркі академиясының Тұрақты хатшысы Асхат Кесікбаев, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, көрнекті фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов,  «М.О. Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының  директоры Дияр Қонаев, Ф.М. Достаевский әдеби-мемориалдық музейінің директоры Наталья Ашимбаева,  Низами атындағы Педагогикалық университетінің профессоры Қалдыбек Сейданов, Баку Славян университетінің профессоры Низами Мамедов, Печ университетінің профессоры Валентина Вегвари, сонымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей және басқа елдердің жетекші ғалымдары, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты.

е