22 Мамыр, 2010

ҚОНАҚБАЕВ ТУРНИРІ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

543 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақтөбе қаласындағы “Қоныс” спорт са­райында Олим­пиялық ойындардың күміс жүл­дегері, Әлем кубогының екі дүркін иегері, екі мәрте Еуропа чемпионы, КСРО-ға ең­бегі сіңген спорт шебері Серік Қонақ­баев­тың жүлдесі үшін бокс­­тан XVІІІ халық­ара­лық турнир салтанатты жағдайда ашылды. Бокс десе ішкен асын жерге қоятын жан­күйерлерді, турнирге қатысушыларды Ақ­төбе облыстық бокс федерациясының пре­зиденті, Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады. Турнирге қатысушылар мен көрер­мен­дерге айтулы спорт саң­ла­ғы, қазіргі Пар­ла­мент Мәжілі­сінің депутаты Серік Қонақ­баев жылы лебізін арнады. Осындай шарадан үміт кемесіне отыратын жас ұрпақ­тың бой­ында спортқа деген қы­зы­ғушылық туаты­нына қуаныштылы­ғын жасыр­мады. Күні ертең-ақ Ақтөбеден де “сен тұр, мен атай­ын” саңлақ боксшылар қаулап өсіп шы­ға­тынына, әлем чем­пионы Галиб Жафаровтың ізбасарлары бұрынғыдан көбейе түсетініне сенім артты. Өзінің атындағы турнирдің еліміздің өңірлерінде кезектесіп өткізілуінің мақсаты да осы екенін жет­кіз­ді. Осылай жал­пы спортты, соның ішінде боксты наси­хат­тай отырып, жастарды саламатты өмір сал­тын ұстануға молынан тарту керектігін мәлім­деді. Бокстан өтіп жатқан халық­ара­лық жа­рыстың бас төрешісі Валерий Лаптев кез­де­сулер кезінде қиянат болмай­ты­нына сендірді. Турнирдің салтанатты ашылуы­нан соң алдын ала жекпе-жектер жалғасты. Финал­дық кездесулер сенбі күні өткі­зіледі. Мұнда Қа­зақстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Ар­мения, Түркіменстан, Өзбек­стан, Украина­ның, сондай-ақ Қа­зақ­стан­ның барлық об­лыстарының құрама командалары қа­ты­суда. Жарыстың жүлделік қоры 110 мың дол­ларды құ­рай­ды. Тур­нирдің демеушілері – “Тассай” сауда белгісі, “Ди­на” супер- марке­ттер желісі және “Кеңес” жиһаз үйі. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
Соңғы жаңалықтар