Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

Қыс кезеңіне жан-жақты дайындық

312 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының іргесіндегі елді мекендерде инфрақұрылым мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Коммуналдық мәселелердің шешімін табуына мегаполистің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 2025 жылға дейінгі қаланың даму жоспары оң септігін тигізуде. Оның үстіне республиканың үшінші қаласы атанған Шымкентті заман талабына сай үлкен мегаполис ретінде көркейту бүгінгі басты міндетке айналып отыр. Осыған байланысты қала билігі қазіргі таңда барлық күш-қайратты шаһардың инфрақұрылымын жақсартуға жұмсап жатыр.

Қыс кезеңіне жан-жақты дайындық

Мәселен, Абай ауданына қарас­ты Ынтымақ-2 шағын ауданы­ның Батыс бөлігін алып қарауға болады. Бұл елді мекенде ресми дерек бойынша 2 071 үй орналасқан. Қала шетінде болғандықтан осы күн­ге дейін инфрақұрылыммен қамту мәселесі өте өзекті болып келді. Жер­гілікті әкімдік жоспарына сәйкес қазіргі таңда мұнда газ, су, жол, жарық мәселесін біржолата шешу мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмысты нақты көзбен көру үшін шаһар басшысы М.Әйтенов аталған елді мекенге арнайы барып, нысандардағы құрылыстың сапасын тексерді. Сонымен бірге жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың коммуналдық және басқа да мәселелері бойынша өтініш-тілек­терін тыңдады. Айта кету керек, елді мекенді сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары жоғары қарқынмен атқарылуда. Осы мақсатқа орай мердігер компания «Туран Энерго групп» ЖШС электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында құрылысты қолға алып, кестеге сай өз уақытында аяқтауды жоспарлап отыр. Ал тағы бір мердігер компания «Энерго ресурс Шымкентгаз» ЖШС болса, елді мекен аумағында газ құбырларын тартумен айналысуда. Аталған екі нысанның да құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Содан соң жоспар бойынша абоненттеу жұмыстары басталады. Міне, осылайша инфрақұрылыммен қамту ісі толығымен аяқталғаннан кейін аталған шағын аудан тұрғындары сапалы газ бен электр қуатына қол жеткізеді.

Ал шағын ауданның көшелерін асфальттау жұмыстары келесі жылдан бастап кезең-кезеңімен бойынша жүзеге асырылады. Қазір онда 22 көше болса, соның 4-і ғана асфальтталған, қалғандарынан 15 жолға тас төселсе, 3-і топырақ жол. Шағын ауданда тұратын халық балаларын осындағы 1 мектепте оқытса, балдырғандар 3 балабақшада тәрбиеленеді. Ендігі ретте елді мекеннің Батыс бөлігінен 900 орынды зәулім мектеп салу үшін 2,46 гектар жер телімінің құжаты ресімделді. Мұнымен қоса қазір жобалық-сметалық құжаттамасы да әзірлену үстінде. Өткен жылы тұр­ғындардың пайдалануына 1 спорт алаңшасы берілген. Әкіммен болған кездесуде тұрғындар шағын ауданда біраз жыл проблема болып келген кейбір тұрмыстық мәселе­лердің шешімі табылғаны үшін шаһар басшысына алғысын білдіріп, өзге де мәселеге қатысты арыз-шағымдарын жеткізді.

Мәселен, ауыл биі Ә.Балғабай­ұлы­ның айтуынша, бұрынғы кезде белсенді ретінде тұрғындардың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізу үшін көп жерге барыпты. Алайда нәтиже­сі аз болатын. Тек соңғы екі жыл­дан бері жергілікті әкімдікпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірге қоян-қолтық жұмыс істеудің нәтижесінде халықтың өтініші ескеріліп, талап-тілегі дер кезінде орындала бастады. Соның бір айғағы, қолға алынып жатқан инфрақұрылымдық жұ­мыстар. Ендігі жерде шағын аудан тұр­ғындарына жолдар асфальтталып, сапалы электр энергиясын тұтынатын күн де жақын қалды.

о

Осы ретте халықты мазалаған мәселелердің таяу арада оң шешімін табуы үшін әкімдік тарапынан арнайы хаттама толтырылып, оларды орындау тікелей тиісті сала басшыларына тапсырма ретінде жүктелді.

Сонымен бірге Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенін инфрақұрылым жүйелері­мен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар қарқын алған. Мұндағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыс­тарын қала әкімінің өзі барып арнайы көріп қайтты.

Айта кету керек, тұрғын алабына былтыр толық оптика желісі тартылып, соның нәтижесінде сапалы интернетпен қамтылды. Бұдан бөлек өткен жылы тұрғындар ауыз су мен жарыққа жүз пайыз қосылды. Ал «көгілдір отынмен» осы жылдың аяғына қарай қамтылатын болады. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы бітіп қойған. Екі мың адамнан астам халық тұратын Көкбұлақтағы тағы бір өзекті мәселенің бірі – жолдың жағдайы болып келді. Жөндеу жұмыс­тарының нәтижесінде қазіргі таңда 9 көшенің бесеуіне тас төселіп, төрт көше асфальтталды. Жалпы, өткен жылы 6 шақырым жолға шағал тас төселді.

Енді келесі жылы Ағыбек ата, Үркінбай ата, Жомарт ата секілді көше­лерге асфальт жол түседі. Ал 2024 жылы Маңлай ата мен Жангелді батыр көшелері асфальтталған, тақ­тайдай тегіс жолға айналады. Қоғам­дық көлік мәселесі шешіліп қойды. Бүгінгі таңда №146 және №180 мар­шрут­тағы автобустар елді мекенге қатынап жүр. Бұдан бөлек, былтырғы мен биылғы жылды қосқанда 3 балалар алаңшасы пайдалануға берілді. Тұрғындардың өтініші бойынша осы жылы Есбол қажы көшесінің 800 метрі жарықтандырылды.

Сонымен бірге Шымкент қала­­­сы­ның әкімі М.Әйтеновтің төраға­­лығымен өткен жиында шаһар­дың жылу беру маусымына дайындық жұмыстары пысықталды. Мәлімет бойынша мегаполисте орналасқан «3-Энергоорталық» АҚ-дағы 2 турбина мен 3 қазандық ағымдағы, ал транформаторлар күрделі жөндеуден өткізіліпті. Қалған 3 бойлерді күрделі жөндеу 82%, қосалқы жабдықтар­ды ағымдағы жөндеуі 95%-ға іске асырылған. Осыған байланысты қал­ған жұмыстар 10 күн ішінде то­лық аяқталмақ. Сонымен бірге «Қуат­жылуорталық-3» МКК-ға қарас­ты 15 жылу қазандығы 13-і қысқы жылу беру маусымына сақадай-сай. 2 қазандықты мекеме мамандары жылу беруге әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек 17 сорғы стансаның 15-і іске дайын тұрса, қалған екеуін реттеу жұмыстары әлі жалғасуда.

р

Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 19,4 шақы­рым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, бүгінде 97%-ға орындалды. 1 987 көпқабатты тұрғын үйдің 93,7%-ы яғни 1 863 үй жылыту маусымына әзір. 124 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту жүйелерін қалыпқа келтіру жұмыстары алдағы күндері аяқталады. Сондай-ақ қалада 484 бюджеттік мекеме бар. Олардың қысқы жылыту маусымына әзірлігі 99%-ды құрайды. Қала тұрғындарының қатты отынға деген қажеттілігі 66 мың тонна болса, бүгінге дейін 114 мың тонна кө­мір тасымалданып, қоймаларда оның 25 мың тонна қоры жатыр. Инфрақұрылым жүйелерінің де да­йын­дығы 90 пайызға жетіп отыр.

Жиын қорытындысында қала әкім­дігі тарапынан қыс мезгілінде тұрақты және сапалы жылу берудің маңыздылығы айтылды. Және де осыған байланысты тиісті сала бас­шыларына есептегі сандық көрсет­кіштерді жіті тексеріп, істен шығу қаупі бар нүктелерді анықтау тапсырылды. Әлі күнге дейін жалғасып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары да жіті қадағалауға алынып, қыркүйектің соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

 

ШЫМКЕНТ