Қазақстан • 09 Қыркүйек, 2022

11 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 11 165 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

11 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Министрлік мәліметінше, 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 99,1 мың этникалық қазақ оралды. Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (69,6%) Өзбекстаннан, 10,5% – ҚХР-дан, 7,1% – Түркіменстаннан, 4,6% – Моңғолиядан және 8,3% - басқа елдерден келген.

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,8%), Маңғыстау (17,2%), Түркістан (9,4%) және Жамбыл (6,8%) облыстарында, сондай-ақ Алматы (5,9%), Нұр-Сұлтан (7,5%) және Шымкент (7,6%) қалаларында қоныстанды.

Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 59,5%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 27,1% - ды және зейнеткерлер 13,4% - ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 12,3% - ы жоғары білімді, 38,9% - ы арнайы орта білімді, 47% - ы жалпы орта білімді және 1,7% - ының білімі жоқ.

Қазақстан аумағында қандастарды тиімді қоныстандыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, республикаға визалық режимдегі елдерден келген қандастарды қабылдау, қоныстандыру және бейімдеу бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының қадамдық алгоритмін әзірледі.

Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша осы алгоритмге сәйкес Түрікменстаннан келген 741 этникалық қазаққа тұрақты тұру үшін нақты өңірді көрсете отырып, тиісті визалар берілді.

Бүгінде Түркіменстаннан келген 666 этникалық қазақ жоғарыда көрсетілген визалар негізінде мемлекеттік шекарадан өтті. Оның ішінде 59 адам Павлодар облысына келді, 162 адам жұмыс күші тапшы басқа өңірлерге қоныс аударуға келісті, 45 адам Маңғыстау облысына қоныстандыру үшін өтініш берді (негіздемелері бар). Қалған этникалық қазақтар бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде.