Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2022

Шымкент спортының әлеуеті

252 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары нысаналы индикаторларымен ерекшеленеді. Соның ішінде спорт саласы бойынша белгіленген жоспарды орындау 4 бағытта жүргізіледі. Ең алдымен Шымкент қаласы әкімдігінің алдында дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50%-ына дейін жеткізу мақсаты тұр. Бұл бойынша 2022 жылғы меже 35,9% болса (396 336 адам), нақты іске асырылғаны – 36.2%-ға (402544 адам) жеткен. Яғни жоспар артығымен орындалды деген сөз.

Шымкент спортының әлеуеті

Жауапты сала мамандарының айтуын­ша, стандарт бойынша халық саны 1 мың адамға жеткен аумақта тұрғындарға ар­на­лып спорттық инфрақұрылымдар салынуға тиіс. Осы талапқа сай спорттық ны­санмен қамтылу биыл 51%-ға жос­парланса, (39 243 шаршы метр) көзделген мақсат то­лығымен іске асып отыр.

Екіншіден, жергілікті әкімдіктің ал­дын­да тұрған тағы бір басты міндет – дене шы­нықтыру және спортпен жүйелі түрде ай­на­лысатын және оған медициналық тұрғыдан ешқандай қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар санын арттыру. Осыған сай биылғы жоспар 11,5% құрап, (1810 адам) тапсырма жүз пайыздан асыра орындалды. Сонымен бірге жастарды спортпен қамту (14-18 жас) мәселесі де әкімдіктің негізгі жұмыстарының қа­та­рын­да тұрған шаруа. Осыған байланыс­ты биыл 32 647 адамды спортқа тарту көз­дел­се, нақты орындалғаны 45 мың адам­нан асты.

Өз кезегінде Amanat партиясының «Өз­герістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының спорт саласына қатысты 6 индикатор көр­сет­кіші бекітілген. Аталған индикатор көрсеткіштері рет-ретімен жүзеге асып келеді.

Мәселен, бағдарламаның 39-тарма­ғын­да елордада, барлық облыс пен рес­публикалық маңызы бар қалаларда және ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерін жаң­ғырту тапсырмасы берілген. Бұған сәй­кес биыл қаладан 57 спорттық секция ашу қарастырылған болатын.

Бүгінде 91 спорттық секция өз жұмы­сын бастап, онда 3 760 бала тұрақты түрде спорт­пен шұғылданып жатыр. Яғни ме­же­­ленген жоспардың артығымен орын­дал­ғаны анық көрініп тұр.

Енді спорт саласында мегаполистің жет­кен жетістіктері туралы баяндасақ, мы­­салы ұлттық және ат спорт түр­лері бойынша кешенді спорт клубында 1-конкур бөлімі ашылып, қазір онда 16 спортшы шұғылдануда. Сол секіл­ді №16 олимпиадалық резервтің маман­дан­ды­рыл­ған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 3-батуттық гимнастика бөлімі жаңадан жұмысын бастап, 29 гимнасшы сонда жаттығып жатыр. Бұдан бөлек, жан басына шаққанда қаржыландыру бағ­дар­ла­масы аясында 87 спорттық секция өз қызметтерін ұсынып, соның шеңберінде 3 715 бала спортпен тұрақты шұғылдануға мүмкіндік алды.

Ал жоғарыда аталған сайлауалды бағ­дарламаның 138-тармағында бала­лар-жасөспірімдер спорт мектеп­тері мен олимпиадалық резервтің маман­дан­­дырылған мектеп-интернат-кол­ледж­­­дері мен спорттағы дарынды бала­ларға арналған мектеп-интернаттар жат­тықтырушы-оқытушыларының жала­қы­сын 2 есе ұлғайту белгіленген.

Осы талапты орындаудың нәтижесінде 16 балалар-жасөспірімдер спорт мектеп­те­ріндегі 976 жаттықтырушы мен оқы­ту­шы­лардың 2021 жылы айлық жалақысы 1,5 есеге өссе, биыл 1,75 есеге жоғарылаған. Айталық, жаттықтырушы-оқытушылардың ең төменгі жалақы мөлшері 2020 жылы – 72 258 теңгені құ­раса, 2021 жылы 108 537 теңгеге кө­те­рілген. Ал 2022 жылы 126 451 тең­геге өсіп отыр. Өз кезегінде жаттық­ты­рушы-оқытушылардың еңбекақысын көбей­ту мақсатында 976 штат бірлігіне рес­пуб­ли­калық бюджеттен 1 315,7 млн теңге қаржы бөлінді.

Сонымен бірге қалалық дене шынық­ты­ру және спорт басқармасына бар­лық спорт кешенінде ересектер мен ерекше күтімді қажет ететін балаларға спортпен айналысуға жағдай жасау жөнінде тапсырма жүктелген. 2022 жылға бекітілген жоспар (6 нысан), бүгінде 53%-ға орын­далып отыр.

Тарқатып айтар болсақ, 8 спорттық нысанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ың­ғайлы жағдай қарастырылған. Олардың қатарында Жоғары спорт шеберлігі мек­тебі, Көркем гимнастика спорт кешені, №12 спорт мектебінің спорт кешені, №1 спорт мектебінің спорт кешені, World class, Royal club, Касиет, Мадейра спорт кешендері бар. Қазіргі таңда мегаполистің спорт нысандарында 1861 мүгедектігі бар азаматтар спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанып отыр. Ол жалпы спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімі жоқ 15 644 адамның 11,9 %-ын құрайды.

а

Басқармаға жүктелген тағы бір тап­сыр­маға сәйкес, дене шынықтыру және спортпен шұғылданушы жалпы халықтың арасынан ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесін 2022 жылы 3,8% немесе 15 060 адамға жеткізу тиіс-тін. Қазіргі уақытта нақты дерек бойынша 15 322 адам ұлттық спортпен айналысып жатыр. Яғни межеде көрсетілгендей, ұлттық спортқа ден қойған споршылар үлесі жалпы дене шынықтырумен шұғылданушылар үлесінің 3,8%-на жетіп отыр. Мәселен, бүгінгі таңда Шымкент қаласының ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубында 922, білім беру мекемелеріндегі тоғызқұмалақ бөлімдерінде 11 256, Ат спорты федерациясында 2894 және қазақша күрес федерациясында 250 адам ұлттық спорт түрлерімен айналысып жатыр.

Сондай-ақ спортты жанына серік еткен азаматтар қатарын көбейту де жергілікті әкімдіктің атқаратын басты шаруасының бірі болып саналады. Бұл бойынша 2022 жылғы жоспар – 35,9%-ға жетуге тиіс. Дәл қазіргі таңда жалпы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 402 544 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 36,2%-ын құрап отыр.

Ұлттық «Рухани жаңғыру» жобасында спорт саласына қатысты «Жастарды спортпен қамтамасыз ету (14-18 жас)» жөнінде арнайы көрсеткіш бекітілген. Осыған байланысты биылғы жылы – 32 647 баланы спортқа қатыстыру міндеті тұрса, нақты сан – 45 940 адамға жетіп, аталған жоспар күтілген межеден де асып түсті. Статистикалық дерекке назар аударсақ, қалада 14-18 жас аралығында 79 500 жас бар. Соның ішінде жалпы білім беру мекемелерінде – 33 106 оқушы, 7 жоғары білім беру мекемесінде 7106 студент, орта арнаулы білім беру мекемелерінде 5728 студент спортпен тұрақты түрде айналысады.

Спорттық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша да тындырымды тірлік көп. Былайша айтқанда, Шымкент қаласында 2021 жылдың II жарты жылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы сәтті іске асырылып келеді.

2022 жылы жан басына шаққандағы қар­жыландыру жобасы негізінде мемле­кеттік спорттық тапсырысты іске асыру бағытында жергілікті бюджеттен 2 323 млн теңге қаржы бөлінген-ді. Соның аясында спорттық секцияларға 14 000 баланы немесе 4-пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 16%-ын қамту жоспарланған болатын.

Бүгінде мемлекеттік спорттық тап­сырысты жан басына нормативтік қар­жыландырудың платформасына 130 кәсіпкерден өтінім келіп түсіп, оның 96-сы білік­тілік іріктеуден өтіп, оң шешімдерін алды.

Қазіргі таңға дейін мемлекеттік спорт­тық тапсырыс бойынша ата-аналар тарапынан балаларын 22 спорт түрі бойынша (186 спорттық секцияда) үйірмелерге беру үшін жалпы саны 21 286 өтініш қабылданып алынды. Соның нәтижесінде, 14 230 баланың ата-анасымен арнайы келісімшарт жасалды. Оған сәйкес балалар жан басына қаржыландыру бағ­дар­ла­масы бойынша баскетбол, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, каратэ, таэк­вондо, жүзу, үстел теннисі, футбол, шах­мат, көркем гимнастика, волейбол, пауэрлифтинг, қазақ күресі, футзал, теннис секілді спорт түрлерімен тегін айналысады.

Сондай-ақ аталған жобаның көмегімен 264 жаттықтырушы және 150-ге жуық басқа да қызметкерлер тұрақты жұмыс­пен қамтамасыз етілді. Ендігі жерде мем­ле­кеттік спорттық тапсырыс арқылы 2023 жылы 18 мың (20%), 2024 жылы 20 мың (22 %) баланы спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Жоғары спорттық жетістіктер бо­йынша 2022 жылдың 7 айында жеткен нәти­же­лер туралы әңгіме қозғасақ, Шым­кент қаласында жалпы саны 34 спорт­тық ұйым жұмыс істейді. Оның 29-ы мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі болса, қалған 5-еуі мемлекет-жекешелік әріптестігі ая­сындағы спорттық нысандар. Осы спорт мекемелерінде 17 944 спортшы жат­тығады және штаттық кестеге сай 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ аталған ұйымдарда спорттың 71 түрін дамытуға ден қойылған. Ол 38 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері.

2022 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 3 Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 35 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 179 спорт шебері, 261 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама сапына ересектер құрамасына 416, жастар құ­ра­ма­сы­на 268, жасөспірімдер құра­ма­сына 201 спортшы енді.

Сонымен бірге жыл басынан шілде айына дейінгі көрсеткіш бойынша қала спортшылары ел ішіндегі түрлі респуб­ли­калық чемпионаттарға қатысып, 436 алтын, 397 күміс және 412 қола медаль жеңіп алды. Жүлделердің жалпы саны 1 245 медаль болды. Мысалы, Азия чемпионаттарында қаланың жас өрендері 58 алтын, 31 күміс және 50 қоланы қан­жы­ғаларына байласа (жалпы 139 медаль), осы уақыт аралығында Әлем чемпионаттарынан 28 алтын, 16 күміс және 11 қола медальмен (жалпы 55 медаль) табысты оралды.

Дүниежүзілік гимназиада ойындарына да 11 спорт түрінен 23 оғлан жарысқа түсіп, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс және 2 қола медальды олжалап қайтты.

Еуропа чемпионаттарына 2 спорт түрінен 10 спортшы қатысып, 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Кашиас-ду-Сул қаласында /Бразилия/ өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен 70 кило салмақта Рсалы Сабыржан мен 65 кило салмақта Пернеш Шадияр белдесті. Аталған тартысты бәсе­ке­де Рысалы Сабыржан 2 орын иеленіп, еліміз­дің абыройын асқақтатса, Пернеш Шадияр 5-орыннан көрінді.

