
Осы орайда заңгерлер қауымдастығы «Адал сайлау үшін» штабын құрып, сайлау науқаны кезінде конституциялық реформа, Президент сайлауының ережелерін заң тұрғысынан түсіндіріп, халыққа құқықтық қолдау көрсетуді мақсат етіп отыр.
«Президент сайлауы туралы конституциялық заңдар бойынша азаматтарымыздың сұрақтарына жауап беруге дайынбыз. Олар біздің Қазақстан заңгерлер одағының сайты арқылы сұрақтарын жолдай алады. Барлық сауал жауапсыз қалмайды, уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Сонымен қатар Заңгерлер одағы барлық заңгерді, тіпті одақ құрамына кірмейтіндерді де осы жұмысқа белсене араласуға, яғни Президент сайлауы туралы заңды халыққа барынша кең ауқымда түсіндіруге шақырады. Бұл – біздің басты міндетіміз», деді «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Ақылбай.
Арнайы штабтың құрамында әзірге 7 адам бар, штаб төрағасы болып С.Ақылбай сайланған. Сондай-ақ барлық облыс орталықтарында штаб өкілдіктері құрылады. «Адал сайлау үшін» штабы – мемлекет меншігінде тіркелмеген қоғамдық ұйым. «Біз халық сайлауға қатысты құқығын білсе дейміз. Сайлаудың жалпы заңға сай өту жолдарын, талаптарын қарапайым тілмен жеткіземіз, түсіндіреміз», деп қосты штаб төрағасы.
«Адал сайлау үшін» штабының өкілдері байқаушылар, сайлау комиссиясының мүшелері және құқық қорғау органдарының өкілдеріне сайлау өткізу рәсімдері туралы әдістемелік нұсқаулықтар дайындайды. Бұған қоса сайлау қорытындылары бойынша байқаушыларға құқықтық көмек көрсетуді қоса алғанда, олардың штабына заңды қолдау көрсетеміз», деді заң ғылымдарының докторы, профессор, одақ мүшесі Индира Әубәкірова.