Шымкент қаласында биыл өткізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып өтсек, әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша спорт түрлерінен 27 қала чемпионаты ұйым­дастырылды. Бұл чемпионаттарға барлық саны 1 800 спортшы қатысты. Бұдан бөлек, қалада түрлі спорттан Қа­зақ­стан Республикасының 26 чемпионаты жалауын желбіретті. Аталған іс-шараларға еліміздің барлық өңірінен жат­тықтырушыларды қосқанда 10 мың­нан астам спортшы бақтарын сынады. Айталық, теннистен ATP SHYMKENT CHALLENGER 80 халықаралық тур­ни­рі туын көтерді. Осы жарыста 20 мемлекеттен келген 60 спортшы додаға түсті.

Сонымен қатар қала тұрғындары мен әртүрлі сала қызметкерлері арасында 24 бұқаралық спорттық іс-шара қолға алынды. Ол өз кезегінде 11 400 адамды қамтыды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шымкентте басқа да бірнеше спорттық жарыс ұйымдастырылды. Солардың арасынан Жастар лигасын айтуға болады. Жалпы, Жастар лигасы жобасына деген қызығушылық тұрғындар тарапынан жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, аталған жарысқа өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы бірін­шілікте спорттың төрт түрінен қала­дағы 151 орта мектептің 6 мыңға жуық оқушысы жүлделі орынға таласты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауына байланысты мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және саламатты өмір салтын қа­лыптастыру мақсатында Шымкент қала­сының төрт ауданындағы спорт алаңшаларында (қалада жалпы саны - 346 алаңша бар) әр аптаның жексенбі күндері аудан әкімдіктерімен бірлескен «Аула чемпионаттары» ұйымдастырылып келеді. Аталған спорттық іс-шараға 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен атап айтқанда, асық ату, ләңгі тебу, баскетбол добын торға түсіру, футбол қақпасына доп тебу, қыздар арасында секіргішпен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру бойынша сынға түсуде. «Аула чемпионатында» жеңімпаз атанған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысқан барлық балаға арнайы сыйлықтар беріледі.

Бүгінге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында 48 спорт алаң­шасында «Аула чемпионаттары» өткізілді. Оған 3 600-ден астам бала қа­ты­сып, 120-ға жуық спорт сала­сы­ның мамандары жұмылдырылды. «Аула чем­пио­натын» жыл соңына дейін шағын ауд­ан­дардағы спорт алаңшаларында (әр ауданда 32 алаңша орналасқан) өткізу жоспарда бар.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бұ­қа­ралық спортты дамыту және насихат­тау мақсатында 2022 жылдың мамыр айынан бастап «Қолжетімді спорт» жобасын Шымкент қаласында іске асырып келеді. Аталған жоба мегаполистегі 4 саябақта (Орталық, Жеңіс, Метал­лур­г­шілер саябағы және Абай саяба­ғын­да) ұйымдастырылуда. Онда 12 жат­тық­ты­ру­шы қала тұрғындарына спорттың 4 түрін үйретіп (скандинавиялық жүріс, үстел теннисі, каратэ, фитнес) сол бо­йын­ша арнайы жаттығу жұмыстарын жүр­гізеді. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев жобаның басты артықшылығы тұрғындар спорт секция­ларына тегін қатысуға мүмкіндік алады, оқытуды білікті нұсқаушылар мен жаттықтырушылар жүргізеді, жаттығу уа­қыты жұмыстағы адамдар үшін өте ың­ғайлы, сабақтың ұзақтығы 1,5 сағат уа­қытты алады және ешқандай жас ерек­ше­лігіне шектеу жоқ деді.

Шымкенттегі спорттық додалардан Қа­зақстан Республикасы Президенті жа­нын­дағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры» қоғамдық қорының ұйымдас­ты­руы­мен болған Tartyl Fest белтемірге тартылу бойынша бесінші республикалық спорт фестивалін атап өтуге болады.

Осы спорт фестиваліне 2 085 қа­ты­су­шы онлайн тіркеліп, 624 адам мықты екенін дәлелдеу үшін жарысты. Бәсеке нәти­же­сінде шымкенттік Азамат Сапар бел­те­мірде 41 рет тартылып, рекордты жа­ңартты. Бір айта кетерлігі, сынға түс­­кендер арасында зейнеткерлер мен мүге­дек­тігі бар жандар және қыздар да болды. Ал жарыстың ең кішкентай спортшысы 7 жасар Мадихан Қажымұқан 13 рет тартылып, ұйымдастырушылардың арнайы сыйлығына ие болды. Сонымен 10 шілде мен 8 қыркүйек аралығында өткен спорттық іс-шара еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылып, әр өңірден 27 жеңімпаз анықталды. Олар өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға қатысатын болады. Бас жүлдеге берілетін сый 54 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ Гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.

Қаладағы спорттық инфрақұрылым мә­селесі ойдағыдай шешімін тауып ке­леді. Бұқаралық спорттың дамуы қа­жет­ті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Қазіргі уақытта қала бойынша спорттық нысандар саны 933-ке жетті.

«Биылғы бюджет есебінен қаламызда 3 спорт нысанының және жеке инвес­тор­лар арқылы 4 спорт ғимаратының құ­ры­лыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұған қосымша 38 спорт алаңшасын пай­да­ла­нуға беру жоспарлануда. Атап айт­қан­да, Абай мен Қаратау аудандарында әр­қайсысы он-оннан, Әл-Фараби мен Еңбекші аудандарында тоғыз-тоғыздан спорт алаңшасы салынбақ.

«Шымкент қаласындағы «Металлург» стадионын реконструкциялау» құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 2020 жылы басталған стадион құрылысы биыл пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта, спортшылар үйінің құрылысы жүз па­йыз аяқталды. Ал үлкен спорт залдың қаңқасы тұрғызылып, қабырғалары қалануда. Әкімшілік ғимараттың да құрылысы 90% аяқталып, тек ішкі әрлеу жұмыстары қалды. 1 504 орынға арналған көрермендер трубинасының құрылыс жұмыстары 80% орындалды. Футбол алаңының жер жұмыстары да аяқталу үстінде тұр. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында №12 спорт мектебінің қосымша корпусы салынып жатыр. Аталған нысан бұйыртса, осы жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда ғимараттың құрылыс монтаждау жұмыстары атқарылуда.

Сонымен бірге Бозарық-3 шағын ауда­нында қалалық №20 спорт мектебі жас спортшыларға есігін айқара ашпақ. Биыл наурыз айында басталған бұл құ­ры­лыс нысанын салуға осы жылы 90 млн теңге бөлініп, қаражат толығымен иге­рілді. Спорт мектебінің құрылысы 2023 жылға өтпелі, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев.

Сонымен бірге қалада «Отау Строй» компаниясының есебінен үстел теннисіне арналған спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Жаңа теннис корты биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Бүгінгі таңда 12 үстел теннисі жабдығына тапсырыс беріліп, ол шамамен бір ай көлемінде жеткізілетін болады.

Ал елімізге белгілі құрылыс компа­ниясы BI Group болса қалада ірі құ­ры­лыс нысанының бірі ипподромның іргетасын қалауда. Бүгінгі таңда атшабар кешенінің төбесі жабылып, бәйге алаңы тегістеліп, арнайы төсеніштер төселіп жатыр. Сондай-ақ заманауи үлкен атқора салынып, ішкі әрлеу-сырлау жұмыстары бітудің аз-ақ алдында тұр.

Қаладан бой көтеріп жатқан тағы бір нысанға тоқталсақ, SPORT LIFE футбол орталығының құрылысы мега­­полистің Орынбаев пен Ғ.Ильяев көше­ле­­рінің қиылысында орналасқан. Аталған спорт орталығында 4 футбол ангары болады. Осы аталған спорттық нысандар құ­ры­лысы аяқталған жағдайда қосымша 43 346 шаршы метр жаңа спорт ғимараттары пайдалануға беріліп, қаланы спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші 56,6%-ға жететін болады.